Елімізде кедейлер неге көбейіп барады?
Жуырда Ұлттық статистика бюросы «кедейліктің шідерін үзе алмай жүргендер» жайлы ақпарат таратты.
Сол деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ел халқының 5 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүруге мәжбүр болған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға жоғары. Осыдан кейін-ақ кедейлік тауқыметін тартқан азаматтардың жалпы саны бірден 10 пайызға артқан. Айта кетерлігі, бұл есепте ведомство ресми көрсеткішті емес, халықтың нақты күнкөріс минимумын негізге алған. Қазір бұл сома – 64,2 мың теңге.
Деректер не дейді?
Сөйтіп, жаңа деректерге сәйкес, табысы айына 64,2 мың теңгеге де жетпейтін қазақстандықтардың үлесі жыл басынан бері өскен. Сырт көзге өсім үлкен көрінбегенімен, оның артында айтарлықтай әлеуметтік салмақ жатыр. Нақтырақ айтсақ, бұл – елдегі 173 мың отбасы, яғни шамамен 1 миллионға жуық адам осылай ілдәлдалап күн көреді деген сөз. Бұл көрсеткіш әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
Жалпы, кедейлік көрсеткішінің географиялық картасына көз жүгіртсек, өңірлер арасындағы әлеуметтік алшақтық айқын байқалады. Кедейлік деңгейі ең жоғары үш облыс бар, солардың арасынан Түркістан облысыүлкен айырмашылықпен көш бастап тұр. Мұнда халықтың 8,5 пайызы немесе 182 мың адам кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 0,4 пайызға көп.
Абай облысында кедейлік деңгейі 7,6 пайызға (44,9 мың адам) жеткен. Бұл аймақта бір жылдық өсім – 0,3 пайыз. «Үздік үштікті» 7,2 пайыз көрсеткішпен (60 мың адам) Маңғыстау облысы қорытындылайды. Маңғыстауда жағдайдың күрт нашарлауы алаңдатады, бір жыл ішінде кедейлік деңгейі бірден 1,9 пайызға, ал кедей тұрғындардың нақты саны 31,5 пайызға өсіп кетіпті.
Ұлттық статистика бюросының деректеріндегі ең қауіпті тренд – елдегі шеткі (абсолютті) кедейлік сипаты. Қазақстанда 25,4 мың адамның айлық табысы тіпті минималды азық-түлік қоржынының құнын да жаппайды. Бұл азаматтардың айлық табысы 35,3 мың теңгеден төмен. Ең сорақысы – бір жыл ішінде мұндай тым төмен табыспен күн көріп жатқан шеткі кедейлердің саны 1,5 есеге көбейген.
«Зейнеткерлер мен студенттерді де кедейлер санатына қосу қажет»
Ал енді осы қалыптасқан жағдайға байланысты экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов «Жас Алаш» арқылы өзінің сыни пікірін білдірді. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан үкіметі кедейлік мәселесін талқылағанда тек белгілі бір әлеуметтік топтармен, көпбалалы отбасылармен немесе мүгедектігі бар бала өсіріп отырған және асыраушысынан айырылған отбасылармен ғана шектелуді әдетке айналдырған.
«Тіпті мемлекеттік көмекке мұқтаж осы санаттағы азаматтарды «масылдық психологиямен» айыптаған шенеуніктер де болды», – дейді экономист ғалым.
Сала маманы кедейлік шегін анықтау жүйесіне зейнеткерлер мен студенттерді де ресми түрде қосу қажет деп есептейді. Оның пайымдауынша, бұл санаттардың бүгінгі табысы қазіргі нарықтағы қымбатшылықпен мүлдем жанаспайды.
«Қазіргі таңда қарапайым студенттердің базалық шәкіртақысы шамамен 52 372 теңге, ал педагогикалық мамандықтағылардікі 84 000 теңге шамасында. Сырт көзге өсім бар сияқты көрінгенімен, қазіргі пәтер жалдау құны мен азық-түлік бағасын есептесек, ата-анасының қолдауынсыз студенттің бұл қаражатқа білім алу былай тұрсын, күн көруінің өзі қиын.
Зейнеткерлердің де жағдайы мәз емес. Олар зейнетақысын не дәрі-дәрмегіне жеткізе алмай, не толыққанды тамақтануға жұмсай алмай отыр. Мысалы, менің 45 жылдық жұмыс өтілім бар, алатын зейнетақым 160 000 теңге. Егер балаларым демеу болмаса, бұл сома емделуіме, демалуыма және сапалы өмір сүруіме жетпес еді. Ал ең төменгі деңгейдегі зейнетақы алатындардың ахуалы тіпті мүшкіл. Сондықтан бұл екі топты да кедейлер санатына қосу – уақыт талабы», – деді сарапшы.
