Әлеумет

Каспийде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қанша ақша берілгені жарияланбайды

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 сарбаздың отбасыларына берілген қаржылай көмектің нақты мөлшері жарияланбайды.

сарбаз

Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін құрылған "Ұлттық рух" қорына жиналған қаражат толық бөлінген. Қаржылай көмек қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасыларына, сондай-ақ оқиғадан аман қалған үш сарбазға қарастырылған.

Алайда әр отбасыға қанша қаражат берілгені жария етілмейді. Жүсіповтің сөзінше, мұндай шешім қаза тапқандардың туыстарының өтініші бойынша қабылданған. Төлем алушылардың жеке мәліметтері де құпия сақталады.

Арнайы комиссия қаражатты бөлу жұмысын аяқтап, тиісті шешімдерді құжат жүзінде рәсімдеген.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болып, 14 әскери қызметші қаза тапқан еді. Осыған байланысты 25 қыркүйек қаралы күн болып жарияланды.

Оқиғадан кейін қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін "Ұлттық рух" қоры арқылы қаржы жиналды. Бұған дейін қорға 146,6 миллион теңге түскені хабарланған болатын.

Дегенмен қор қаражатының отбасылар арасында қалай бөлінгені және әрқайсысына нақты қанша төленгені ашық айтылмады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз