Live

Politico: Дональд Трамп Гренландиямен жеке келісім дайындап жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландия жөніндегі арнайы өкілі, Луизиана штатының губернаторы Жеф Лэндри Нуук қаласына бірнеше күндік сапармен барды. Бұл туралы AFP агенттігі  хабарлады.

трамп гренландия

Бұл  Лэндридің арнайы өкіл болып тағайындалғаннан кейін Данияның автономиялық аумағы саналатын Гренландияға жасаған алғашқы сапары.

Ол 19-20 мамыр күндері өтетін Future Greenland 2026 экономикалық форумына қатысады. Форум инвесторлар, саясаткерлер мен бизнес өкілдерін тартуға бағытталған.

Sermitsiaq басылымының жазуынша, Лэндримен бірге тағы жетіге жуық адам барған. АҚШ делегациясы орналасқан қонақүйге MAGA (Make America Great Again) ұраны жазылған кепкелер салынған қораптар да жеткізілген.

DR басылымының журналисімен әңгімеде Жеф Лэндри Дональд Трамптың сапар алдында оған «сол жаққа барып, мүмкіндігінше көбірек дос табуды» тапсырғанын айтқан.

18 мамыр күні Кен Хауэри – АҚШ-тың Даниядағы елшісі де Гренландияға баруы тиіс.

АҚШ елшілігінің мәлімдемесінде америкалық өкілдер Гренландия тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірін тыңдауды, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуді және екіжақты қатынастарды нығайтуды көздейтіні айтылған.

Дональд Трамп Жеф Лэндриді 2025 жылғы 22 желтоқсанда Гренландия жөніндегі арнайы өкіл етіп тағайындаған болатын.

Сол кезде Дания БАҚ-тары АҚШ әкімшілігі Копенгагенді айналып өтіп, Гренландия үкіметімен тікелей байланыс орнатуға тырысып жатқанын және аралда «жасырын ықпал операцияларын» жүргізіп отырғанын жазған.

Трамп бұған дейін де АҚШ ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан Гренландия Вашингтонның бақылауында болуы керек екенін бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше, олай болмаған жағдайда арал қауіпсіздігіне Қытай немесе Ресей қауіп төндіруі мүмкін.

Politico басылымы қаңтар айында Трамп әкімшілігі Дания билігін айналып өтіп, Гренландиямен еркін ассоциация туралы келісім жобасын дайындап жатқанын хабарлаған еді.

Ал Йенс-Фредерик Нильсен 12 мамыр күні Гренландия, Дания және АҚШ арасындағы келіссөздер әзірге нақты мәмілелерге алып келмегенін, бірақ белгілі бір деңгейде ілгерілеу бар екенін мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз