Сараптама

Көлгінов Маминді тыңдамайтын сияқты

Сонау көктемнен бастап Көлгіновті «кешкі» кездесуге шақырып жүрген астаналықтар «көрмейтін», «естімейтін» әкімдерін үйінен шығара алмаса да, аздаған (уақытша?

Көлгінов Маминді тыңдамайтын сияқты

) жеңіске қол жеткізгендей болған. 1000-нан аса пәтерден тұратын 18-24 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан Қабанбай мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос жерге әкімдік мектеп пен оқушылар сарайын салып берсін деген талаптарын орындата алмай келе жатқан тұрғындардың зары тоғыз ай дегенде премьер-министр Асқар Маминнің құлағына да жетіпті. Мәжіліс депутаттарының үкімет басшысына жолдаған сауалына Мамин дүйсенбі күні қала әкімдігіне тұрғын үй құрылысын тоқтату туралы тапсырғанын айтып, жауап берді. «Тексеру нәтижесінде акт жасалып, Нұр-Сұлтан әкімдігімен анықталған заңбұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша рұқсат етілген құжаттарды қайтарып алу қолға алынды және жіберілген қателіктерді түзеу бойынша іс-шара жоспары жасалды. Бұдан былай Нұр-Сұлтан әкімдігі қала құрылысы құжатын құрылыс нысаны мен қоғам пікірін ескере отырып жүргізетін болады», – деген премьер-министр депутаттық сауалға жауабында.

Бірақ тұрғындардың бастамашыл тобы түсірген шағымнан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы тексеріліп, әкімдікке ескерту берілгенімен, Көлгінов Маминнің сөзін тыңдамайтын сияқты. Өйткені тұрғын үй құрылысына наразы тұрғындар аталған жерде құрылыс жұмыстары әлі тоқтамағанын айтады. «Ешқандай мемлекеттік орган құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шара қолданған жоқ. Жағдай қоғамда кеңінен резонанс тудырды. BI GROUP компаниясы мемлекеттік шешім мен Қазақстан Республикасы заңын қасақана бұзса да, ешқандай жазаға тартылмайтынын көрсетіп отыр. Одан да сорақысы, құқық қорғау органдары оқушысы сыймай жатқан, үш ауысымды №59 мектеп-лицейінің аумағынан  «Поколение» ТК кешені құрылысын салуға жол берген қалалық кеңес мүшелері әкім Алтай Көлгінов, оның орынбасары Нұрлан Нұркенов және бас сәулетші Нұрлан Ұранхаевқа қатысты шара қолданбай отыр», – дейді белсенді тұрғындар.

Тұрғындар бұған дейін де адамдар тығыз орналасқан ауданда тағы бір тұрғын үй кешенін салу ауданның экологиялық жағдайын қиындатып қана қоймай, мыңдаған оқушының тегін білім алу туралы құқығын шектейтінін айтқан. Онсыз да оқушы сыймай жатқан мектептің жанынан (ауданда мектептегі орын жетіспеушілігі 1700-ге жеткен) тағы бір 1000 адамдық тұрғын үй кешенін салу, расында, ақылға онша сыя қоймайды. «Жас Алаш» ылғи да назарда ұстап келе жатқан бұл даудың соңы немен аяқталары белгісіз. Бір анығы, соңғы күндері басынан дау арылмай қойған Көлгінов Маминнің ескертуін де естімей қалған секілді. Әйтпесе «шешіміңді өзгерт» деп, тайға таңба басқандай қылып депутаттық сауалға жауап берген премьер-министрдің сөзінен кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылуға тиіс еді. Әлде бұл жұмыстар – құрылысты бұзу жұмыстары ма екен?!

Бұл жерде құрылыс жұмыстарын тоқтатумен іс бітпейтіні анық. Соншама құрылысқа кеткен ақшаның өтемін кімнен сұраймыз, уақыттың шығынын кім өтейді? Сірә, бір «қызық» басталып келе жатқан сияқты. Тұрғындар айтқандай, әкімдіктің құрылыс компаниясымен жеңұшынан жалғасуы сыбайлас жемқорлықтың иісі шығатындай ма? Бастамашыл топ «Поколение» ТК құрылысын тоқтатпай тынбаймыз» деп отыр. Маминнің сөзі өтпесе, президентті тыңдар деді ме екен, «Көлгіновке қой деңізші» деген өтінішті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да айтыпты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тез арада араласып, тұрғындардың бұзылған құқығын қайтарып беруді, сонымен қатар заң бұзу бойынша қалыптасқан жағдайға қатысы бар мемлекеттік шенеуніктер мен өзге де тұлғаларды жауапқа тартуды сұраймыз», – дейді.

Басқа – басқа, мақтаулы елордада, атақты сол жағалауда, дәл Ақорданың тұмсығының астында болып жатқан мұндай жағдайға «еститін мемлекет» құруды көксеп жүрген Тоқаев немқұрайды қарамас деп сенеміз.

Тегтер: Без Тега
Алмас Нүсіп
Алмас Нүсіп Алмас Нүсіп

Оқыңыз