Қылмысын танып, өкінген адамдар ғана амнистияға ілігуі қажет
2 маусым күні Мәжіліс «ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Амнистия жариялауды 17 наурыз күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Әрі Парламентке тиісті заңды қазіргі сессияның соңына дейін дайындауды тапсырған.
Парламент депутаттары бастамашы болып дайындаған Заң жобасын мәжілісмен Абзал Құспан таныстырды. «Амнистия – қателік жіберген, бірақ өкініп, түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан көрсетілген кезекті ізгілік актісінің көрінісі» деді депутат.
Заң жобасын талқылау ұзаққа созылған жоқ. Баяндама жасаған, сұрақ қойған, пікір айтқан депутаттардың бәрі құжатты қолдап, оның мемлекет пен халық үшін аса қажетті қадам екенін айтып жатты. Мұндай «бірауыздылықты» заңға депутаттар дауыс бергенде де байқадық. Талқылауға қатысып отырған 87 мәжілісменнің бәрі «қолдаймын» деп, қос қолын көтерумен болды. Тағы бір айта кетерлігі, «қылмыстық амнистияға қатысты бәрі түсінікті» дегені ме, Парламенттегі сұрақ пен пікірдің көбі әкімшілік рақымшылық туралы болды. Өйткені әкімшілік амнистия тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін болмаған.
Қысқасы, мәжілісмендер «рақымшылық – азаматтарға екінші мүмкіндік беруге, олардың әлеуметтік және қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ әділетті әрі ізгілікті құқықтық жүйені нығайтуға бағытталған маңызды қадам» деп танып, заң жобасын Сенаттың қарауына жолдады. Құжатты жоғарғы палата қолдап, президент қол қойса, көп кешікпей күшіне енеді.
Қылмыстық рақымшылық
Биыл 18 наурызда өткен Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмыстық амнистия жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасап сотталған адамдарға ғана қолданылатынын, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайтынын айтқан. Бірақ депутат Абзал Құспан мұны баяндамасында сәл басқаша сипаттады.
Оның айтуынша, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыс жасаған, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеген немесе келтірілген зиян толық өтелген орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ орташа ауыр қылмыс жасаған адамның өтелмеген жаза мерзімінің 1/2 бөлігін қысқарту жоспарда бар, ал ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталғандардың жазасы залалды қаншалық өтегеніне байланысты қысқаруы мүмкін. Демек, аса ауыр санаттағы кейбір қылмыстың өзі залалды өтесе, кешірімге ие болуы мүмкін екен.
Бірақ мәжілісмендер сыбайлас жемқорлық, экстремизм мен терроризм айыбымен сотталғандар, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар, азаптау айыбымен жауапқа тартылғандар және қайта қылмыс жасап қамалғандар амнистияға ілікпейді деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылық күтпесе болады. Амнистия туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталған азаматқа қатысты сот жеке-жеке қабылдайды. Істі қарау барысында сот амнистия критерийлерінің сақталуын ғана емес, адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын да ескереді.
Рақымшылыққа ілікпейтін қылмыстар тізімі: кісі өлтіру; өзін-өзі өлтіруге итермелеу; денсаулыққа қасақана ауыр, орташа және жеңіл зиян келтіру; ұрып-соғу; қинау; сталкинг; АИТВ жұқтыру; жыныстық қылмыстар; сыбайлас жемқорлық; террористік және экстремистік әрекет; азаптау; жуырда криминализацияланған әрекеттер, соның ішінде дропперлік және қыз алып қашу.
Депутаттардың дерегінше, бұл жолы қылмыстық амнистияға 15 мыңнан аса адам ілігеді. Ісі тергеу сатысында тұрған 1 200 адамға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылады. Тағы 10 мыңнан аса сотталған азаматтың жаза мерзімі қысқартылса, 5 мыңға жуық адам жазадан толық босатылады. Рақымшылыққа ілінетін адамдардың 5 мыңнан астамы бас еркіндігінен айыру жазасын өтеп жатқандар болса, шамамен 10 мыңы пробациялық бақылауда тұрғандар болмақ. Колониялар мен өзге де бас бостандығынан айыру орындарынан шамамен 1 500 адам шығады деген ақпарат бар.
