Димаш Құдайберген Қазақстанның туристік орындарында бейнебаян түсіріп жатыр
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіруге кірісті. Жоба аясында тыңдармандарға Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарына арналған жаңа музыкалық композиция ұсынылады.
Бейнебаянның түсірілімі Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа танымал туристік орындарда өтті.
Сондай-ақ жаңа туындыда Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі деп күтілуде.
Жоба дарынды өнерпазымыздың жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді, деді туризм және спорт министрлігі.
Жоба түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының туризм басқармаларының, сондай-ақ Visit Alatau туристік ақпараттық орталығының, Air Astana және FlyArystan әуекомпанияларының, Karavansaray Turkistan кешенінің, сондай-ақ Integra Construction KZ компаниясының қолдауымен жүзеге асырылған.