Маманның ойынша, біздің жауымыз – жалған статистика. Жаңабай Алдабергенов елдегі әлеуметтік саясаттың тиімсіздігін тікелей мемлекеттік органдардың шынайы ақпаратты жасыруымен байланыстырады.
«Мысалы, 2019 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі ресми түрде 4,9 пайыз деп көрсетілді. Содан бері бұл көрсеткіш қозғалған жоқ, қатып қалғандай бір орында тұр, не өспейді, не төмендемейді. Ал шынайы өмірде жұмыссыздық өршіп барады. Әсіресе ауылдық жерлердегі қазақ жастарының екі қолға бір күрек таба алмай жүруі – ауылды үлкен әлеуметтік дағдарысқа тірейтін қауіпті фактор», – дейді маман.
Кедейлікті тоқтатуға бола ма?
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова да әріптесінің сөзін қуаттайды. Бұған қоса ол «кедейлікті жеңетін мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі болғанда біз «жыл сайын кедейлік шегі өсіп барады» деп отырмас едік» дегенді алға тартады. Маманның сөзінше, мемлекеттік бағдарламалардың халыққа жетпей жатуының маңызды бір себебі – бюрократия мен қағазбастылық. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу процесін жеңілдеткенін айтып, есеп бергенімен, шын мәнінде жергілікті жерлерде жағдай өзгермеген.
«Шарт бойынша отбасының жан басына шаққандағы табысы белгіленген шектен небәрі 500 теңгеге асып кетсе де, мемлекет көмек беруден бас тартады. Елде жәрдемақыны қалай алу керек екенін, қайда жүгінерін білмейтін, өз құқығынан бейхабар, жағдайы өте төмен отбасылар әлі де көп. Мемлекеттік жобалардың халыққа түсінікті тілде насихатталуы ақсап тұр. Мысалы, өткенде менің алдыма Алматы қаласы Әуезов ауданының бір тұрғыны келді. Екі жыл қатарынан әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек алмақшы болып әрекеттенген. Бірақ бірінші жылы адам басына шаққандағы табысы 1 265 теңге артық болғаны үшін көмек тағайындалмапты. Екінші жылы ата-анасынан мұраға қалған қаланың шетінен бау-бақша өсіретін жер үшін көмек ала алмаған. Енді келер жылдан бастап әлеуметтік төлемдер қысқартылатын болды. Мұны өздеріңіз де білесіздер, ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге бөлінетін қаражаттың 860 млрд теңгесі қысқарады. Осыған дейін әлеуметтік төлемдерге 6,7 трлн теңге бөлініп келсе, енді оның 860 млрд теңгесі қысқарады. Үкімет мүшелерінің айтуынша, бұл – әлеуметтік көмекті азайту емес, оны «оңтайландыру». Осылайша, оңтайландырып, үнемделген қаражат білім беру, денсаулық, тағы басқа салаларға бағытталатын болады. Үкімет сол арқылы адами капиталдың деңгейін өсіргісі келеді. Алайда мұның артында тағы да сол әлеуметтік төлемге мұқтаж жандар қаржыдан қағылып қалмай ма деген күмән тұр», – дейді Тоғжан Шаяхметова.
Сондай-ақ маманның ойынша, ең қызығы, үкімет кедейшілікпен күрес туралы бағдарламалар ойластырады да, ол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қорға қол салады. «Бизнесті жандандырамыз, елдегі жұмыссыздықпен күресеміз» деген желеумен Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан қаншама кепілдендірілген трансферттер алынды. Сырттан қарыз сұрайды. Сөйте тұра кедейлікті тоқтата алмадық.
«Кедейлік барлық елде бар. Кедейлер мүлдем болмайды деп айту мүмкін емес. Бірақ адамдарға дер кезінде қолдау көрсетуге және осы кедейліктің алдын алуға болады. Негізінде, Қазақстанда барлық салалардың жедел дамуына қажетті ресурстары жеткілікті. Бірақ салаларды жетілдіретін сауатты менеджерлерге қатпыз. Сондықтан да біздің экономиканы көтеруге, кедейлікті шектеуге қатысты қадамдарымыз кібіртіктеп жатыр», – дейді экономист-сарапшы.
