Иранда аятолла Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі басталды
Иранда сенбі, 4 шілдеде елдің соғыс кезінде қаза тапқан Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеимен қоштасуға арналған ашық қаралы рәсімдер басталды.
Мемлекеттік телеарналар Хаменеидің табытының Тегерандағы Мосалла үлкен мешітіне қойылғанын көрсетті. Таң сәріден бастап қоштасу рәсіміне мыңдаған адам жиналды.
Аятолламен бірге Израильдің әуе соққысы салдарынан қаза тапқан оның отбасының тағы төрт мүшесі – қызы, күйеу баласы, келіні және немересі жерленеді.
Иран билігінің мәліметінше, тек Тегерандағы қоштасу рәсіміне 15–20 миллионға дейін адам қатысуы мүмкін. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кешенге кіру үшін арнайы рұқсат қағазы талап етіледі.
Иранның мемлекеттік телеарнасы 3 шілдеде Тегеранға Қытай, Ресей, Беларусь, Ирак, Түрікменстан және басқа да елдердің жоғары лауазымды делегациялары келгенін хабарлады. Ресей делегациясын Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев бастап келді.
Хаменеидің денесі Тегеранда үш күн болады. Кейін қаралы рәсімдер Құм қаласында және Иракта жалғасады. 9 шілдеде ол туған қаласы Мешһедте, Имам Реза кесенесінің жанында жерленеді.
Аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда Тегерандағы резиденциясына жасалған Израильдің нысаналы әуе шабуылы салдарынан қаза тапқан. Осыдан кейін Израиль мен АҚШ Иранға қарсы бес аптадан астам әскери операция жүргізді. Сәуір айының басынан бері тараптар арасында бітім күшінде.
Мемлекеттік жерлеу рәсімі бастапқыда наурыз айына жоспарланған еді. Алайда әскери іс-қимылдар мен адамдардың жаппай жиналуына байланысты қауіпсіздік мәселелері себеп болып, кейінге қалдырылды. Рәсімнің 4–9 шілде аралығында өтетіні Иран билігі тарапынан маусым айында ғана жарияланды.