Қазақстандықтардың несие қарызы 25 триллион теңгеге жетті
Қазақстандықтардың несие өсіп келеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы несиелер көлемі 25 триллион теңгеге жеткен. Оның үштен екісінен астамын тұтынушылық несиелер құрайды.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі – халықтың борыштық жүктемесін азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп жүргізіп жатыр.
«Халықтың несие жүктемесі мен тұтынушылық несиелердің өсуіне арнайы тоқталғым келеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы несиелер көлемі 25 триллион теңгеге жетті. Оның үштен екісінен астамы тұтынушылық қарыздар. Бұл көрсеткіш 10 триллион теңгеден асады және жыл сайын өсіп келеді», – деді Әмрин.
Бірінші кредиттік бюро жанындағы талдау орталығының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда халықтың барлық қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 27,5 триллион теңгені құраған.
Орта есеппен бір қарыз алушының мойнында 4,4 несие бар. Ал екі немесе одан да көп несиесі бар борышкерлердің үлесі 76 пайызға жеткен.
«Бұл – өте күрделі жағдай. Сондықтан нақты шаралар қабылдау қажет», – деді бірінші вице-министр.
Ұсынылып отырған шаралардың қатарында банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы мерзімі өткен тұтынушылық несиелерді реттеу, тұтынушылық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау және қаржы қызметтерін көрсету кезіндегі әділетсіз тәжірибелердің алдын алу бар.
Атап айтқанда, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну мен маңызды шарттарды жасыруға жол бермеу көзделіп отыр. Енді банктер мен несие ұйымдары қарыз бермес бұрын клиентке несие шарттары түсінікті түрде жазылған арнайы жадынама ұсынуы тиіс.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін жеңілдету ұсынылып отыр.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халыққа берілген банк несиелерінің көлемі 25,067 триллион теңгеге жеткенін хабарлаған еді. Ал тұтынушылық несие портфелі 2022 жылдың басындағы 6,132 триллион теңгеден 16,854 триллион теңгеге дейін өскен.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 8,95 миллион қарыз алушының 39,4 миллион несиесі болған. Екі және одан да көп несиесі бар азаматтардың үлесі 76,9 пайызға жеткен.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие, ипотека, бөліп төлеу немесе микроқарызын төлеуге мүмкіндігі қалмаған азаматтарға кредитордан жасырынбай, қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса тіркеп, қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш беруге кеңес береді.