КҚК тағы шабуылға ұшырады. Қазақ мұнайы қайда барады?
Қазақстанның экономикалық күретамыры саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тағы шабуылға ұшырады.
Бұл жолғы дрон шабуылы негізінен мұнай тиейтін танкерлерге бағытталған. Reuters сияқты халықаралық басылымдар, кеме иелері Новороссийск терминалына танкер кіргізуден тартынып отырғанын хабарлады. Салдарынан консорциум Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатқан.
Шілде айының басынан бері КҚК теңіз терминалы маңында бес мұнай танкеріне дрондар шабуылдаған. Алдымен 17 шілде күні Новороссийскідегі КҚК терминалдарына бара жатқан ExxonMobil компаниясы жалдаған Nordic Zenith танкеріне шабуыл жасалды. Reuters агенттігі хабарлағандай, соққы салдарынан танкерде өрт шығып, экипаж мүшелері оны өз күшімен сөндіруге тырысқан. Құтқарушылар экипаждың 13 мүшесін эвакуациялаған.
19 шілдеде екінші соққы жасалды. Дрондар Новороссийск түбінде КҚК терминалына шабуылдап, екі танкер зардап шеккен (ASIA және NISSOS IOS кемесі). Шабуыл шикізатты тиеп жатқанда болған. Салдарынан кеме өртеніп, өртті сөндіруге тура келген. Абырой болғанда теңізге мұнай төгілмеген. КҚК өкілдері мен Қазақстан Энергетика министрлігі шабуыл кезінде терминал экипажы мен қызметкерлер зардап шекпегенін хабарлады.
Сондай-ақ 20 шілдеге қараған түні Қара теңіздегі терминалдан мұнай тиеп жатқан Nelsa танкеріне дрон шабуылы жасалды. Консорциум өкілдерінің мәліметінше, кеменің бірнеше жерінен өрт шығып, экипаждың 22 мүшесі эвакуацияланған, өрт бірнеше сағаттан кейін сөндірілді. Бұл жолы да адамдар зардап шеккен жоқ.
Осы шабуылдардан кейін танкерлердің иелері өз кемесін КҚК теңіз терминалына жіберуден тартынып қалған. Тіпті бұған дейін «қазақстандық жүк тасымалдаушылар жалдаған он танкер КҚК терминалына бармай, Түркия жағалауындағы айлақта тұр» деген ақпарат тарады. Танкерлер келмегендіктен, консорциумның мұнай базасы аузы-мұрнынан шыға толып, Қазақстаннан мұнай қабылдауды уақытша тоқтатқан деген дерек бар. Бірақ бұл проблеманы түбегейлі шеше алмайды. Өйткені Қазақстандағы мұнай кеніштері (Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ) үздіксіз өнім шығарып жатыр, КҚК өнім қабылдамаса, олар өндірісті шектеуге мәжбүр болады. Олардың да мұнай сақтайтын цистерналары бар екені рас, бірақ олар бес күнде толып қалады. Демек, КҚК қабылдамаса, қазақ мұнайының барар жер, басар тауы қалмайды.

Бұл жағдай Қазақстан билігінің арқасына аяздай батып отыр. Өйткені Каспий құбыр желісі біздің ел үшін өте маңызды. Қазақстан экономикасы мұнайға қатты тәуелді екенін білеміз, бюджетке түсетін кірістің басым көбі мұнай сатудан келеді. Ал саудаға шығатын қазақ мұнайының 80 пайызы осы КҚК арқылы экспортталады. ҚР Энергетика министрлігінің есебінше, 2025 жылы экспортқа шыққан 78,7 млн тонна мұнайдың 64,8 млн тоннасы КҚК арқылы тасымалданған. Сондықтан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі шоқ басқандай шырылдап, шабуылды тоқтатуға шақырып жатыр. Олар бұл шабуылды «елдің экономикалық мүддесіне қол сұғу» деп бағалады.
«КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу операциясы жүріп жатқанда танкерлер дрон шабуылына ұшырады. Кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеп жатқан. Танкерлердің бортында халықаралық экипаж мүшелері болған. Шабуыл салдарынан танкерлерде өрт шықты, экипаждардың жедел іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары зақымданған жоқ. Теңіз акваториясына мұнай төгілмеді.
