Сараптама

Цойдың циркі немесе «жынысымда жұмысың болмасын»

25 қарашада денсаулық сақтау министрі Алексей Цой гендерлік сәйкестігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру туралы бұйрыққа қол қойды.

Цойдың циркі  немесе «жынысымда жұмысың болмасын»

Енді елімізде заңды түрде еркек әйелге, әйел еркекке ауыса алады деген сөз. Діні мен ділінен алшақтай қоймаған қазақ үшін жаратылысына қарсылық білдіру азғындық екенін алға тартсақ, Цойдың бұл сойқаны желідегі жұрттың министрді жерден алып, жерге салуына түрткі болды. Осы тұрғыда халық наразылығын тудырған заң және үш-ақ күнде Біртановтың орнына отыра кеткен министрдің бекіткен ережесінің ертеңіне зер салмақпыз.

Дәрігерлер үшін – ауру, діндарлар үшін – күнә, қоғам үшін кеселге айналған трансгендердің тағдырын «жомарт» министр тәлкекке салмауды ойласа керек, тыйымды алып тастады.

         Елімізде жыныс ауыстыруға жағдай жасайтын заң әлдеқашан қабылданған. 1999 жылы жыныс ауыстырғаны үшін атын өзгертуге рұқсат берілген. Ал 2003 жылы заңдық нормативтері бекітіліп, 2009 жылы Халық денсаулығы кодексіне сәйкес, ресми түрде жыныс ауыстыруға болатыны туралы заңнама қабылданған. Қоғамдық қауіпке айналған қарекеттің шашбауын енді Цой мырза көтеріп отыр. Жаңа заңға сәйкес, 21 жасқа толған және психологиялық ауытқуы жоқ Қазақстан азаматтары қалаған жынысына қол жеткізе алады.

         Осы тұрғыда психолог, интимдік тренер Салтанат Баймағанбетова «психологиялық ауытқуы жоқ» деген сөздің артық екенін айтады. Себебі гендерлік сәйкестігі бұзылған адамның психикасы да сау емес дейді.

      – Еркектің өзін әйелше немесе әйелдің өзін еркек сияқты ұстауы – денсаулықтағы кінәрат. Бұл жүре қалыптасатын процесс десек болады. Оны дер кезінде байқап, дұрыстап бағыттап, түзетіп жіберуге болады. Трансгендерлердің дені еліктегіш, бейімделгіш адамдар болып келеді. Бұл олардың қалыптасатын ортасына байланысты жүзеге асады. Сондықтан барлығына бала кезінен дұрыс тәрбие беру қажет.

Алдымен ұл-қыздарымыздың киім кигеніне мән беру керек. Жігіттерде сән екен деп, тар балақты шалбар кигізіп, батыстық бағыт деп, сырға таққызып қоюға болмайды. Отбасында ұлдың да, қыздың да тәрбие тізгінін әйелге беріп қойдық. Ұл бала әкенің айбары мен қаһарын көріп өсуі керек. Қыз тәрбиесімен анасы айналысса болады. Қазір ер балалар әкесіне еріп, бұранда бұраудың орнына асүйді айналшықтап жүреді. Ерлікке, азаматтыққа тәрбиеленудің орнына қамыр жайып, тамақ пісірумен айналысады. Бәрі отбасындағы тәрбиеден басталады. Ұлды – ұлша, қызды – қызша тәрбиелеу керек.

Кейбір жағдайда әкесіз, 5-6 әпкесінің ортасында өскен ер балалар қыздардың бұйымына қызығып, қылықтары да өзгере бастайды. Анасы дер кезінде қауіптің алдын алып, баланы күрес, бокс сынды спорт түрімен айналыстырғаны абзал. Қыз балаларды да тура солай – би, гимнастика сынды үйірмелерге беру керек. Кейін баланың қалыптасуына ортасының септігі тиеді. Қандай жағдай болсын ата-ана уақыт өлтіріп алмай, алдын алып үлгеруі керек. Ер намысы бар ұл мен табиғатына сай тәрбиеленген нәзік қыздар бөтен жолға түспесі анық. Жыныс ауыстыруға рұқсат деп, оңай олжамен құтыла салған өте ұят нәрсе. Олар психологиялық ауытқуы бар адамдар. Олармен сіз, біз, мемлекет болып қалпына келуіне көмек көрсетуіміз керек, – дейді психолог.

         Жақында ғана әрекетсіздігі үшін үстінен арыз түскен денсаулық сақтау  министрі Қазақстан медицинасының жыныс ауыстыруға қауқарсыз екенін біле тұра, қабылданған қаулы адам тағдырын таразылау емес пе? Жалпы, ота жасауға отандық дәрігерлердің шамасы жете ме? Өздерінен сұрап көрдік.

                        Дамыған елдерге еріп есіріп отырмыз

         Гинекологтың айтуынша, елде мұндай ота жасауға дәрігерлердің  шамасы жетпейтін көрінеді: «Мұндай отаға рұқсат биыл ғана беріліп жатыр. Осы күнге дейін жекеменшік клиникаларда жасырын түрде жасалып келді десек те болады. Бұл ота екі этаптан тұрады. Біріншісі – гормоналдық өзгерістер. Мысалы, әйел адам еркек боламын десе, алты ай бойы әйел адамның гормонын басатын тестостерон қабылдайды. Гормондар абсолютті қарсы немесе салыстырмалы көрсеткіштер байқатуы мүмкін. Ол ер мен әйелдің жасына, жыныстық патологияларына қарай нәтиже береді. Адам өз болмысын қабылдай алмау себебінен жынысын ауыстырамын деп бекінетіндіктен, ол адаммен алдымен психиатр жұмыс істейді. Егер адамда психикалық ауытқулар жоқ екені дәлелденсе, онда келесі этап – эндокринолог, гинеколог, уролог, психолог мамандарына жолданады. Жасы 40-тан асқан немесе темекі шегетін болса, гормоналды препараттар қанның қоюлануына алып келуі мүмкін. Сондықтан оларды қатаң қадағалау керек. Әйтпесе денсаулыққа өте қауіпті. Егер адамда гепатит, бауыр аурулары бар болса, онда гормоналды таблеткаларды ішуге болмайды. Оны екпе түрінде тағайындайды. Бұл гормондарды олар өмір бойы қабылдауы тиіс.

Екінші этапта ер адам әйел адамға айналу үшін: орхиэктомия – ер адамның жұмыртқа безі алынып тасталады және маммопластика – сүт бездері жасалып, имплант салынады, вагинопластика – ер адамның жыныс мүшесі терісінен қынап істеледі.

Бұл заң дамыған елдердің қатарына қосылу үшін қабылданып жатқан болуы керек. Трансгендерлер біздің қоғамда жоқ деп айта алмаймыз. Соларға билік жағдай жасап отыр. Әлем елдері «Қазақстанда жыныс ауыстыруға тыйым салынған» деп айтпасын деген оймен жүзеге асып отыр деп ойлаймын. Қазақстанда мұндай манипуляция жүргізу, гормондар жазып беретін лицензиясы бар мамандар жоқ. Мысалы, Ресейдің өзін алып қарайтын болсақ, трансгендерлер арасында сауалнама жүргізгенде 50 пайызы «мамандар жетіспейді, гормондарды өзіміз жазып алып, ішіп жүрміз» деп айтқан. Бізде де сондай болмасына кім кепіл? Ал дәрігердің нұсқаулығынсыз гормон қабылдау өте зиян. Себебі гормонды адамның организміне, яғни бүйрек, бауыр анализдерін және т.б. тапсырып, тексеріліп барып ішу керек», – дейді гинеколог.

                      Бұл қадам ел азаматтарын ұрпақсыз қалдыру

         Бағдат Дәукенов бұл заңның қоғамдағы еркекшоралар мен қызтекелердің көбеюіне алып келетінін айтады: «Біздің қазақи қоғам транссексуалдар мен жынысын ауыстырғандарды қабылдай қоймайды. Негізінен, трансгендерлік хирургияның бағасы қымбат. Аз дегенде 300-500 мыңнан бастау алуы мүмкін. Мұндай отаға ешқандай донордың керегі жоқ. Себебі барлығы сол адамның өз терісі арқылы жүзеге асады. Мысалы, әйел адам ер адамға айналамын десе, сүт бездерін алып тастап, шат аймағынан, жауырын жақтағы бұлшық етінен алдыңғы жаққа байланыс орнатып, жасанды түтікше, яғни жыныстық протез қойып жасап береді. Әйел боламын деген ер адамның аталық безін алып тастап, қынап істейді. Алайда әйелге айналған ер адамға матка орнатылмайтындықтан және еркекке айналған әйел адамда табиғи жолмен ұрық шықпайтындықтан, олар ешқашан ұрпақ сүйе алмайды. Сондай-ақ жыныс ауыстыру бірнеше отадан тұратындықтан, оның наркозы бар, адамда асқыну болуы мүмкін. Олар өмір бойы гормон қабылдайтындықтан, гормоналдық терапияның өз зияны болады. Мысалы, сүт безі, қуық асты безінің қатерлі ісігі пайда болуы ықтимал. Сонымен қатар қабылдайтын препараттары бауырға өте қауіпті.

Біздің қоғамда қазір гемосексуалдар қаптап кетті. Сондықтан жыныс ауыстыруға рұқсат беру былай тұрсын, оларға түсіністікпен қарау керек, толеранттылық деген сынды сөздердің өзі дұрыс емес. Себебі бұл нәрсе  қалыпты жағдайға айналып кете ме деп қорқамын. Діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да жыныс ауыстыруға рұқсат берілген заңды қолдамаймын», – дейді уролог.

         Мейлі, жыныс ауыстыруға медицина рұқсат бергенімен, дініміз не дейді? Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыру – харам» делінген үкімі жария етілді. Алайда министрдің мәлімдемесін өзгертуге шариғат та шарасыз болып отыр. 

                  Бұл – Жаратушыға қарсы шығу

Трансгендерлердің құқығын қорғайтын заңның залалы жайлы исламтанушы, имам Ержан Қуанышұлынан сұрап көрдік.

— Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкенін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін» («Ниса» сүресі, 119-аят). Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келетін әйелдерге лағынет айтты», – деген. Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы, – дейді имам.

Алексей Цойдың кезекті циркі 2021 жылы күшіне енеді. «Жынысыма сәйкес келмеймін» дегендердің сұранысын қанағаттандыру ұлтқа кесел төндіре ме, әлде Қазақстан азаматтарының құқығымен санасу ма? Болмаса, шынында, жауапкершіліктен қашып отырмыз ба? Расында, бәрімізге бір-бір психолог керек болып жүрмесін.

Тегтер: Без Тега
Айжан Бүркітбаева
Айжан Бүркітбаева Айжан Бүркітбаева

Оқыңыз