Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 13 Маусым 2024

Мәсімовтің хаты. Назарбаев араағайындыққа жүре ме?

Мәсімов
Фото:Жас Алаш коллаж

«Мемлекетке опасыздық жасады», «билікті басып алуға оқталды» және «қызмет өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен 18 жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов кешірім беруді сұрап, өтініш жазды деген ақпарат тарады.

Билік Қаңтар оқиғасына кінәлі басты адам ретінде көрсеткен Мәсімовтің кешірім сұрауға ұмтылғаны жұртқа ұнаған жоқ. Халық оған кешірім беру былай тұрсын, кешірім сұрауға өтініш жазғанына наразы болып отыр. Былтыр ғана сотталған Мәсімов қандай да бір кешірімге немесе жеңілдікке ие болса, «Жаңа Қазақстан» ұранының ұмыт қалғаны дейді көпшілік.

ҰҚК мекеменің бұрынғы басшысы кешірім беру жөнінде өтініш жазғанын отандық БАҚ-қа растады. Өтініш биыл наурызда жазылыпты. Заң бойынша мұндай өтінішті алдымен президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия қарайды. Алайда комиссия төрағасы Марат Башимов Мәсімовтің өтінішін әлі алмағанын хабарлады.

Башимов президентке кешірім беру туралы өтініш жолдаудың бірқатар заңды талабы бар екенін айтты. Оның айтуынша, өтініш түскеннен кейін комиссия ақпарат жинау үшін жоғарғы сотқа, бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне және сотталушы жазасын өтеп жатқан жерге сұраныс жіберіледі. Осыдан соң комиссия отырысы өтіп, кешірім беруге негіз бар-жоғын дауыс беру арқылы анықтайды. Дауыс беру қорытындысына сай комиссия өтінішті президентке жібереді немесе кейін қайтарады.

Мәсімовтің кешірім сұрайтын құқығы бар ма?

Мәсімов – 238 адамның өмірін жалмаған Қаңтар оқиғасы үшін ең ауыр жаза арқалаған адам. Яғни ресми түрде қанды трагедияға басты жауапкер. Оның үстіне ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге мемлекетті ұзақ жыл билеп, биліктің ең биік мінберінде болған адам. Екі рет үкіметті басқарып, ҰҚК төрағасы болды. Демек, ол диктатура мен жемқорлық жайлаған жүйе мен халқы кедей, экономикасы тұрақсыз мемлекетті қалыптастыруға белсене атсалысты деген сөз. Ендеше, осындай «қылмысы бастан асқан» адамның президенттен кешірім сұрауға қақысы бар ма?

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис кешірім беру – сотталған адамның қандай қылмыс жасағанына және қанша уақыт қамалғанына қарамайтынын айтты. Бірақ кешірім алған адам міндетті түрде түрмеден босайды деген сөз емес дейді.

Евгений Жовтис
Фото: ашық дереккөз

«Кешірім беру мен мерзімінен бұрын босатуды шатастыруға болмайды. Екеуі мүлде бөлек процедура. Шартты түрде босау үшін қылмыскер жаза мерзімінің белгілі бөлігін отырады. Екіншіден, келтірілген шығынды өтеу керек болуы мүмкін. Яғни мерзімінен бұрын түрмеден шығу үшін белгілі бір шарттар болады. Сол шарттың орындалған-орындалмағанына қарап Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша шешім шығарылады.

Ал кешірім беруге өтінішті кез келген уақытта жазуға болады. Бірақ кешірім беру – міндетті түрде түрмеден босату деген сөз емес. Мұндайда жаза мерзімін қысқартуы мүмкін немесе бір жаза түрін екіншісіне ауыстыруы мүмкін. Яғни оның бірнеше варианты бар. Кешірім беру-бермеу мәселесін адам құқықтары жөніндегі комиссия ұсынысы бойынша президент шешеді.

Мұнда сотталған адам адам құқықтары жөніндегі комиссияға өтініш жазып, өзіне не үшін кешірім беру керек екенін түсіндіреді. Істі президент жанындағы кешірім беру комиссиясы қарайды. Комиссияға қоғам белсенділері, президенттің заң мәселелері бойынша кеңесшісі, бас прокурордың орынбасары, адам құқығы жөніндегі уәкіл, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы және депутаттар кіреді. Комиссия құжатты қарап, дауыс беру арқылы президентке өтініш жазған адамға кешірім беру-бермеуді ұсынады. Бірақ президент комиссия шешімін орындауға міндетті емес, ол өзі шешім қабылдайды, бұл президенттің конституциялық өкілеттігі.

Демек, бұл екеуі екі түрлі құқықтық жағдай. Сіз сұраған Константин Сыроежкин мен Бағлан Майлыбаев жаза мерзімінің жартысын өтеп, мерзімінен бұрын босады. Бұларды Мәсімовтің жағдайымен салыстыруға келмейді. Мәсімовке қатысты мәселе кешірім жасау жөніндегі комиссияның құзыретінде, олар президентке кешірім жасауды ұсынады немесе ұсынбайды, ал соңғы шешімді президент қабылдайды.

Кешірім беру үшін мынша уақыт түрмеде отыру керек деген нақты талап жоқ. Сондай-ақ жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты да шектеу жоқ. Бұл процедура қылмыстың ауыр-жеңілдігіне байланысты емес. Яғни мемлекетке опасыздық жасады ма, әлде басқа қылмыс өткізді ме, маңызды емес. Бұл – президенттің конституциялық өкілеттігіне жататын кешірім беру процедурасы», – дейді Жовтис.

Кешірім сұрау – элита арасындағы келісім бе?

2023 жылы сәуірде сотталған Мәсімов арада біл жыл өтпей жатып, президенттен кешірім сұрағаны қалай? Көпшілік кешірім алудан үміттеніп, өз бетінше өтініш жазып отыр ма, әлде билік басындағылар арасында әлдебір келісім жүріп жатыр ма деген сұрақты талқылап жатыр.

Сарапшылар бұрынғы ҰҚК төрағасы аспандағы айға қол созып отыр деп санайды. Өйткені ол халықтың қолдауынан қол үзген адам, биліктегі бұрынғы саптастары да оны қорғауға құлықты емес. Оның үстіне қазір Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің тағы екі бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Егер оның пара алғаны және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны дәлелденсе, жаза мерзімі 18 жылмен шектелмеуі мүмкін.

Жазаны жеңілдету емес, ауырлатып алмау бас қайғы болып тұрған шақта Мәсімов кешірім алу дегенді қайдан шығарды? Осыған орай саясаттанушылардың ойын білдік.

Дос Көшім

Дос Көшім:

«Билік осы өтініш арқылы қоғамға Кәрім Мәсімов заңды түрде сотталды, сол үшін ол енді кешірім сұрады, яғни жабық сот әділ өтті дегенді жеткізгелі отыр деп ойлаймын. Қоғам Мәсімов жазықты ма деген сұрақты ұмытып кеткен сияқты. Өз басым ол жазықты ма, жоқ па, анық білмеймін. Оның берген жауабын көрген жоқпын, кінәсі сотта дәлелденгенін тыңдаған жоқпын. Сол үшін бұл бір саяси ойынға ұқсайды. Яғни билік көшеге шыққан наразы халық емес, мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті тартып алмақ болған Мәсімовтің әрекеті дегісі келеді. Мүмкін осы ойынға Мәсімов келіскен шығар. Кешірім сұрау осы ойынның жалғасы болуы мүмкін. Соттардың жабық өтуі Қаңтар оқиғасының шындығын шығармаудың айласы деп есептеймін».

Қазыбек Бейсебаев

Қазыбек Бейсебаев:

«Кәрім Мәсімов не үшін сотталды? Билікті басып алмақ болғаны үшін. Қаңтар оқиғасының бас кейіпкері Мәсімов деп жүрміз. Бұл тұжырымға халық сенбесе де, ресми түрде осылай айтылды. Сөйткен адам түрмеге отырмай жатып, кешірімге ие болудан үмітті. Осының өзі күдік тудырады. Мүмкін сырқат шығар, мүмкін басқа келісім болған шығар. Оның кешірім сұрау жөніндегі өтініші бұрынғы президентке қатысы бар ма деп ойлаймын.

Мәсімовтің Қаңтар оқиғасына қатысы бар екені айтылды, бірақ ол басты кейіпкер ме, емес пе, мүмкін негізгі сұрақ осы болу керек шығар. Өйткені Мәсімов төңкеріс жасамақ болды дегенге ешкім сенбейді. Ол мұндайға бара алатын адам емес. Бірақ нақты ештеңе айта алмаймыз. Өйткені бізде бәрі құпия, Қаңтар оқиғасына қатысты барлық іс жабық өтіп жатыр. Біз тек болжам жасауға мәжбүрміз».

Билік Мәсімовке кешірім бере ме?

Мәсімов кешірім беруді сұрап, өтініш жазды дегенді естіген жұрт «Назарбаевтың мәңгілік көмекшісі» жазадан сытылып кете ме деп алаңдап отыр. Көптің күдігін түсінуге болады. Өйткені біздің елде сотталған шенділер түрменің түбінде қалған емес, бірер жыл жатып, шығып кетеді. Жемқорлығы үшін айыпталған шенділерді айтпағанда «Отанға опасыздық жасады», «мемлекеттік құпияны жария етті» деп сотталғандар да кесілген жазаны толық өтемейді.

2017 жылы тамызда Мәсімовтің бұрынғы әріптесі, ҰҚК-ні 2001-2006 жылдары басқарған Нартай Дүтбаев «мемлекеттік құпияны жария еткені» үшін 7,5 жылға сотталды. Бұған «қаржы жымқырған» қылмысы қосылып, жаза мерзімі 12 жылға жеткен. Бірақ 2020 жылы маусымда шартты түрде бостандыққа шықты.

Дүтбаевпен бір жылда, бірдей айыппен президент әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев сотталды. Ол 5 жылға қамалған. Бірақ 2020 жылы мамырда шартты түрде босап шықты. Сондай-ақ 2019 жылы «Отанға опасыздық жасады» деген айыппен қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкин 10 жылға сотталды. Араға 5 жыл салып ол да түрмеден босады.

Осыған қарап 18 жылға сотталған Мәсімов те мерзімінен бұрын босап кетпей ме деген сұрақ туады. Қаңтар оқиғасына дейін ҰҚК-нің бірінші орынбасары болған Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш 8 жыл шартты жазамен құтылды. Ендеше, Әбішке тісі батпаған билік Мәсімовтің маңдайынан сыйпауы мүмкін бе?

Сайын Борбасов
Фото: из открытых источников

Саясаттанушы Сайын Борбасов:

«Мәсімов – ескі Қазақстанның ең белді өкілі, Назарбаевқа жақын адамдарының бірі. Экс-президенттің маңындағылар Мәсімовті түрмеден алып шығуға тырысып жатуы әбден мүмкін. Сол үшін ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан арасында белгілі келісім немесе ойын жүріп жатуы ғажап емес. Сотталғанына бір жыл толмай, Мәсімовтің кешірім сұрағанының өзі белгілі бір саяси жүрістің айқын белгісі деп ойлаймын. Бірақ мұндай ойындарды байқап ойнау керек. Әрине, саясат түрлі топ пен кланның күресі. Бірақ тартыстың түбі халықтың мүддесін таптамауы қажет. Бұл үлкен наразылыққа, әлеуметтік жарылысқа себеп болуы мүмкін.

Менің ойымша, дәл қазір Мәсімовке кешірім бере қоймайды. Қаңтар қырғынына жауапты деп танылған адамды жазадан босату – сол кезде қаза болған жазықсыз жандарды сыйламау деп білемін. Түрлі келісім, түрлі әңгіме болатыны анық, бірақ билік батылы барып, Мәсімовке кешірім бере алмайды. Кешірім бергісі келуі мүмкін, бірақ бұл қолдарынан келмейді. Мәсімов қана емес, мемлекетке сатқындық жасаған кез келген адам жазадан құтылмауы қажет. Сатқындар ақтала берсе, билікте бедел қалмайды. Сол үшін Мәсімов сотталды ма, жазасын толық өтесін».

Дос Көшім:

«Мәсімовтің дәл қазір кешірім сұрауының өзі түсініксіздеу жағдай. Әдетте жаза мерзімінің белгілі бөлігін, мысалы, үштен екісін өтегендер рақымшылыққа ілігеді. Ал Мәсімов түрмеге жатпай жатып, кешірім сұрап отыр. Біздің елде бәрі мүмкін екенін ескерсек те, дәл қазір оған кешірім береді деп ойламаймын. Өйткені Қаңтар оқиғасының дүбірі әлі басылған жоқ. Әрине, президенттің кешірім жасауға құқығы бар, бірақ қазір уақыты келген жоқ».

Қаңтар оқиғасынан кейін «мемлекеттік құпияны жариялағаны» үшін 7,5 жылға сотталып, үш-ақ жыл түрмеде отырған Нартай Дүтбаев «Отанға опасыздық жасады» деп айыпталған Кәрім Мәсімовке қатысты ойын айтты. Ол Мәсімовтің өте сақ екенін айтып, шешім қабылдау үшін ұзақ ойланатынын еске алды. Ол Қаңтар оқиғасы кезіндегі ҰҚК әрекетін «нағыз сатқындық» деп бағалап, дер кезінде ақпарат жинай алмаған комитет төрағасын сынаған.

«Бір кемпір бір кемпірді апа депті» дегендей, «Отанына адал бола алмаған» Дүтбаевтың «Отанына опасыздық жасаған» Мәсімовті сынауы сәл оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ одан да маңыздысы – елдің тыныштығын күзететін басты ұйымның басшылары бірінен кейін бірі «сатқын» атанғаны алаңдатады. Егер Дүтбаев 3 жылда босап шықпай, 12 жыл түрмеде отырғанда, Мәсімов мұндай қылмысқа бармас па еді...

Не де болса, Мәсімовтің кешірім сұрағаны расталды. Алдағы уақытта өзін шығарып алмаған Назарбаевтарға өкпелеп, біраз құпияны жария етіп жатса таңғалмаңыз. Өйткені Мәсімов бар кінәні жай ғана арқалап кеткен жоқ, қандай да бір келісімнің болғаны анық. Соның бірі – осы кешірім беру болуы әбден мүмкін. Өзінің ең жақын туыстарының жазалары жеңілдеп, ретімен ақталып жатыр, ал отбасының (қыз-күйеулері) маңдайына жел боп тигендей ештеңе болған жоқ. Демек, экс-президенттің қазіргі президентке өтініш лимиті бітіп қалуы да мүмкін ғой.

Қуаныш Қаппас