Бір мақтау, бір сын: Alatau city жобасы үмітті ақтай ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамырда Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Бұрынғы Алматы облысы 2022 жылы екіге бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына көшкен. Содан бері өңірді Марат Сұлтанғазиев басқарып келеді. Президент осы жолғы сапарында Сұлтанғазиевтің жұмысына бір мақтау мен бір сын айтты.
Тоқаев жұмыс сапарын Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан бастады. Өйткені билік «елдегі ең маңызды стратегиялық жоба» деп атап жүрген Alatau City-дің даму барысына баға беретін кез жетті. Алматы мен Қонаев қаласының ортасында су жаңа мегаполис салынатыны 2024 жылдың басында айтылған. Сол кезде билік Алматыдан 70 шақырым жерде орналасқан Жетіген ауылын Алатау қаласы деп бекітіп, облыстық маңызы бар қала мәртебесін берген. Кейін «Қарқынды дамитын қала» деген статус берілді. Ал биыл «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды.
Бірақ көпшілік «қала қағаз жүзінде ғана дамып жатыр» деп санайды. Қаланың адам қызығарлықтай эскизі сызылып, мәртебесі бекітіліп, арнайы заң қабылданғанымен, іс жүзінде жасалып жатқан жұмыс көп емес. Яғни қағаз жүзінде бәрі тамаша – жоспар мінсіз, заң дайын. Ал көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын өзгеріс аз, ауылды қалаға айналдыру жұмысы тым баяу жүріп жатыр. Жетігеннің аты ауысқанымен, заты ауыл күйінде қалғанын көпшілік көріп отыр. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі «ештеңе өзгерген жоқ, қалалық екенімізді әлі сезіне алмадық» дегенді айтады.
Әрине, екі жылда еңселі қала салу ешкімнің қолынан келмес. Халық та «бәрі бірден керемет болмады» деп отырған жоқ. Ел арасындағы басты түйткіл – мінсіз жоспар мен шынайы жағдайдың арасындағы алшақтықта. Жоспар бойынша, Алатау қаласы жаһандық стандарт бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналуы тиіс. Қалада 2 миллионға жуық адам қоныстанып, Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ірі экономикалық орталық болады. Сондай-ақ Alatau City елдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады.
Билік «Алатау Қытайдың Шэньчжэнь қаласы сияқты керемет жоба болады» дегенді жиі айтады. Мысалы, облыс әкімі М.Сұлтанғазиев журналистерге берген сұхбатында «Сингапур сияқты заманауи қала саламыз» деген. Бірақ екі жылдан бері атқарылған жұмыстарға қарасақ, Алатаудың жұрт күткендей сәтті жүзеге асып, Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық хабқа айналатынына ешкім кепілдік бере алмайтын сияқты. Ресми дерек бойынша, әлемдегі осындай жобалардың 60 пайызы сәтсіз аяқталған екен. Демек, қала болашағына қатысты күмән-күдік орынды деуге негіз бар.
Біз бұған дейін шенділерден Алатау қаласы жайлы тек позитивті әңгіме еститін едік. Бәрі бірінен-бірі асып түсіп, Алатаудың алып шаһарға айналатынын, ондағы ел-жұрт ертегідегідей өмір сүретінін айтудан жалыққан емес. Тіпті қалаға инвестиция салуға Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты ірі елдер ынта танытты, Alatau City-ді инвесторлардың қаржысына салып шығамыз деп желпінгендер көп болған.
Бірақ президент Тоқаевтың осы жолғы сапары бәрі біз ойлағандай оңай емес екенін аңғартты. Президент өз сөзінде қала үшін қажетті құқықтық негіз қалыптасқанын айтты, бірақ арнайы құқықтық режимнің өзі автоматты түрде табысқа кепіл болмайтынын ескертті. Ол дәл осындай жағдай жасалса да, сәтсіздікке ұшыраған арнайы экономикалық аймақтар бар екенін тілге тиек етті. Бірақ Тоқаев Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон сияқты табысқа жеткен жобаларды мысалға келтіре отырып, «біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз» деді.

«Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазір қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деуге болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады», – деді президент.
Мемлекет басшысы жоба тиімді жүзеге асу үшін халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қателік-кемшіліктердің алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ шетелдік білікті мамандарды тарта отырып, реттеу актілерін жылдам дайындау керек екенін айтты. «Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды», – деді.
Сондай-ақ Тоқаев «қаланы инвестор қаржысына саламыз» дегеннің жай үміт екенін де меңзеді. «Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана», – деген сөзі соның дәлелі. Президент инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуды, оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді, халықаралық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды. Ұлттық заңнамада қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік тәжірибені пайдалануды ұсынды.
Президент отандық бизнесті Алатау сити жобасына жұмылдыру туралы да айтты. «Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор. Өйткені Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр. Мұндай жобалардыңбәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды», – деді Тоқаев.
Яғни Алатауды тек шетелдік инвесторлар қаржысына салу мүмкін емес деген сөз. Инфрақұрылым жоқ, қағаз жүзінде ғана салынған қалаға шетелдіктер инвестиция құймасы анық. Демек, әу баста бұл жобаға мемлекет пен отандық бизнес күш салуы қажет. Экономист Жангелді Шымшықов «Жас Алашқа» берген сұхбатында мемлекет үшін ішкі инвестиция аса маңызды екенін айтқан болатын.

«Билік шетелдік инвестицияны көбейту туралы үнемі айтады. Бірақ мұның бізге тиімді екеніне күмән көп. Біздің бұған дейінгі шетелдік инвестициямыздан елге көп пайда келмеді. Мысалы, кей инвестордан мемлекетке қалатын пайда 2 пайыз ғана болатын жағдайлар бар. Инвестициялық потенциал деген болады. Әр мемлекеттің, әр кәсіпорынның инвестициялық потенциалы болады. Әуелі ішкі өз инвестицияңды пайдалану қажет. Содан кейін ғана шетелден инвестиция тарту қажет», – дейді маман.
Президенттің бір сөзі жұрт назарын аударды. Ол қалаға қосылған Жетіген, Қоянқұс сияқты елді мекендердің әлі күнге дейін тұрмысқа қажетті қарапайым жағдаймен қамтылмағанын, электр жарығы жиі өшетінін, интернет, сапалы жол, орталықтандырылған су жоқ екенін айтып, бұл жағдайдың әлемдік деңгейдегі қала салу жоспарына сай келмейтінін атап өтті.
«Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын», – деді Тоқаев.
Біз жоғарыда «президент Сұлтанғазиевтің жұмысына бір сын, бір мақтау айтты» деп едік. Сынағаны осы болды. Сыннан бөлек, облыс әкімі президенттен мақтау да естіді. Бірақ мадақ Алатау қаласына қатысты емес, Қонаев қаласына қатысты айтылды.
«Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі», – деді Тоқаев.
Ресми дерек бойынша, Алатау қаласының ауданы – 88 мың гектар. Шаһар 4 аумаққа бөлінген, олар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен салынады. Қазір Gate City тұрғын үй алабы бой көтеріп келеді. Онда «жайлы мектеп», «Маревен Фуд Тянь-Шань», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сияқты нысандар салынған. Сондай-ақ 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталған, оның жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асады. PepsiCo, Mars Petcare сияқты әлемдік компаниялар жұмысын бастады.
Alatau City жобасын жүзеге асыруға Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан компания тікелей атсалыспақ. Яғни «еліміз үшін аса маңызды стратегиялық жобаны» салу үшін қытайларға жүгінеміз. Алатау қаласына қатысты пікірталаста көпшілік осы түйінге де аса мән береді. Өйткені сарапшылар Қытай инвестициясына тәуелді болу қауіпті екенін жиі айтып жүр. Әлемде Бейжің саясатына қатысты «қарыз тұзағы дипломатиясы» деген термин бар. Қытай билігі алдымен дамушы елдерге инвестиция салып, кейін оны геосаяси ықпал ету құралы ретінде пайдаланған мысалдар аз емес. Билік осыны да естен шығармағаны жөн.
Қуаныш ҚАППАС