Мәжілістегі талқылау барысында депутаттар 2025 жылғы «Конституцияның 30 жылдығына» байланысты жарияланған амнистияға қанша адам іліккенін, оның қаншасы кейін қайта қылмыс жасағанын сұрады. Ішкі істер министрлігінің өкілі былтыр 15 мың адам рақымшылыққа ілінгенін, оның ішінде 2 300 адам жаза өтеу орындарынан босатылғанын, оның 8-і қайта қылмыс жасап, қамауға алынғанын айтты. Сондай-ақ «заң бойынша мұндай адамдарға қайта рақымшылық жасалмайды» деп сендірді.
Ресми дерек бойынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 11-мәрте амнистия жариялағалы отыр. Бұған дейінгі 10 амнистияда жалпы 59 мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығып, 30 мыңға жуық адамның жаза мерзімі қысқарған екен. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдары жалпы 100 мыңға жуық сотталған азамат рақымшылыққа іліккен. Бірақ амнистияға іліккен адамдардың қоғамға оралған соң түзу жолға түсіп, екінші мәрте заң бұзбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Зерттеушілер статистикасына сенсек, рақымшылыққа іліккендерден гөрі мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығатындар әлдеқайда аз қылмыс жасайды екен.

Айыпқан Мұхамадиев, заңгер: Заңды әділ жүзеге асыру құқық қорғау органдарына байланысты
– Мемлекеттің рақымшылық жасағанын қолдаймын. Кез келген адам байқамай қателесуі, қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан мемлекет ізгілік ниетпен осындай рақымшылық жасап отыр. Мұның екі пайдасы бар. Біріншіден, мыңдаған адам босап, отбасына оралады, сөйтіп, олар өздерін бақытты сезінеді. Оның үстіне бұл қадам бұл адамдарды имандылыққа, мәдениетке тәрбиелейді деп есептеймін. Екіншіден, мемлекет мойнындағы көп жүк жеңілдейді. Түрмедегі әр адамға жыл сайын мол қаржы жұмсалады. Амнистия сол ауыртпалықты аз да болса, жеңілдетеді.
Ал әкімшілік істер бойынша айтсақ, бұл жүргізушілерге салынған айыппұлға ғана қатысты емес. Бұл кәсіпкерлерге әсер етуі мүмкін. Оларға да миллиондаған, миллиардтаған айыппұл салынуы мүмкін. Бір қарағанда бұл кәсіпкерге пайдалы көрінеді, айыппұл төлемеген қаржыға кәсібін дамытады. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы бар. Бізде заң шикі қабылданады. Мысалы, Салық кодексі қабылданып, биыл қаңтарда күшіне енді. Кейін президент бұл құжатта қателік көп екенін айтқан соң, заңды қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр. Сондықтан заң қабылдаған кезде асықпау қажет. Мына жобаны да әлі де пысықтап, халық талқысына салу қажет деп есептеймін.
Мысалы, билік амнистия аясында қанша компания мен қанша азаматтың қанша айыппұлы кешіргенін айту керек. Мұны халық білу керек. Өйткені кез келген заң жобасында, кез келген үкімет қаулысында, министрліктің бұйрығында бір лобби тұруы мүмкін. Өткен рақымшылық туралы заң бойынша ресми органдардың есебіне қараса, амнистияға енгендердің 50 пайызына дейін заңсыз босатылған екен. Құқық қорғау органдары оларды жазасын өтеуге қайтарды. Демек, қаншама мекеменің басшылары жалған құжат жасады деген сөз. Ал жалған құжат неге жасалады? Оны біреу мол қаржымен жалған құжат жасауға жетелеп отырған болуы мүмкін.
Сондықтан мемлекет сақ болу керек. Құқық қорғау органдарында және сот билігінде әлі реформа толық жүріп біткен жоқ. Сот жүйесі Конституция бойынша биліктің басты тармағының бірі болса да оларда реформа болған жоқ. Өйткені мемлекеттегі кез келген істе заңдылықты сақтайтын, тіпті президенттің өзінің жарлығын тоқтататын күші бар орган – сот билігі. Әділ Қазақстан құру үшін, заң мен тәртіп қағидасына сәйкес келетін құқық қорғау органын қалыптастыру үшін сот билігіне реформа жүргізу керек. Ал амнистия туралы заңды мемлекеттің азаматтарға, кәсіпкерлерге беріп отырған тағы бір мүмкіндігі деп есептеймін. Сондықтан оны қолдаймыз. Бірақ заң әділ қолданылып, қылмысын мойындаған, өкінген адамдар рақымшылыққа ілінуі қажет. Заңды әділ жүзеге асыру құқық қорғау органдарына байланысты.

