Әлеумет

ҚазТаг ісі: Әмір Қасенов сотта мәлімдеме жасады: «Соңғы тілегім – әйелімді көру»

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов сот отырысы кезінде мәлімдеме жасап, денсаулық жағдайына байланысты әйелін көруді сұрады.

Әмір Қасенов

«Өлер алдындағы соңғы тілегім – әйелімді көру. Маған екі күн қалды. Менің шешімім сіздердің заңсыз шешімдеріңізбен байланысты», – деді Қасенов сотта.

ҚазТАГ мәліметінше, судья Ернар Қасымбеков бас редакторды отырысқа онлайн қосқан. Ал Қасенов өзін сот залына жеткізуді сұрағанын айтты. Судья оның бейнебайланыс арқылы қатысуды өзі өтінді дегенде, Қасенов мұны жоққа шығарды.

Бұған дейін Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауда ұстауға ауыстырылған еді. Кейін ол құрғақ аштық жариялаған. Адвокаттардың айтуынша, оның денсаулығы күрт нашарлаған. 19 маусымда Қасеновтің тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Алайда ол госпитализациядан кейін де құрғақ аштықты жалғастырған.

Сондай-ақ сот прокуратураны Қасеновке айыптау актісін заңбұзушылықтарға байланысты қайта тапсыруға міндеттеген.

Қоғамда бұл іс үлкен резонанс тудырып отыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банк пен ҚазТАГ арасындағы сот дауының мәнін түсінбейтінін айтып, тараптарға медиация мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Адвокаттар да Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді талап етіп жүр.

Еске салсақ, маусым айының басында Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған. Онда ол өзіне қатысты қудалауды журналистік қызметімен байланыстырған.

Қасенов ісі бойынша кезекті сот отырысы 22 маусымға белгіленген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз