Ермұрат Бапи, экс-депутат: Өкініш жоқ десем, өтірік айтқан болам...
Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Елде 30 жыл жұмыс істеген қос палаталы Парламенттің орнын басатын заң шығарушы органға 145 адам депутат болмақ. Олар тек партиялық тізім бойынша сайланады.
Бұған дейін саяси науқанға қатысатын 7 партия кандидаттар тізімін жариялаған. Көпшілік күткен біршама азамат осы партиялық тізімдерден тыс қалды. Мысалы, 2023 жылы бір мандатты округтен сайланып, Мәжілісте белсенділік танытқан Ермұрат Бапи, Абзал Құспан және Бақытжан Базарбек бұл жолы еш партияның тізіміне енбей қалды. Неліктен?
Біз белгілі саясаткер, журналист Ермұрат БАПИГЕ хабарласып, саяси бәйгеден неге тыс қалғанын сұрадық. Сұхбат барысында экс-депутат Мәжілістегі 3 жылдық жұмысын қорытындылап, алдағы жоспары туралы айтты.

– Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімінен сізді таба алмадық. Сайлауға түсетін 7 партиядан ұсыныс түспеді ме, әлде өзіңіз партияға кіруге, Құрылтайға баруға ынталы болмадыңыз ба?
– Осы сұрағыңызға орай бірінші кезекте айта кетейін, «Ақ жол» партиясына мың алғыс! Партияның төрайымы Дания Есбаева мен орынбасары Ерлан Барлыбаевтың атынан ұсыныс болды. Кеше туып, бүгін монстр болуға ұмтылған «Әділет» партиясын Құрылтай сайлауында жеңе алмас, бірақ «Ақ жолға» нағыз ақ жол тілеймін! Айтпақшы, тәуелсіз Қазақстан тарихында саяси ғұмыры бәрінен ұзақ партия 2003-2004 жылдары биліктің айдауымен екіге бөлініп кеткен кезде мен қоғам жағында қалған «Нағыз Ақ жолдың» қатарында болғам...
– Ендеше, бұл ұсынысты қабыл алып, Құрылтай сайлауына неге қатыспадыңыз?
– Менің 30 жылға жуық уақытқа созылған саяси жолым өзгешелеу ғой. Оппозицияда болдық, өртендік, тоналдық, сотталдық... Одан өкілетті билік – Парламентке келгенімді есті ел білсе керек.
Енді жеке басымды ғана емес, елдің тағдырын көбірек ойлайтын, тәжірибе әбден толысқан жасқа жеттік. Қазір әрбір салауатты ұстанымдағы саясаткер өз таңдауын елдегі нақты саяси жағдаймен, мемлекеттік саясатпен салыстырып, шешім қабылдауы тиіс деп ойлаймын. Себебі бүгін бізге жеке басқа индульгенция емес, елдік мүдде мен тәуелсіздіктің тұрақтылығы бәрінен қымбат болуы тиіс. Мен үшін төңірегімді бұза-жара ұмтылатын албырт либерализм мен жалаң демократияның балалық заманы өтті. Біз қаласақ та, қарсы болсақ та, мемлекет мүддесі мен ішкі-сыртқы тыныштық үшін белгіленген мемлекеттік саясаттың шеңберінен шығып кету – қазіргі саяси реалға сәйкес келмейтін қылық болады. Ел төңірегіне төніп тұрған тәуекелдер көп: соғыс зардабын сездірген жалғыз ғана КҚК мұнай құбырының өзі бізге біраз белгі берсе керек.
Билік пен қоғам арасындағы нәтижесіз ерегеспен, есерсоқ егеспен, кеудемсоқ менмендікпен елге ештеңе өндіріп бере алмаймыз. Иә, «жеке батыр» боп, әсіресе онлайн қоғамның қолпаштауына қарық болуың мүмкін, бірақ мұндай популизмнің пайымды перспективасы болмайды. Демократияның «бозбала сырқатынан» арыла алмай жүрген жекелеген азаматтар қалыптасқан нақты жағдайдың осы өтпелі саяси сипатын ескергені жөн болады. Басқа балама жоқ.
Сондықтан «Ақ жолдың» ұсынысына алғысымды айта отырып, іркіліп қалған жағдайым болды. Ширек ғасырлық тарихы бар партияның мүйізі қарағайдай талай азаматы, әсіресе кейінгі жастары үлкен саясатқа араласуға ұмтылып отырған кезде, «Ақ жолдың» съезіне барып, «есіктен кіріп, төр менікі» деудің реті қайсы?
Бұл жерде қоғам назар аударуы тиіс бір мәселе бар. Мені «Партиялық тізімдерде Ермұрат Бапи неге жоқ?» деген сұрақ емес, Мәжілістегі «Ескі Қазақстанның» белсенді сыншылары неге кірмей қалды?» деген сұрақ көбірек таңдандырады? Еділ Жаңбыршин, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ринат Зайыт, сондай-ақ Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбай неге тізімге енбеді? Бұлар кеше ғана «Аманаттың» ішінде жүріп, бұрынғы саяси режимді айрандай қылған бүгінгі «Әділеттің» мүшелері еді ғой?