ҚР Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған мұндай шабуылдарды орынсыз әрекет деп санайды. Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергетикалық ресурстың халықаралық сауда тетігін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүддесіне елеулі зиян келтіреді», – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Біз Энергетика министрлігіне хабарласып, КҚК қазақ мұнайын қабылдауды тоқтатты деген ақпараттың мән-жайын сұрағымыз келген. Бірақ министрліктен жауап алу мүмкін болмады. Ал Сыртқы істер министрлігі біршама қатаң мәлімдеме жасап, шабуыл жасаған тарапты айыптады.
«Қара теңіз акваториясында заңды түрде мұнай тасымалдап жүрген азаматтық кемелерге дронмен жасалған шабуылды қатаң айыптаймыз. Бұл шабуылдарды Қазақстанның экономикалық мүддесіне қол сұғу, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарық пен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін бұзуға бағытталған қасақана әрекет деп санаймыз. Бұл шабуыл азаматтық кеме экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етеді. Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз», – деп жазды ҚР СІМ.
Қазір Украина Ресейдің әскери және энергетика нысандарын жиі нысанаға алып жүргенін білеміз. Бірақ КҚК-ға шабуылды нақты кім ұйымдастырғаны белгісіз. Қазақстандық тарап та шабуылды нақты Украина жасады деген жоқ. Естеріңізде болса, былтыр желтоқсанда Украина дрондары КҚК теңіз терминалына шабуыл жасағанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі шабуылды «агрессиялық акті» деп айыптап, мұны «Қазақстан мен Украинаның екіжақты қатынасына кері әсер ететін әрекет» деп бағалаған. Яғни Киевке тікелей ескерту жасаған. Ал бұл жолы ешкімді ашық айыптамады.
Сондай-ақ украиндер де бұл шабуылды өз мойнына алған жоқ. Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор МАЙКО КҚК инфрақұрылымы мен танкерлерге жасалған шабуылдарға Киевтің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Елшінің айтуынша, бұл шабуылдарды Украина жасағанын дәлелдейтін айғақ жоқ. Майко: «Ресей украин дрондарын радиоэлектрондық құрал арқылы бақылауға алып, арандату мақсатында пайдалануы мүмкін», – деген күдігін айтты. Ресми Киев Украина қарулы күштері тек әскери нысандарды нысанаға алатынын алға тартып келеді.
Украина бұған дейін Ресейдің мұнай инфрақұрылымын заңды әскери нысана деп санайтынын хабарлаған. Демек, Киев Ресей аумағында орналасқан КҚК нысандарына шабуыл жасамайды деп кесіп айту да қиын. Бірақ КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың басым көбі (шамамен 80 пайызы) Қазақстан кеніштерінен шығатынын ескерген жөн. Мысалы, 2025 жылы консорциум экспортқа 70 млн тонна мұнай жіберген, оның 64 млн тоннасы қазақстандық шикізат болды. Сондықтан КҚК-ға жасалған шабуыл ең алдымен Қазақстанға әсер етеді. Өйткені Қазақстан үшін мұнай тасымалдайтын КҚК-ға балама бағыт жоқ. Қазақ мұнайының басым көбі осы құбыр арқылы экспортқа шығады. Яғни Каспий құбыр желісі – Астананың сыртқы саясаттағы ең осал тұстарының бірі. Мысалы, Кремль кейде Астанаға қысым жасау үшін осы жолды жауып тастайтыны жасырын емес. Ал қазіргі соғыс жағдайында ол тіптен нәзік нүктеге айналды. 2025 жылы КҚК-ға 4 мәрте шабуыл жасалып, айлақтар жабылған. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.
Энергетик Әсет НАУРЫЗБАЕВ Қазақстан үшін әзірше КҚК-дан басқа тиімді жол жоқ екенін айтады.
