Құданың құзыреті Ата заңнан құдіретті ме?
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, парламент сайлауы да өте шықты, кім жеңілді, кім ұтты, оны уақыт көрсете жатар.
Менің айтайын дегенім, сайлаудың «жыры» емес, су жаңа депутаттарымыздың ант беру рәсімі.
Депутаттардың шатасып, тұтығып, мемлекеттік тілді қалай қорлағанын бүкіл ел көрді, ол жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев бұларды түзетпек болып, кейбіреулеріне балабақшаның тәрбиешісіндей анттарын қайта айтқызды.
Енді бәріміз куә болған осы VII шақырылған парламент мәжілісі депутаттарының дәл осылай ант беруі қаншалықты заңды өтті, соған сараптама жасайық. Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 6-тармағында «парламент депутаты Қазақстан халқына ант бередi» деп айтылған. Оның мәтіні «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» конституциялық заңының 24-бабында «Депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант береді: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін». Ант қабылдауды президент өзі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады» деп бекіткен. Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды: антты Б.Имашевтың қабылдауы дұрыс па, кім қабылдауы керек; ант қабылдау рәсімі қалай өтеді және ол заңдарда көрсетілген бе?
Конституциямыздағы 44-бапта «Қазақстан Республикасының президентi парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды» делінген. Демек, ант қабылдау – бұл тек қана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі.
Келесі қарастыратын сұрағымыз Қазақстан президентінің «Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының парламенті депутаттарының ант беру қағидаларын» бекіткен жарлығының 3, 7-тармақтарымен реттелген. Жарлықта көрсетілген: «Қазақстан Республикасы парламентінің сенаты және мәжілісі депутаттары Қазақстан Республикасы парламентінің тиісті палаталарының отырыстарында ант береді» деп. Ары қарай 7-тармақта «Ант берудің салтанатты рәсімі антты қабылдаушы лауазымды адамның кіріспе сөзімен басталады. Ант беретін адам мінбеге шақырылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына қолын қойып тұрып, ол анттың мәтінін айтады немесе оқып береді, содан соң оған қол қояды және антты қабылдаған лауазымды адамға береді» делінген.
Ал, халайық, 15 қаңтарда парламентте көргенімізді жоғарыда атап өткен заң нормаларымен салыстырып білейік қалай болғанын. Біз тек қана Б.Имашевтың салтанатты рәсімді жүргізіп отырғанын байқадық, мәжіліс депутаттарының антын Конституцияға сәйкес қабылдайтын ең жоғары лауазымды тұлға – президент Қ.Тоқаев осы отырыста болмады. Бірде-бір депутат қабылдаған антын растап қол қоймады.
Сонымен, жоғарыда келтірілген баптарды зерделей келе, осы жаңадан сайланған депутаттардың әрекеттеріне менің берер қорытындым: олардың парламенттің отырыстарында ресми құжаттарды қабылдауға құқы жоқ, өйткені ант беру рәсімі заңдарға сай өтпеді.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, ант берудің салтанатты рәсімін антты қабылдаушы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта өткізуі тиіс. Депутаттардың антын қабылдау арқылы президентiміз: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға… салтанатты түрде ант етемiн» дегенін өзі де іс жүзінде көрсетеді.