Қазыналық тілде «целенаправленный» деген сөз бар ғой, егер сол сияқты мақсатты саясаттың салдары болса, бұл расында да ел үшін елең қыларлық жағдай. «Жаңа Қазақстан» деген тіркесті неге ұмыта бастадық деген сұрақ осындайда туындайды.
– «Әділет» партиясы шақырған жоқ па?
– Шақырмады. Біріншіден, ешқандай партияда жоқ мен түгілі, «Аманаттың» өзінде белсенді болған бірқатар фракция мүшелері шақыртуды ертең съезд өтеді деген күні кешкісін алған екен. Кейбірі съезд басталарға бірер сағат қалғанда, пенжегінің жеңін сұғына жүгіріп жетер шаққа шақыру алыпты. Сондықтан «бесіктен белі шықпаған», мен мүшесі болмаған «Әділет» партиясына айтар ешқандай өкпем де, жөн-жосықсыз талабым да жоқ.
Оның үстіне, съезіне шақырып алып, дауыс беру нәтижесінде тізімге енгізбей тастаса, одан өткен қорлық болушы ма еді? Тіпті тізімге қосып қойып, аты-жөнім мен абырой-атағымды сайлау науқанына пайдаланып алып, «судан өткен соң» депутаттық мандаттан қағып тастаса, қоғам алдында қып-қызыл «позор» болар едім ғой! Сол үшін «аш құлақтан – тыныш құлақ» дедік!
– Ұзақ уақыт биліктің кемшілігін айтып, сыни көзқарас ұстанып келдіңіз. Депутат болған 3 жылда бұрын өзіңіз айтқан кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік туды ма? Жүйені іштен өзгерту мүмкін бе екен?
– Жоқ, парламенттік билік – ұжымдық шешімнің ортасы. Жүйелік мәселе мен сіресіп қалған кінәраттарды жекелеген депутаттар өз бетінше шеше алмайды. Иә, белгілі бір мәселеге қатысты дабыра көтеруге болады, бірақ бұл айдалаға айтылған жаңғырықсыз даңғаза дыбыс боп қалады.
Кейінгі үш жылдағы саяси жағдаяттарды саралап қарасақ, елдегі елеулі өзгерістердің 99 пайызы мемлекеттік саяси шешімнің нәтижесінде жүзеге асқан екен. Парламент – сол саяси бастамаларды заңдастырып, өзгерістерге заң негізіндегі жол салып беріп отыратын орган.
Айта кету керек, қабылданған заңдар 100 пайыз «ләппай тақсыр» болды десе, қоғам қатты қателеседі. Көптеген заңдарға халықтық-қоғамдық мүдде талаптары енгізілді. Мысалы, мен жұмыс тобының құрамына енген «Құрылыс кодексі» мен Жер қойнауы байлықтарын игеру жөніндегі заң жобаларын талқылау барысында депутаттар мен атқарушы уәкілетті органдар қырықпышақ тартысқа түскен кездер болды. Ондай текетірес жағдайлар аз болмады.
– Депутат болған кезіңізде қандай заңдардың қабылдануына бастамашы болдыңыз немесе белсене атсалыстыңыз?
– Мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде негізінен елдің, мемлекеттің Қарулы күштері мәселесіне қатысты заңдарға жанашыр болуға тырыстым. Елдің қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында «Резервтегі әскери қызмет туралы» заң жобасына жетекшілік еттім. Жалпы, біздің комитет осы шолақ үш жылдың ішінде қорғаныс мәселесіне байланысты, Парламент тарихында бұрын-соңды болмаған жұмыскерлікпен бірнеше заңды қабылдауға мұрындық болды.

– Өкінішіңіз бар ма?
– Үлкен бір өкініш – бүкіл Парламент уақыт белдеуі туралы мәселеде атқарушы биліктің дегеніне төтеп бере алмады. Сол сияқты жол-автокөлік басқару ісінде ішімдікке байланысты жауапқа тартылған азаматтардың жазасын 7 жылдан кемітуге, құрығанда 5 жылға түсіру мәселесін шеше алмадық. Үйіндегі жалғыз көлігімен отбасын асырап жүрген адамға 7 жылдық «түзелу» жазасы өте көп.
Мәжілісте өткен үш жылдан өкініштер жоқ десем, өтірік айтқан болам. Мысалы, «ескі Қазақстаннан» қалған саяси элитаға ревизия-аудит жүргізу қажеттігі жөнінде «Люстрация туралы» заң жобасын қабылдауға қатысты айтылған ұсынысым қабылданбады. Бәлкім, ішкі саяси тұрақтылықты толқытпау үшін менің ұсынысым аяқсыз қалған шығар. Ал жеме-жемге келгенде, Құрылтайды «жасарту» мақсатында қазіргі жүріп жатқан науқан «люстрацияның» саяси түрдегі жұмсақ үлгісі деп білем.
