Live

ХАМАС Газа секторындағы үкіметін таратқанын мәлімдеді

Таяу Шығыста тарихи бетбұрыс болуы мүмкін. Палестиналық ХАМАС қозғалысы шамамен 20 жыл бойы Газа секторын басқарған үкіметінің таратылғанын ресми түрде жариялады.

Изриал ХАМАС

Билікті тапсыру жаһандық бейбітшілік жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Al Arabiya телеарнасы хабарлады.

6 шілдеде ХАМАС өкілдері Төтенше басқару комитетінің қызметі тоқтатылғанын және оның жетекшісі Мұхаммед әл-Фарраның қызметінен кеткенін мәлімдеді. Бұл қадам барлық билік өкілеттігін Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке (NCAG) беру үшін жасалған дайындық ретінде түсіндірілді.

Жаңа әкімшілік (NCAG) АҚШ президенті Трамп ұзаққа созылған қақтығысты реттеу мақсатында құрған арнайы «Бейбітшілік кеңесінің» қамқорлығымен жасақталған. Мәліметке сәйкес, кеңесті Трамптың өзі басқарады, ал оған әлемнің шамамен 60 мемлекетіне мүшелік ұсынылған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Биыл қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қою рәсіміне қатысқаны айтылған.

«Бейбітшілік кеңесі» ХАМАС үкіметінің өзін-өзі тарату туралы шешіміне қатысты пікір білдіріп, бұл ақпаратты назарға алғанын мәлімдеді.

 «Түптеп келгенде, біздің бағалауымыз уәделерге емес, Газа халқының шұғыл қажеттіліктерін өтеуге бағытталған нақты іс-қимылдарға негізделеді», – делінген ұйымның әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Сондай-ақ кеңес жаңа NCAG комитеті өз жұмысына жедел кіріседі деген үміт білдірді. Газа секторының болашақтағы басқару қағидаты ретінде «бір билік, бір заң және бір қару» ұстанымы жарияланды. Бұл өңірдің толықтай бірыңғай азаматтық әкімшіліктің бақылауына өтіп, оның аумағындағы барлық қарулы құрылымдардың таратылуы тиіс екенін білдіреді.

Өткен жылдың қазан айында ХАМАС пен Израиль атысты тоқтату жөніндегі бейбіт келісімнің алғашқы кезеңіне қол қойған болатын. Содан бері ХАМАС бірнеше рет Газа секторын азаматтық басқарудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген. Алайда ең күрделі мәселе – ұйымның толық қарусыздануы – әлі де шешімін тапқан жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз