Бюджет қаражаты қаншалықты қомақты болса, оны игеру соншалықты қиын ба?
Қаржы бөлімінің басшысы бөлінген қаржыны игере алмау себебін қазынашылықтың бағдарлама жүйесіндегі кінәраттан көріп отыр.
Қызылорда қаласының тайқазанына тартылған қаржы қомақты. Жыл басында шаһар бюджеті 69 млрд теңгеге жуық болса, бүгінде 95 млрд-тан асқан. Әрине, қаржының молы жақсы, бірақ бір кілтипан – бөлінген млрд-тар уақтылы игерілмей жатыр. Осыған ашынған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қарамағындағыларды сынға алып, бөлінген қаржы дер кезінде әрі сапалы атқарылсын деген пәрмен берді.
Облыс орталығында жұмыс бағдарлы, қозғалыс бар. Десе де, оның өзі алдын ала бекітілген жоспардан қалыс. Айталық, биылғы сегіз айдың қорытындысымен бөлінген қаражат 97,4 пайыз игерілген, бұл 53 млрд теңгені құрап отыр. Ал жоспарлы меженің толық орындалуы үшін әлі 1 млрд 361 миллион теңге кезегін күтіп жатыр. Жалпы, жұмыстың кешеуілдеуіне не себеп?
– Оның негізгі себебі – өткен айдың соңғы үш күнінде қазынашылықтың есептік бағдарламалық жүйесі ақаумен жұмыс істеді. Күніне 1-2 сағат және түнде ғана жұмыс істеп тұрды. Соңғы күні сағат 11-ге дейін қазынашылықта отырдым, одан кейін қабылдауды тоқтатты, – дейді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейтмахан Айменов.
Қаржы жүйесіндегі уақытша ақау бүкіл жұмыстың көрсеткіші болмайтыны белгілі. Ертерек қам жасар, еті тірі ептілерді жұмысқа салса болмас па екен деген ой туады осындайда.
– Үш күн жұмыс істемей тұр деген сылтау емес. Алдын ала әрекет жасау керек еді. Сонда не, 27-сін немесе 28-ін күтіп отырасыздар ма? Оған дейін неге қадағаламадыңыздар? Қиындықпен келіп жатқан қаражаттың игерілмеуі ұят. Сол себепті жоспарланған қаражат міндетті түрде игерілуі керек, – деді қала әкімі.
Әрине, мемлекеттен бөлінген әр тиын ысырапсыз, уақтылы игерілуі талап. Өйткені қазіргідей жағдайда бюджет бүйірін кеңейтіп, қаржы тарту оңай шаруа емес. Бірақ игерудің жөні осы екен деп, шалағайлыққа салынуға тағы болмайды.
– 100 пайыз заңды түрде игерілуі тиіс. Ертең бір кемшіліктер шығып жатса, айтып жүрмеңдер, «сіз игер дегесін, қайдан білейік, аударып жібердік» деп, бітпеген істің ақшасын болмаса сапасыз жұмыстың қаржысын, немесе келмеген заттың ақшасын аударып жіберіп жүрмеңдер. Міндетті түрде заңды, аяқталған жұмыстардың қаражаты төленуі керек, – деп нықтады Нәлібаев.
Тоғыз айдың қорытындысы әлі тәмамдалған жоқ. Әсіресе құрылыс, жұмыспен қамту, тұрғын үй, білім салаларында кешеуілдеу басым. Сондықтан шаһар басшысы жауаптыларға жеке-жеке пәрмен беріп, мәселеге салмақпен қарауды тапсырды.
Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқындалған жиында бірқатар ауыс-түйіс тағайындаулар да болды. Осыған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Ерлан Бердібаев Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік мүлік, жекешелендіру департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ал екі жылдан бері қала әкімінің көмекшісі, бас инспектор қызметін атқарған Айбек Орманов енді денешынықтыру және спорт бөліміне жетекшілік етпек.