Пентагон: Ормуз бұғазын толық минадан тазарту кемінде алты айға созылады
АҚШ әскери ведомствосы Конгреске Ормуз бұғазын ирандық миналардан толық тазарту соғыс аяқталғаннан кейін кемінде алты ай уақыт алатынын ескертті. Бұл жағдай әлемдік экономикаға ұзаққа созылатын энергетикалық дағдарыс қаупін төндіруі мүмкін.
The Washington Post басылымының мәліметінше, бұл бағаны АҚШ Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды өкілі Өкілдер палатасының Қарулы күштер комитетіне арналған жабық брифингте айтқан. Бұл болжам демократтар мен республикашылдар арасында да наразылық туғызған.
Дереккөздердің айтуынша, Ормуз бұғазы мен оның маңындағы миналардың бір бөлігі Иран тарапынан GPS технологиясы арқылы қашықтан орналастырылған. Бұл оларды анықтауды айтарлықтай қиындатады. Ал кейбір миналар шағын қайықтар арқылы қойылған. Иран бұғазды миналауды наурыз айында бастаған – бұл АҚШ пен Израильдің соққылары күшейген кезеңге сәйкес келеді.
Пентагон пікір білдіруден бас тартты
Пентагон бұл мәліметтерге ресми түсініктеме беруден бас тартты. Ведомство өкілі Шон Парнелл жарияланған ақпаратты «сенімсіз» деп атап, басылымды «шындықтан гөрі күн тәртібін алға жылжытуға көбірек мән береді» деп айыптады.
The New York Times дерегінше, Иранның өзі де қойған миналардың барлығын толық анықтай алмай отыр.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет бұған дейін әлеуметтік желілерде америкалық әскерилер мина орнатуға қабілетті иран кемелерін «аяусыз дәлдікпен» жойып жатқанын мәлімдеген. Ол сондай-ақ АҚШ «Ормуз бұғазын террористердің кепілдігіне айналдыруға жол бермейді» деген.

Бұғаз қанша уақыт жабық болуы мүмкін?
Наурыз айында CNN АҚШ Қорғаныс министрлігінің барлау басқармасына сілтеме жасап, Иран бұғазды 1 айдан 6 айға дейін жабық ұстай алатынын хабарлаған. Сол кезде Парнелл мұндай сценарийді «мүмкін емес және мүлдем жол берілмейтін жағдай» деп бағалаған.

Трамп пен бітім
17 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Иран «АҚШ көмегімен» бұғаздағы миналарды алып тастап жатқанын мәлімдеген. Бұл оның нарықты тыныштандыру және келісім жақындап қалғанын көрсету әрекетімен тұспа-тұс келді.
Ал 21 сәуірде Трамп екі аптаға жарияланған бітімді белгісіз мерзімге ұзартатынын хабарлады. Оның айтуынша, Иран басшылығы «ішкі алауыздыққа» ұшыраған және «ортақ ұсыныс әзірлеуі тиіс».
Сонымен қатар Трамп Ираннан ядролық бағдарламасын тоқтатуды, жоғары деңгейде байытылған уранды толық беруді және Ормуз бұғазын толық ашуды талап етті. Әйтпеген жағдайда жаңа соққылар жасалатынын ескертті.
Иран болса, АҚШ енгізген теңіз блокадасы алынбайынша келіссөзді жалғастырмайтынын мәлімдеді.
Соғысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданған. Бұл бағытқа әсіресе Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты Азия елдері тәуелді.
Иран бұғазды жауып, бірқатар танкерлерге шабуыл жасаған. Демалыс күндері әскери күштер қайтадан кемелерге оқ атып, бұғаздың жабық екенін тағы мәлімдеді.
АҚШ-та бензиннің орташа бағасы 22 сәуірде галлонына 4,02 долларға жеткен. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш 2,98 доллар болған. Қаржы министрі Скотт Бессент баға 3 доллар деңгейіне тек қыркүйек айының соңына қарай түсуі мүмкін екенін айтты.
Трамп бастаған бұл соғыс америкалық қоғамда да үлкен қолдау таппай отыр. Әсіресе қараша айындағы аралық сайлау қарсаңында бұл мәселе оның саяси позициясына әсер етуде.
Қазіргі таңда АҚШ бұғазды тазарту үшін қандай нақты жоспар қолданатыны белгісіз. Қарастырылып жатқан нұсқалар қатарында тікұшақтар, дрондар және су астындағы сапер-сүңгуірлер бар.
Колумбия университетінің сарапшысы Ричард Нефью алты айға созылатын минадан тазарту жұмысы мұнай нарығын қатты шайқалтуы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар Politico басылымы британдық әскери сүңгуірлер Ормуз бұғазын минадан тазарту операциясына дайындалып жатқанын хабарлады. Ұлыбритания мұндай жағдайда халықаралық миссия аясында автономды мина іздеу жүйелерін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.