Live

ДДСҰ хантавирус індетінің аяқталғанын жариялады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) круиз кемесінде таралған хантавирус індетінің аяқталғанын жариялады.

Хантавирус

ДДCҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, MV Hondius круиз кемесіндегі соңғы жолаушы карантин мерзімін аяқтап, хантавирусқа тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткеннен кейін үйіне оралған. 25 мамырдан бері жаңа жұқтыру жағдайлары тіркелмеген.

«ДДCҰ хантавирус індеті аяқталды деп есептейді», – деді ұйым басшысы.

13 адам жұқтырып, үш адам қайтыс болған індетке хантавирустың сирек кездесетін Анд вирусы штаммы себеп болған.

MV Hondius круиз кемесі 1 сәуірде Аргентинадан теңізге шыққан. 11 сәуірде кеме Аргентина мен Оңтүстік Африка арасындағы мұхитта болған кезде алғашқы науқас қайтыс болды. 26 сәуірде Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында тағы бір жолаушы көз жұмды. Ал 2 мамырда ұшақ бортында үшінші жолаушы қайтыс болды.

10 мамырда кеме Тенерифе портының маңына зәкір тастады. Медициналық себептермен бұған дейін эвакуацияланбаған жолаушылар жағаға шығарылып, көп ұзамай ұшақтармен өз елдеріне жөнелтілді.

Бұған дейін ДДCҰ вирустың алғашқы екі тасымалдаушысы кемеге мінер алдында Аргентина, Чили және Уругвай аумағында саяхаттағанын хабарлаған болатын. Олар «вирусты тасымалдаушы кеміргіштер мекендейтін аймақтарда болған». Мамандардың болжамынша, бұл жағдайда вирус жақын байланыста болған адамдар арасында таралған болуы мүмкін.

2 шілдеде ДДCҰ 33 ел мен аумақта байланыста болған 650-ден астам адам бақылауға алынғанын мәлімдеді. Ұйым бұл індеттің және жалпы хантавирустың қалай таралғанын тереңірек түсіну үшін үкіметтер мен халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастыратынын айтты.

Хантавирус әдетте кеміргіштер арқылы жұғады. Адамдар вирус жұққан кеміргіштердің зәрі, нәжісі немесе сілекейі бөлшектерімен ластанған ауаны жұтқанда инфекцияны жұқтыруы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты әлсіздік, бұлшықет немесе іштің ауыруы, құсу, іш өту және тыныс алудың қиындауы жатады. Әдетте бұл белгілер вирус жұққаннан кейін екі-төрт апта өткен соң бір мезгілде байқалады. Осы инкубациялық кезеңде ешқандай симптом болмауы мүмкін. Кей жағдайда жасырын кезең бір айдан да ұзаққа созылады. Сондықтан круиз кемесінің жолаушыларына ұсынылған оқшаулау мерзімі де ұзақ болған.

Тегтер: хантавирус
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз