Қ.Сатыбалдыдан қайтқан Hilton босатылмай, «Байсат» сатылмай тұр
Жақында Қайрат Сатыбалдыға қатысты бірнеше ақпарат тарады. Оның бірі – Алматыдағы «Байсат» базары туралы.
Бұрын Назарбаевтың немере інісіне тиесілі сауда орны бірнеше мәрте аукционға шығарылса да, өтпей тұр. Мемлекет меншігіне өткен DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі екі жылға жуық уақыт бойы толық босатылмай, сот дауына айналды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл процестердің ашықтығына күмән келтіріп, қонақүйді босату мен кейінгі сатылым «ескі Қазақстан» өкілдерінің мүддесіне жұмыс істеп кетуі мүмкін деген пікір білдірді. Бұған қоса, Сатыбалдының әскери-спорт колледжінің мерейтойына қатысуы да қоғамда дау тудырып, оқу орнының директоры қызметінен кеткені есте.

Hilton қонақүйін кім сатып алады?
Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған ірі активтердің бірі – Алматыдағы DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі. Бас прокуратура мәліметінше, бұл қонақүй 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекетке сыйға тарту шарты бойынша өткен. Яғни заң жүзінде нысан мемлекет меншігіне берілген. Алайда мәселе дәл осы жерден басталған. Қонақүйді пайдаланып келген «АБЛИ-Құрылыс» және Abli-hotels компаниялары нысанды босатпай, оны пайдалануды жалғастырған. Мемлекеттік мүлік органдары сотқа жүгініп, қонақүйді босату туралы шешім шығаруға қол жеткізген. Бұдан бөлек, сот арқылы Abli-hotels компаниясынан мемлекеттік мүлікті нақты пайдаланғаны үшін 1,1 млрд теңгеден астам қаржы өндірілген.
Бірақ сот шешімдері заңды күшіне енсе де, қонақүй бірден босатылмай, компаниялар ұзақ уақыт бойы нысанды бермей келген. «АБЛИ-Құрылыс» сот орындаушыларының әрекетіне бірнеше рет шағым түсірген. Биыл мамырда жеке сот орындаушысы қонақүйден мәжбүрлеп көшіру шарасын белгілеген. Компания өкілдері нысанды 1 маусымға дейін босатуға жазбаша уәде бергенімен, бұл міндеттеме де орындалмаған. Соңында полиция сот шешімін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Осы жерде «Мемлекетке өткен мүліктің өзі неге екі жылға жуық уақыт бойы толық мемлекет бақылауына өтпей келді? Егер сот шешімі бар болса, оның орындалуына не кедергі болды?» деген сұрақ туады. Осы мәселе Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың да назарын аударды. Ол бұған дейін DoubleTree by Hilton қонақүйінің сатылымы ашық өтетініне күмән келтірген. Депутаттың пікірінше, бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған активті кейін оған қатысы бар құрылымдар қайта сатып алуы мүмкін деген қауіп бар.
Депутат қонақүйдің бағасына да күмән келтірді. Оның айтуынша, активтерді қайтару жөніндегі комиссия арқылы нысан 4 млрд теңгеге бағаланған, ал тәуелсіз сарапшылар оның құны 11 млрд теңгеден асатынын айтады. Депутат осы айырмашылыққа назар аударып, «әлемдік деңгейдегі, Алматының орталығында орналасқан қонақүй неге соншалықты арзан бағаланды?» деген сұрақ қойған.
Оның пайымынша, мұндай бағалау кейін нысанды мүдделі компаниялар арқылы төмен бағамен қайта сатып алуға жол ашуы мүмкін. Депутат сондай-ақ қонақүйді босату және ғимаратты дайындау процесі «ескі Қазақстан» өкілдерінің мүддесіне жұмыс істеп кетуі ықтимал деген күдігі барын да жасырмады.
Бас прокуратура бұған жауап беріп, мемлекеттік органдар бұл жағдайда мемлекет мүддесі үшін және өз өкілеттігі шегінде әрекет еткенін мәлімдеді. Бас прокурор Берік Асылов жауабында үшінші тұлғалардың мүддесіне жұмыс істеу белгілері анықталмағанын айтады. Қаржы министрлігі дерегінше, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес саудаға шығарылмақ.

Байсат» базарынеге өтпей тұр?
Қ.Сатыбалды активтерінің ішіндегі тағы бір ірі нысан – Алматыдағы «Байсат» базары. Бұл – қаладағы ең ірі көтерме-бөлшек сауда орындарының бірі. Бұрын ол Қайрат Сатыбалдының отбасына, соның ішінде ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға қатысы бар компаниялармен байланысты еді. Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды базардың негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарғаны айтылды. Ал ұлына тиесілі компаниялардың үлесі сот шешімімен мемлекет меншігіне тәркіленген. Тергеу кезінде базардың заң бұзушылықпен және төмендетілген бағамен жекешелендірілгені анықталғаны белгілі болды.
Алайда мемлекетке өткен бұл активті сату оңай болмай тұр. Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, «Байсат» базары бірнеше рет аукционға шығарылғанымен, инвесторлардан өтінім түспеген. Алғашында нысанды 28,6 млрд теңгеге сату жоспарланған. Кейін баға 26,7 млрд теңгеге төмендетілген. 2026 жылдың қаңтарында базар 24,7 млрд теңгеге ұсынылған. Бірақ сатып алушы бәрібір табылмаған.
Комитет басшысы мұны сұраныстың аздығымен немесе инвесторларда мұндай көлемдегі қаражаттың болмауымен байланыстырды. Егер нысан бұдан әрі де сатылмаса, оны Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылуы мүмкін.
«Байсат» оқиғасы қайтарылған активтерге қатысты үлкен проблеманы көрсетеді. Қылмыстық немесе күмәнді жолмен жекешелендірілген мүлікті мемлекетке қайтару – процестің бірінші бөлігі ғана. Екінші бөлігі – оны қоғамға пайдалы етіп басқару. Ал дәл осы екінші кезеңде мәселе туып отыр.

Қайрат Сатыбалды колледжге не үшін барды?
Қайрат Сатыбалдының аты тек активтерге қатысты ғана емес, қоғамдық кеңістікте қайта көрінуімен де шыға бастады. Соның бірі – Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің 40 жылдық мерейтойына қатысуы. Биыл 8 мамырда колледж мерейтой өткізген. Сол іс-шарада Қайрат Сатыбалдының жүргені туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Кейін қолданушылардың сынынан соң видео өшірілген. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда Қ.Сатыбалдының колледж ұжымына теледидарлар сыйлап жатқаны бейнеленген. Ол бұл оқу орнын 1986 жылы бітірген түлек ретінде барғаны сөз болды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, министрліктің іс-шараға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, колледждің 40 жылдық мерейтойын түлектер ұйымдастырған, ал Сатыбалды сол мекеменің түлегі ретінде келген. Вице-министр Қ.Сатыбалды студенттер алдында дәріс оқыды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Алайда қоғамдық сын мұнымен тоқтаған жоқ. Себебі қоғам қарапайым түлекті емес, бұрын аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған, мемлекетке жүздеген миллиард теңгенің активін қайтарған адамды талқылады. Сондықтан оның әскери бағыттағы оқу орнына барып, салтанатты іс-шарада құрметті қонақ ретінде көрінуі наразылық туғызды. Осы оқиғадан кейін колледж директорының жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

Ермұрат Бәпи, мәжіліс депутаты: «Хилтонды» Сатыбалдыға кім және қалай өткізгені әлі ашық айтылған жоқ
Бас прокуратура (БП) құзіретті және беделді орган. Бірақ оның «Хилтон» отелі жөнінде депутаттық сауалыма қайтарған жауабы менің көңілімді көншітпегі былай тұрсын, нақты қалыптасқан жағдайдың маңы түгілі, шаңына жуықтамайды. Мен сізге бір беделді Телеграмм-арнадан көшірілген скрин-шотты жіберейін, көшіріп басуыңызға болады. Міне, сол Телеграммда «Хилтон» қонақ үйі экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының активі санатында мемлекетке қайтарылғаны жазылады.
Ал мен бұған дейінгі бірнеше депутаттық сауалымда басқа бір меншік иесінің мүлкі саналатын бұл отель қалай және қашан, қандай жағдайда Сатыбалдыға өтіп кеткенін сұраймын. Ал БП бұл сұраққа ләм-мим жауап бермейді.
Рас, анығында Қайрат Сатыбалды «Хилтонды» өзінің мүлкі ретінде ҚР Үкіметі жанындағы елден жылыстатылған активтерді қайтару жөніндегі комиссияға өткізген. Ал комиссия тіркеуге алған активті Мемлекеттік мүлік комитетіне кірістеу жөнінде ҚР Үкіметі қаулы шығарып, Меммүлік комитеті оны аукцион арқылы сатып жібермек.
Ал қонақүй мемлекетке 2023 жылдың қыркүйегінде қайтарылғанымен, іс жүзінде екі жылға жуық уақыт бойы толық босатылмағанының себебі екеу: біріншіден, Сатыбалды мен оның мүриттері жасаған былықтар сот арқылы заңдастырса да, отельді тізеге салып, сатып жіберу оңай болмай жатыр. Екіншіден, бір топ «сақалды» нөкерлерімен сау етіп келіп, қонақ үйін басып алған Сатыбалдының рейдерлік әрекетін мен депутат ретінде парламенттің пленарлық отырысында жария етіп, бұл қылмыстың айрандай ашылуына ықпал еттім.
«Парламент депутаты ретінде бұл процеске қоғамдық бақылау жүргізуді жоспарлайсыз ба?» деген сұрағыңызға келетін болсақ: Мен депутат ретінде қалсам да, парламенттен кетсем де, бұл мәселені тұрақты журналистік бақылауымда ұстаймын. Себебі – бұл әлдебіреудің соңына түсу емес, бұл әділет пен ақиқатқа араша түсудің міндеті! Егер отельді аукционнан Сатыбалдымен ымыралас компания арзанға сатып алып жатса, мен бұл алаяқтықты президент Тоқаевтың назарына жеткізуге тырысам. Бұл азаматтық принциптік парыз!

«Қайтқан малда» қайыр бар ма?
Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі ретінде ұзақ жылдар бойы саяси және экономикалық ықпалға ие тұлғалардың бірі саналды. 2022 жылы Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларындағы аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталды. Кейін оның мемлекетке қайтарған активтері туралы деректер бірінен соң бірі жариялана бастады.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық жолмен кіріс алып, сол қаржыны заңдастыруға байланысты бірнеше әрекетке барған. Қылмыстық жолмен тапқан ақшасына Қазақстанда 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алғаны айтылды. Бұдан бөлек, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Түркиядан да мүлік алған. Ұсталған жылы-ақ ол алты ай ішінде 40 млрд теңгені қайтарды. 2023 жылы қайтарылған активтер сомасы 138 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 650 млрд теңгеге дейін өсті. Кейін жалпы сома 732,8 млрд теңгеге көбейгені айтылды.
Антикор мәліметінше, құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық нысан мемлекет меншігіне берілген. Оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік нысаны, 37 көлік және өзге де мүліктер бар. Бұл ғимараттар қатарында Алматыдағы құны 33,5 млрд теңгелік Kaisar Plaza, 7,9 млрд теңгелік Kaisar Tower, 8,9 млрд теңгелік «АрСат», 5,2 млрд теңгелік Maisat бизнес орталықтары, 8,9 млрд теңгелік «Мегатау» сауда орталығы, 15,9 млрд теңгелік «Байсат» базары және 31,3 млрд теңгелік жеке үйлер мен коттедждер аталды.
Астанадағы «Оптимум» бизнес орталығы, жеке үйлер, Ақмола облысындағы «Арнасай» және «Барап» резиденциялары да мемлекетке өткен активтер қатарында көрсетілді. Астана мен Алматы қалаларында мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асатыны сөз болды. Ақмола облысы Барап ауылындағы 135 гектар жер Астана қаласының білім басқармасына берілген.
Бас прокуратура кейін тағы 50 млрд теңгенің қайтарылу процесі жүріп жатқанын хабарлады. Оның 18 млрд теңгесі тәркіленгені айтылды. Тінту кезінде алынған 95 мың доллар арнайы мемлекеттік қорға аударылған. Бұдан бөлек, БАӘ-дегі құны 192 млн теңге болатын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin көліктері, жүздеген миллион теңгеге бағаланған эксклюзивті зергерлік бұйымдар, бренд сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар мемлекет меншігіне өткен.
Қайрат Сатыбалдыдан соншама мал-мүлік тәркіленгенімен оның атында әлі де компаниялар бар. Қазіргі күнде ресми түрде Сатыбалды атында 3 компания тіркеліп тұр. Олар: «Қайрат» Халықаралық қайырымдылық қоры» жеке қоры, «Алатау Капитал Инвест» ЖШС және «Ақ Орда» Республикалық Қозғалысы» қоғамдық бірлестігі. Бұл компаниялардың қаржы айналымы, төлеген салығы, мемлекеттен алған тендерлері туралы бұрын да жазғанбыз.
Сатыбалдыдан қаншама мүлік мемлекетке өткенімен оның атында осы үш қана компания қалды дегенге жұрт сенбейді. Депутат Ермұрат Бапидың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жария еткен деректерде Қайрат Сатыбалды активтерінің тізімі толық емес. Оның мұнай-газ саласындағы активтері көрсетілмеген. Әртүрлі банктердегі үлестері туралы да ақпарат жоқ.
Қайрат Сатыбалды ісі Қазақстанда ықпалды адамдардың байлығының бір бөлігі мемлекетке қайтарылғанын көрсетті. Бірақ бүгінгі оқиғалар бұл процестің аяқталмағанын аңғартады. DoubleTree by Hilton қонақүйі мемлекетке өткен соң да ұзақ уақыт босатылмай келді. «Байсат» базары мемлекетке өткенімен, сатылмай қалды. Колледждегі оқиға Сатыбалдының қоғамдық ортаға қайта көрінуі жұрт ішінде әлі де ауыр қабылданатынын көрсетті. Ал қайтарылған активтердің толық тізімі мен олардың кейінгі тағдыры туралы сұрақтар әлі де көп.
Мұндай жағдайда басты талап – ашықтық. Мемлекетке қайтарылған әрбір ірі актив кімнен алынды? Қандай негізде мемлекетке өтті? Қаншаға бағаланды? Қазір кімнің басқаруында? Одан бюджетке қандай пайда түсті? Кім сатып алады? Сатылмаса, қай органға беріледі? Осы сұрақтардың жауабын қоғам білуі керек.
Егер бұл сұрақтарға нақты жауап болмаса, қайтарылған активтерге қатысты күдік те сейілмейді. Өйткені қоғам үшін әділеттілік тек сот үкімімен немесе миллиардтардың аталуымен ғана өлшенбейді, сол байлықтың халыққа нақты пайда әкелуімен де өлшенсе керек-ті.
Тұрсынбек БАШАР