Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 03 Сәуір 2024

Бумеранг эффектісі: отандық кинолар нені насихаттайды?

отандық кинолар
Фото:

«Жас Вертердің қайғысы» – Гетені әлем әдебиетінің жарқын жұлдыздарының санатына қосқан тырнақалды туындысы әрі таңдаулы шығармаларының бірі.

Роман 1774 жылы жарық көргеннен-ақ, әсіресе жастар арасында тез танылып, әлемнің 20-дан астам тіліне аударылады. Тіпті Наполеон Бонапарттың өзі Вертердің француз тіліндегі аудармасын ерекше құлшыныспен, 7 қайтара оқығаны айтылады. Дегенмен роман көп ұзамай-ақ тыйым салынған әдебиеттердің қатарына енді. Оған себеп, басты кейіпкердің баянсыз бақыты мен өз қолымен қиған келте тағдырынан соң оқырмандар арасында да өзіне қол салу дерегі жиілей бастайды. 1974 жылы америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филиппс бұл құбылысты «Вертер эффектісі» деп атады. Оның айтуынша, суицид те жұқпалы кесел. Қоғамда осы тақырып қаншалықты жиі қозғалса, соншалықты етек жайып, кең таралатыны байқалған. Әсіресе БАҚ-тағы суицид туралы жаңалықтар, репортаждар, телешоулар, фильмдер мен әдебиеттер оның таптырмайтын насихат құралына айналады дейді.

Осы себепті қазіргі таңда ДДСҰ сияқты суицидке қарсы халықаралық ұйымдардың БАҚ-қа арналған өз нұсқаулықтары бар. Онда өз-өзіне қол жұмсау деректерін жеткізу барысында журналистер мен медиа ұйымдарға сақтау керек негізгі қағидалар бекітілген. Мәселен, орын алған қайғылы оқиғаны жар салып сенсациялауға, егжей-тегжейлі сипаттауға, баға беріп, кінә артуға, қайтыс болған адамның жеке мәліметтері мен фотосуреттерін (жақындарының келісімінсіз) жариялауға болмайды. Оның орнына, керісінше, контекстік және анықтамалық ақпаратты, соның ішінде статистиканы, қауіп факторларын және көмек пен қолдау үшін қолжетімді ресурстарды қамтамасыз ету керек деп көрсетілген.

Кейінгі уақытта сұранысқа ие болып келе жатқан веб сериалдардың негізгі аудиториясы да жасөспірім жеткіншектер. Жалпы онлайн стриминг платформалар арқылы таралатын веб сериалдар цифрлық трансформация дәуірінде кино индустриясына ғана емес, медиа саласына да үлкен құбылыс алып келген жаңалық екенін мойындау керек. Мұндағы бір ерекшелік – цензураның жоқтығы. Веб сериалдардың мазмұны шығармашылық әрі идеологиялық тұрғыда да мейлінше еркін. Осы себепті де мұндай сериалдар көбіне қоғамның боямасыз бет-бейнесін жеткізуге бағытталады. Интернет кеңістігіндегі сериалдар АҚШ-та 90-жылдары түсіріле бастаған болса, елімізде жаһандық пандемия кезінде қарқынды дамыды. Қазір қазақстандық фильмдер мен сериалдардың саны артып, көрермен қатары да көбейіп келеді. Отандық режиссерлердің де өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген.

Жақында режиссер Айтөре Жолдасқалидің Sheker сериалы «Азиялық Канн» жобасының жеңімпазы атанса, Asian contents awards премьерасында үздік веб сериал номинациясын ұтып алды. Sheker сериалы оқуының ақшасын төлеу үшін есірткі саудасына бас тіккен студенттің оқиғасы жайлы баяндайды. Фильм өндірушілері аталмыш сериал арқылы біздегі әлеуметтік шындықты көрсеткісі келгенін айтады. Дегенмен жоғарыда айтқандай, сериал көрермендерінің көбі жасөспірімдер екенін ескерсек, мұндағы дөрекі сөз қолданысын былай қойғанда, зорлық-зомбылық көріністері, есірткі, ішімдік қолданысы мен ашық сахналардың көптігі сұрақ туғызады. Екіншіден, қылмыстық өмірді бүге-шүгесіне дейін баяндап, тіпті есірткі нарығына қалай кіріп, неден бастау керек екенін ашық көрсеткен сериал мазмұнының көрерменге тигізер әсері де екіұдай.

Осындай сериалдардың сапасы, психологиялық әсері туралыпсихолог Балабек Кеніштайұлы былай дейді:

«Қазақстанның кино индустриясын қатты дамыған деп айта алмаймын. Өйткені адами, ұлттық құндылықтар насихатталмайды. Шетелдік киноларда салыстырмалы түрде алсақ, міндетті түрде психолингвистер, нейропсихологтар жұмыс жасайды. Тіпті орыс киноларында да осыған қатты назар аударады. Ал бізде отандық режиссерлердің психологтармен ақылдасып, көмегіне жүгініп жатқанын көрмеппін. Олар мұны қажет деп те есептемейді. Осы себепті лудомания, алкоголизм, наркомания сияқты қоғамдағы мәселелермен күресеміз деп, керісінше, жарнама жасайды. Киноны көргеннен кейін бұл туралы бұрын білмеген жастарды шым-шытырық оқиғалармен қызықтырып, керісінше, жағымды әсер тудырады. Мұны ғылымда «Бумеранг эффектісі» деп атайды.

Бумеранг эффектісі немесеbackfire effectмедианың кері әсер етуін білдіретін психологиялық феномен. Бұл медиадағы белгілі бір хабарламаның күтілген нәтижеге кереғар әсер етуі. Бумеранг әсерін алғашқы боп зерттегендердің бірі орыс психологы Юрий Шерковин ақпараттың кері нәтижелерге алып келуі эмоционалды әсер салдарынан болатындығын айтады. Мысалы, бір нәрсеге тыйым салынса, сәйкесінше, оған деген қызығушылық та арта түседі. Себебі психологиялық реактивтілік теориясына сәйкес, еркіндікті шектеуге тырысу көбінесе кері реакция тудырады. Демек, анти жарнама кейде кәдімгі жарнамадан да әсерлірек болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Sheker сияқты веб сериалдардың насихаты қоғамдағы нашақорлықпен күрес емес, керісінше, есірткі нарығына жасалған сапалы жарнама деуге болады.

Қоғамдық саясат институтының мәліметінше, елімізде соңғы үш жылда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған балалардың саны 20,3%-ға өскен. Ал өткен 2023 жылы 1823 жасөспірім істі болыпты. Олардың көбі (80,4%) 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер болса, 93,6%-ы ер балалар. Ал ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің мәліметінше, синтетикалық есірткіні таратқаны үшін өткен жылы 40-тан астам жасөспірім мен кәмелетке толмағандар ұсталған болса, биылғы жылдың алғашқы бір айының өзінде осындай төрт оқиға тіркелген.

Осы тұста интернет кеңістігінде таралатын кинолар мен өзге де контенттерге цензура қойылуы керек пе деген заңды сұрақ туындайды. Біз кинолардың қоғамға тигізер жанама әсері мен оған цензура қою мәселесі жайлы режиссер Диас Әзімжанның пікірін білген едік. Ол сұрағымызға былайша жауап берді.

«Медиа мазмұнындағы антижарнаманың «бумеранг» әсері туралы алаңдаушылық орынды әрі өзекті деп ойлаймын. Бұл туралы бірнеше зерттеулер бар. Мысалы, Эми Бликлей (Amy Bleakley) мен Морган Эллиторп (Morgan Ellithorpe) зерттеуі. Бликлейдің айтуынша, өмірлік тәжірибе болмаған жағдайда жасөспірімдер көбінесе медиа мен кинодан сабақ алады.

Тағы бір маңызды жайт, кино мен телехикаяларда, қоғамға белгілі бір зияны бар құбылысқа антижарнама жасаймыз деп бастап, сюжет өрбуі барысында, авторлардың сол зиянды романтизацияға ұшыратып жіберуі. Менің ойымша, сыни ойлауы әрі талдау қабілеті толыққанды дамымаған адамдар осы романтизацияның әсерінен зиянды құбылысқа позитивті тұрғыдан қарап, кейіпкерлеріне еліктеп, өздері де сол «кері әсер қақпанына» түсіп қалып жатады.

Ал сол «бумеранг» әсеріне ұшырағандардың санын азайту үшін, мектеп партасынан бастап, балалардың сыни (критикалық) ойлау қабілетін дамытуға бағытталған пәндер енгізу керек. Ал кино және медиа салаларында цензура болмауы тиіс. Кез келген әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқысаңыз, азаматтарымыздың басым бөлігінің сауаттылығы мен ақпаратты тексеру қабілетінің төмендігін байқайсыз. Бұл қауіпті тенденция. Қазіргі тұрақсыз әрі манипулятивті заманда, сыни ойлау мен қатар ғылым мен білім жаппай насихатталмаса, болашағымыз бұлыңғыр.

Ал психолог Балабек Кеніштайұлы елімізде барлық салаларда дерлік психологиялық зерттеулер мен сараптама жүргізетін мемлекеттік құрылым болуы керектігін айтады.

«Қазір бізге Қазақстанда өнер, кино, индустрия, білім сияқты барлық қоғамдық салалардың басын біріктіретін мемлекеттік деңгейдегі психология институты керек. Мектеп оқулығы, университет пәндерін, қоғамдағы жағдайлардың барлығын талдап, зерттеу жүргізетін, қазіргі лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты өзекті мәселелердің алдын алып жұмыс жасайтын орталық болуы керек.

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті Қосқанат Бауыржан

Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б. Рушанова