«Бізде айтарлықтай таңдау жоқ. Баку – Жейхан бағытын төтенше жағдайдағы балама ретінде қарастыруға болады, өйткені қымбат болса да, белгілі бір мүмкіндік береді. Бірақ оның қуатын КҚК-мен салыстыруға келмейді. КҚК арқылы жылына шамамен 65 млн тонна өткізе аламыз, ал Баку – Жейхан толық күшпен жұмыс істегеннің өзінде оның бір бөлігін де алмастыра алмайды. Демек, біз қазіргі бағытқа қатты тәуелдіміз. Өйткені бұл біздің мұнайды экспорттау үшін ең арзан әрі ең ірі арна болып отыр», – дейді сарапшы.

Ең басты мәселе – ел билігінің тәуелсіздік алғаннан бері балама бағыт тауып, КҚК мен Ресейге тәуелділіктен ертерек құтылуға тырыспағанында. Басқаша айтқанда, мұнай экспорты тек КҚК арқылы өтіп, ел экономикасы бір ғана құбырға тәуелді болып қалған. Мұны биліктің стратегиялық қателігі деп бағалауға болады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс ел экономикасын бір құбырға байлап қою аса қауіпті қадам екенін анық көрсетті.
Билік кейінгі кезде ғана Транскаспий бағыты, «Баку-Тбилиси-Жейхан» бағыты сияқты жобаларға көңіл бөле бастады. Бірақ бұлар тез арада жүзеге асатын жұмыс емес. Оның үстіне олардың тасымал көлемі КҚК-мен салыстырғанда өте төмен. Мысалы, 2024 жылы Әзербайжан аумағы арқылы 1,5 млн тонна қазақ мұнайы экспортқа шығыпты. Ал 2025 жылы «Атырау-Самара» құбыры арқылы – 11 млн тонна, Ақтау порты арқылы – 3,2 млн тонна мұнай тасымалданды. Сондай-ақ балама бағыттардың тасымал құны да өте жоғары. КҚК арқылы тасымал құны тоннасына 38 доллар болса, Атыраудан Босфорға мұнай жеткізу бұдан үш есе қымбатқа түседі.
Қысқасы, Астана Каспий құбыр желісіне кіндігінен байланған. Дәл қазір одан қол үзу қиын. Мұнай құбыры түрлі себеппен жабылған сайын іштей тулағанымызбен, қолдан келер қайран жоқ. Өйткені КҚК-ға кіріптар күйден арылатын балама бағыт таба алмай отырмыз.

Мұнай-газ сарапшысы Абзал НАРЫМБЕТОВ КҚК жабылғанда шығатын шу бірреттік проблема емес, жүйелі қателіктің салдары екенін айтады.
«КҚК-ға шабуыл Қазақстанның экспорттық инфрақұрылымы қаншалық осал екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді. Осы тұста «Біз мұнай экспортының 80 пайызы бір ғана инфрақұрылым желісіне тәуелді болып қалған жағдайға қалай жеттік?» деген сұрақ туындайды. Кейінгі 11 жылда КҚК-ның мұнай экспортындағы үлесі 40-тан 80 пайызға жетті. Яғни КҚК Қазақстан үшін өндіріс көлемі мен шетел валютасынан түсетін табысқа тікелей ықпал ететін монополиялық дәлізге айналған.
Енді не істеу қажет? Бізге уақытша шешім немесе шұғыл жоспар қажет емес. Керісінше, жүйелі түрде жасалған ұзақ мерзімді диверсификация бағдарламасы қажет. Ол бағдарлама мыналарды қамтуы тиіс: Каспий бойынша логистиканы кеңейту; Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша тұрақты дәліз қалыптастыру; Шығыс бағытты дамыту; Танкер-құбыр негізіндегі гибрид модель құру; Меморандум жасаумен шектелмей, нақты әрекеттер жасау. Осы жұмыстар жүзеге аспаса, қазіргідей жағдайлар алдағы уақытта да қайталана береді», – дейді маман.
Каспий құбыр консорциумы – қазақ мұнайы ғана емес, Ресей мұнайының да бір бөлігін тасымалдайды. Демек, бұл нысанның соғыс нысанасына айналғанына таңғалудың қажеті жоқ. Жауапты шенділер соғысып жатқан тараптарды айтыптаумен шектелмей, шикізатты шетелге сататын тың жол іздеп тапқаны жөн.
Қуаныш ҚАППАС