Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі қандай?
Қарт тарихтың қатпарларын парақтар болсақ, қазіргі Қазақстан жері мен Орта Азияға ислам дінінің таралуы сонау VI-VIII ғасырларда басталғанына куә боламыз.
VIIІ ғасырда Орталық Азияға, оның ішінде қазақ топырағына жеткен ислам сол дәуірден бері халқымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді. Асыл діннен қуат алған жұртымыздың өмірінде жаңаша даму сипат алды.Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ұйымдастыруымен Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе өткізген «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми конференцияда қазақ даласынан шыққан ислам ғұламалары мұраларын қазіргі діни таныммен байланыста зерделеу мәселелері, Орталық Азия мен Қазақстандағы ханафи мәзхабы ілімі мен тәжірибесі және оның қазіргі дінтанулық білім жүйесіндегі маңызы, қазақ ойшылдарының түркі-ислам өркениетіндегі орны қызу талқыға ұласты.Мың жылдық тарихы бар, ұлы даланы мекендеген, ежелден келе жатқан халқымыз орта ғасырларда әлемдік қарым-қатынастан да шет қалмады. Еуропа және Азия елдерімен Ұлы Жібек жолы арқылы сауда жасады. Сол замандарда өркениеттен қол үзбей, тегі мен тарихын жаңғыртты. Исфиджаб, Тараз, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Отырар сынды ежелгі қалалардан шыққан ғұламалар ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, әл-Фараби сынды ғұламалар ғылыми жаңалықтар ашты, әлемдік білім мен ғылымның негізін қалады. Аты аталған тұлғалар бүгінде күллі мұсылманның мақтанышына айналды. Жүсіп Баласағұни, Ахмет Жүйнеки, Әлішер Науаи, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Бұрһануддин Рабғұзи, Махмұт Кердері, Сәйф Сараи, Мұхаммед Бабыр секілді түркі шайырларының шығармаларында иман ұстындары, шариғат шарттары мен ахлақ негіздері кеңінен жырланды.ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен конференция аясында қазақ даласындағы ислам дінінің тарихын түгендеп, бабалар мұрасын бүгінгі күнмен байланыстырып, тарихи құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған баяндамалар жасалды. ҚМДБ қызметкерлері мен өңірлердегі өкіл имамдары, аталмыш орталықтардың білікті мамандары бас қосқан халықаралық конференция жұмысына дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының бас хатшысы Халит Ерен мырзалар да қатысып, өздерінің құттықтау лебіздерін білдірді.Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінде орналасуы халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Алысты жақын етіп, Орта Азия мен Еуропаны байланыстырған осынау сауда жолының бойында орналасқан тарихи қалаларда әсем мешіттер мен кесенелер бой көтерді.– Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қасиетті рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған «Алланың гүлі» рухани кешені есігін айқара ашты. Бұл – баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін еліміздегі нөмірі бірінші мешіт, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз. – Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады.Шынында, бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі Алла үйлерінің сәулеті мен сәніне ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта жаңа мешіт құрылыстарының бірыңғай сәулет жобасы жасалып, арнайы ереже бекітілген. Өмірдің тіршіліксіз, ал тіршіліктің құлшылықсыз құны жоқ. Ислам діні тіршілік пен құлшылықты қатар үйлестіріп, өнегелі өмір салтын сабақтастырып, ғұмыр кешуге үндейді.Конференцияда Қазақстан мемлекетінің ислам дінінің гүлденуіне қосқан үлесі жайында ҚР жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бас консультанты Боранбаева Гүлнар, IRCICA ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы Әшірбек Мүминов, ҚМДБ төрағасының орынбасары Алау Әділбаев, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлары Досай Кенжетай мен Қожа Мұхтар Бақадырұлы, Ясауитану орталығының аға ғылыми қызметкері Жандарбек Зікірия, ҚазҰУ ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі Қыдыр Төрәлі сынды ғалымдар жасаған баяндамалар басқосу маңызын арттырып, қазақ даласынан шыққан ойшылдарымыз бен іргелі оқу орындары жайлы, Орта Азиядағы діни ілім жүйесі жөнінде тың мағлұматтармен байыта түсті.Сондай-ақ конференция аясында еліміздің каллиграф шеберлерінің қолынан шыққан туындылар көрмесі де өткізілді. Шара барысында дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.