Өзіңіз қараңыз, кейбір сарапшылардың есебі бойынша, Құрылтайдың орташа жасы – 46 жас. Яғни президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың республикалық форумында сөйлеген сөзінде айтқандай, бұл – жастар парламенті болмақ. Менің ойымша, бұл саясаттың түпкі мақсаты –Құрылтайдың құрамын «бала-шағадан» сайлау емес, саяси элитаны «ескілермен» былғанбаған жастардан сұрыптау. Қарапайым қисаппен қарасақ, қазіргі 46 жастағылар бұдан 7 жыл бұрын орта есеппен 40-қа жетер-жетпес жастар еді. Олар «ескі биліктің» жетегімен үлкен лауазымға іліне қоймаған, бұрынғы режиммен ауызжаласып үлгермеген шақта болды. Бір сөзбен айтқанда – жаңа ұрпақ.
Осы арада айта кететін бір мәселе – елдің саяси тарихының ескі бетін жауып, жаңа даму платформасына ауысқан кезде, бұл «жұмсақ люстрация» мемлекеттік атқарушы органдарда да жалғасын табуы керек! Саяси элитаны жаңарту-жасарту саясаты Құрылтаймен шектеліп қалса, «борттың сыртында» қалған жаңа толқын Мәжіліс депутаттарын «лақтырып» кетудің айқын дәлелі болады. Бәлкім, мұндайда «жаңа Қазақстанның» ортасына жарықшақ түскеніне рахаттанған «ескілер» алақанын ысқылап отыруы әбден мүмкін. Қазіргі билік былқ етпестей күшті позицияда отыр десек те, өзіне-өзі «жау» жасап алғаны тіптен түсініксіз жағдай болады.
Сондай-ақ қазақтың ұлттық мәдениетіне ашық шабуылға көшкен деструктивті діни ағымдарды ауыздықтау мақсатында мен бір топ депутатпен бірге ұсынған «Дін және дін істері туралы» заң жобасы уәкілетті органдардың үстел суырмаларында қалып қойды. Бұл да бір үлкен өкініш болды. Желтоқсан көтерілісін француздың «Бастилияны алған күні» немесе Ресейдің «Октябрь революциясы күні» сияқты Ұлттық мерекеге айналдыру жөніндегі ұсынысыма да жауап болмады.
– Екі палаталы Парламент тарап, орнына бір палаталы Құрылтай құрылды. Халық арасында Парламент жұмысына айтылар сын көп. Сіздің ойыңызша, жаңа Құрылтай бұрынғы Парламенттің қандай қателігін қайталамауы қажет? Жалпы, заң шығарушы органның жұмысында нені өзгерту керек деп санайсыз?
– Бұл сұрағыңыз үлкен бір ғылыми-практикалық конференцияның тақырыбы дер едім. Жалпы, тарих қойнауына кеткен Парламенттің жетістігі де, кемшілігі де конституциялық заңдардың пәрменімен анықталды. Бұрынғы Парламент те, ендігі Құрылтай да сол заңдарда белгіленген биіктіктен жоғарыға секіре алмайтыны аян.
Сондықтан заңдарда белгіленіп қойған нормаларды аттап өтіп, «жау кеткен соң», Парламент анадай-мынадай болуы керек еді деп, ділмарсығаннан пайда жоқ. Сол себепті ендігі сайланатын Құрылтайдың алдағы жұмыс барысын бағамдап алайық, сонан кейін салыстырмалы пікір айтуға мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Қалай болғанда да, қазіргі ішкі-сыртқы реал жағдайда Құрылтай президенттік билікке балама бола алмайтынын мойындау қажет. Қазіргі геосаяси әлемдегі алмағайып жағдайда бізге бірегей және пәрменді президенттік биліктен басқа альтернатива жоқ.
– Алдағы жоспарыңыз қандай? Президент Тоқаев Парламент депутаттарының бір бөлігі Халық кеңесіне баратынын айтқан еді. Ол жақтан ұсыныс түссе, барасыз ба?
– Әзірге күзге дейін демалып, емделсем деп отырмын, отбасылық-әулеттік жағдайларды реттеумен айналысамын. Ал Құрылтаймен бірге қызметін бастайтын жаңа мемлекеттік-кеңесшілік орган Халық кеңесінің президент тағайындайтын басшылығынан ұсыныс түсетін болса, оны да қарастырып көруге болады. Елдің бір пұшпағына сеп болар қарым-қуат бар кезде Отанға қызмет қылғаннан артық бақыт болушы ма еді?..
Әңгімелескен Қуаныш Қаппас