Құрама модель кімге үлгі?
Жалпы, бұған дейін де «Жас Алашта» қаузағанымыздай, әлеуметтік саясатты жүргізудің әлемдік деңгейде түрлі-түрлі үлгілері бар. Бұл ретте бізге шетелде білімін жетілдіріп келген әлеуметтанушы мамандар пікір білдірген болатын. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың сөзіне сүйенсек, біздің әлеуметтік саясатымыз АҚШ-тың, Скандинавия елдерінің, Норвегия, Швеция, Дания, сондай-ақ Финляндия мен Исландияның әрбірінен үзіп-жұлып алынған құрама модельге жатады. Қазақстанның әлеуметтік саясатында әлеуметтік қызметтер мен төлемдер Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Біздегі төлемдер экономикалық мүмкіндіктерге тәуелді. Скандинавия елдерінде барлық азаматтарға бірдей қызмет көрсетілсе, Қазақстанда көмек тек табысы төменнемесеәлеуметтік осал топтарғабағытталған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бюджет тапшылығы жыл сайын қайталанатын мәселеге айналды. Экономиканың шикізаттық тәуелділігі әлі бар, еңбек өнімділігі төмен, өңдеу өнеркәсібінің үлесі жеткіліксіз. Осындай жағдайда әлеуметтік міндеттемелердің көлемі артып бара жатқанымен, оларды қаржыландыратын экономикалық база жеткілікті қарқынмен өскен жоқ. Келер жылы үкіметтің әлеуметтік төлемге бөлінетін қаражатты қысқартпақ болғаны да осыған байланысты.
Тағы бір мәселе – әлеуметтік көмектің кейбір азаматтар үшін уақытша қолдау құралы емес, негізгі табыс көзіне айналуы. Әсіресе ауылдық жерлерде жәрдемақы отбасы бюджетінің маңызды бөлігіне айналған жағдайлар кездеседі. Бұл – әлеуметтік саясаттың мақсатына қайшы келетін үрдіс. Өйткені әлеуметтік төлемдер азаматтарды еңбек нарығынан алыстатпай, керісінше, экономикалық белсенділікке ынталандыруы тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, үлгі етіп алған модель құрама болғаннан кейін де дұрыс нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі төленетін жәрдемақының көлемімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – адамдардың мемлекет көмегіне тәуелді болмай тұрақты жұмыс пен лайықты табыс табуына жағдай жасалуы. Сондықтан келешекте бізге өзге елдерден үзіп-жұлып құрама модель жасамай, өз табиғатымызға сай келетін сауатты үлгі қабылдағанымыз жөн.
Жетектеп салған тазы...

Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, үмітсіз экономика болмайды. «Жас Алаштың» тұрақты спикері Бейсенбек Зиябеков бұл туралы былай деп ой түйіндеді: «Негізінде, үкімет президент алдында әрбір тоқсан сайын есеп беріп, жоспарлы экономиканың қалай орындалып жатқанын ашық айтып, кемшіліктер болса оны да көрсетіп, жанығып жұмыс істеп, жаңа идеялар тауып, жаңа жобалар ұсынуы тиіс. Қазір президенттің үкіметтен күтіп отырғаны – осы. Алайда бізде үкіметті жетектеп жүру керек, бағыт-бағдар айтып, тапсырма беру қажет. Өкінішке қарай, министрлерден де игі ниетті сирек көреміз. Мысалы, қазір халық тұтыну несиесін жетіскеннен алып жатқан жоқ. Шарасыздықтан несиеге батып қалды. Ал біздің министрлер «халық несие алса, демек, төлем қабілеті жақсы» деп елдің жағдайын жақсы етіп көрсеткісі келеді. Шын мәнінде олай емес. Ең қызығы, шенеуніктер елдің зейнетақысын, халыққа төленетін әлеуметтік төлемдерді, ең төменгі жалақыны өсіруге келгенде, «бұл – инфляцияға жол беретін үрдіс» деп, халыққа берілетін төлемдерді мардымсыз өсіреді. Ал өздері триллиондап сыйақы алып жатса да инфляция жайлы жақ ашпайды. Қазір халық пен атқарушы билік арасында диалог жоқ. Егер үкімет халықты кедейлік қақпанынан құтқарғысы келсе, алдымен қарапайым халықпен диалог орнатуы керек, одан кейін халықтың мүддесін қорғайтын, табиғатымызға сіңісті сауатты шешімдер қабылдануы керек».
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