Әкімшілік амнистия
Елде алғаш рет әкімшілік амнистия жарияланып отырғанын айттық. Демек осы жолы қылмыс жасап, түрмеге түскендер ғана емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған азаматтарға да рақымшылық жасалады. Көпшілік кейінгі кезде Қазақстанда айыппұл өте көбейіп кеткенін айтып жүр. Тіпті ел арасында «Штрафстан» деген сөз тарап, оны Азат Перуашев сияқты депутаттар Мәжілісте айтып, президенттен сын естіген болатын. Айтпақшы, Тоқаев «Штрафстан» сөзін Парламент мінберінде айтқан депутаттарды жақында тағы сынап, Перуашев тағы ақталып, әуреге түсті. Тіпті ел арасында бұл сын «Ақ жол» партиясының Құрылтай сайлауындағы нәтижесіне әсер етуі мүмкін деген болжам айтылып жүр.
Сонымен, ел тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық аясында 1,4 млн құқық бұзу әрекеті бойынша шамамен 21,2 млрд теңге айыппұл кешірілмек. Мұның көбі полиция салған айыппұл сияқты. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, амнистия Әкімшілік кодекстің 58 бабын қамтиды. Билік 500 мыңнан аса азаматтың қарызын кешіріп, 17 млрд теңгеден асатын 1 миллиондай айыппұлдың күшін жояды. Жаңа Конституция қабылданған күнге дейін (2026 жылы 15 наурыз) төленбеген айыппұлдар амнистияға ілінеді.
Бірақ жол ережесін өрескел бұзып, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендер (мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне өткен, жылдамдықты асырған) амнистияға ілінбейді. Сондай-ақ мас болып көлік тізгіндеген, мас адамға көлік жүргізуге рұқсат берген және көлік құралын сапасыз жөндеу салдарынан адам зардап шеккен немесе қаза тапқан жол апатына себеп болған адамдар тізімге кірмейді. Бұдан бөлек жол ережесін бір жыл ішінде бірнеше рет бұзған жүргізуші жазадан босатылмайды. Абзал Құспанның айтуынша, сот салған айыппұлға және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер үшін салынған айыппұлға әкімшілік рақымшылық жасалмайды.
Ал амнистияға ілігетін құқық бұзу әрекеттері: жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы; жол белгісі мен таңбасының талабын сақтамау; тыныштықты бұзу; белгіленбеген жерде темекі шегу; қауіпсіздік белдігін тақпау; рөлде телефон пайдалану; жарамсыз жеке куәлікпен жүру және билетсіз жол жүру. Азаматтар амнистия аясында айыппұлын өшіру жөнінде өтініш бермейді. Айыппұл мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жойылады. Рақымшылық критерийіне сай келетін айыппұл жойылмаса ғана уәкілетті органға шағым түсіре алады.
Айтпақшы, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша жауапқа тартылған адамдарға рақымшылық жасауды «жалынып сұрады». Ол әлемжеліде пікір жазғаны үшін сотталған азаматтарға кешірім беру керек деп санайды. «Бізде әлеуметтік желіде пікір жазып, түрмеге түскен азаматтар бар. Сол азаматтарды амнистияға іліктіруге көмектесейікші. Баршаңыздан жалынып сұраймын, тым болмаса осы 274-бап бойынша жауапқа тартылған адамдарға кешірім жасайықшы», – деді депутат әріптестеріне қарата.
Қоғамда 274-бапқа қатысты дау көп. Құқық қорғаушылар мен медиа ұйымдар бұл бап сөз еркіндігін шектейді деп есептейді. Қазір осы бап бойынша бірнеше журналист, блогер, белсенді істі болып жатыр. Оның кейбірі үйқамақта, кейбірі тергеуде отыр, сотталғандары да бар. Көпшілік бұл бапты қайта қарауды, тіпті қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыруды сұрап жүр.
Тағы бір мәжілісмен Николай Арсютин мас болып, көлік жүргізетін азаматтарға жазаны жеңілдетуді сұрап жүр. Ол жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 7 жылдан 4 жылға дейін қысқартуды ұсынды. «Толық рақымшылық жасамай-ақ қоялық. Ең құрығанда жаза мерзімінің жартысын өтеген азаматтарға жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға қысқартуды қарастырсақ дұрыс болар еді», – деді Арсютин. Бірақ ІІМ өкілі оның бұл ұсынысын қолдай қоймады. Полицейлер мас болып, рөлге отыру ауыр қылмыс деп санайды.
Қуаныш Қаппас