Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:19, 08 Маусым 2024

«Сергек» салған сергелдең. «Сергек» қорғамайды, аңдиды

Сергек
Фото: Ашық дереккөз

«Сергек» камералары жұрт көңілін екіұдай күйге түсіріп отыр. Кей тұрғын қоғамның қауіпсіздігін қорғайды деп қолдайды, екінші топ айыппұл жазудан басқа пайдасы жоқ деп қарсы шығады. Бірақ бұл талқыға мойын бұрып жатқан үкімет жоқ, камераны күн сайын көбейтіп жатыр.

ҚР ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір еліміздің 10 қаласында 34 мыңнан аса «Сергек» камерасы орнатылған. «Сергек» жүйесін пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмысын «Көркем Телеком» ЖШС қызметкерлері жүзеге асырады.

«Сергек» камерасы елімізде 2017 жылы қолданысқа енді. Жоба алғаш рет Астана қаласында қолға алынған. Елордада қазір 10 мың камера жұмыс істеп тұр. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, олар былтыр бір жылда тұрғындарға 9,7 миллиард теңге айыппұл салыпты. Оның 6,9 млрд теңгесі қала қазынасына түскен.

Ал жүйе іске қосылғаннан бері астаналықтар 51,5 млрд теңге айыппұл төлеген. Оның 38,3 млрд теңгесі мемлекет бюджетіне түсіпті. Ал қалған қаржы жобаға қолдау көрсететін компанияның инвестициялық шығынын өтеуге жұмсалады. 2017 жылы жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартқа сай мемлекет 25,9 млрд теңге төлеуге міндеттелген. Бұл кәсіпкерлердің әу бастағы инвестиция көлемінен (8,4 млрд теңге) 3 есе көп.

Астана әкімдігінің «Көркем Телеком» ЖШС-мен жасаған келісімшарт мерзімі биыл аяқталады. Бізді жыл сайын халықтан миллиардтаған айыппұл өндіріп алатын 10 мың камераны елорда әкімі Жеңіс Қасымбек енді кімге сеніп тапсырады деген сұрақ қызықтырып отыр. Осы оймен Астана жаққа үшбу хат жолдадық.

Әкімдіктің баспасөз қызметі келісімшарт мерзімі биыл 13 қарашада аяқталатынын айтты. Содан кейін отандық және халықаралық компаниялардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын қарастырады екен. Түскен ұсыныстар арасынан лайықтысын таңдап алып, жаңа келісімшарт жасамақ.

Сергек
Фото: Ашық дереккөз

Былтыр жыл аяғында Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек 2020 жылдан бері «Сергек» 35 млрд 614 млн 748 мың теңге айыппұл салғанын айтқан. Оның 27 млрд 532 млн 297 мың теңгесі жергілікті бюджетке түсіпті. Алматы көшелерін жалпы 7900 «Сергек» бақылап тұр.

Біз неге желідегі ақпаратқа иек артып отырмыз? Өйткені ІІМ дер кезінде ресми мәлімет берген жоқ. Министр Ержан Сәденовтің атына Қазақстанда қанша «Сергек» камерасы бар, олар осы уақытқа дейін қанша «табыс тапты», түскен қаржының қаншасы мемлекет қазынасына түсті деген сауал жолдаған едік. Газет беттелгенше полицейлерден хабар болмады. Министрлік өкілінің бұл ақпарат сіздерге не үшін керек деп таңғалғаны одан да қызық болды.

«Көркем Телеком» кімдікі, «Сергектің» артында кім тұр?

«Сергекті» отандық «Көркем Телеком» ЖШС жасағанын айттық. Компания басшылары – Қайрат және Әсет Ахметовтер. Ағайынды азаматтар жобаны нөлден бастағанын, 2017 жылы сол кездегі Астана әкімі Әсет Исекешевтің қолдауымен нарыққа шыққанын айтып жүр. Олардың сөзіне сенсек, жоба ешкімнің қолдап-қорғауынсыз нарық заңымен табысқа жеткен. Бірақ отандық БАҚ-та тараған кей ақпарат мұндай тәтті үмітке көлеңке түсіріп тұр.

«Көркем Телеком» ЖШС-мен консорциумда жұмыс істейтін «Open Technologies Group» ЖШС деген компания бар. Ол да – Ахметовтердікі. 2020 жылғы ақпараттарға сүйенсек, компанияның құрылтайшылар құрамында 5 адам – Әуелбек Тоқжанов, Әсет Ахметов, Әлия Ахметова, Серікбол Құдайбергенов, Бағдат Мусин болған. Ал қазір алғашқы төртеуі өз орнында тұр, тек Бағдат Мусиннің есімі жоқ.

Әсет Ахметов
Фото: weproject.media

Тізімнен сызылып қалған бесінші адам жақында ғана қызметінен кеткен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мусин болуы мүмкін. Өйткені оның еңбек кітапшасында 2018-2020 жылдар аралығында ақтаңдақ бар. Осы аралықта ол мемлекеттік қызметтен қол үзген. Ал министр креслосына 2020 жылы қыркүйекте қол жеткізген. Соған дейін «Сергектің» сойылын соғып жүруі әбден мүмкін.

Екінші дерек бойынша, «Көркем Телекомға» тағы бір құрылтайшы «CaspianEnergy» ЖШС арқылы Тимур Құлыбаевтың ұлы Алтай Құлыбаев тең иелік етеді-мыс. Бұл да 2020 жылы шыққан ақпарат. Ең қызығы, қазір Бағдат Мусин сияқты «CaspianEnergy» де құрылтайшылар тізімінен сызылып қалыпты. Бірақ бұрын құрылтайшы болғаны анық көрініп тұр.

Кей сарапшы «Сергек» жүйесі ағайынды IT маманының еңбегімен ғана емес, біз атаған «перде артындағы» белгілі тұлғалардың әсерінен жүзеге асты деп санайды.

Жақында Тұрарбек Құсайынов есімді азамат «Сергек» монополиясына қарсы петиция жариялады. Онда компания нарықты монополиялап, жұртқа негізсіз айыппұл төлетіп отырғаны және мемлекеттен тапсырыс алу барысында заң бұзылғаны айтылған. Сондай-ақ петиция авторы Алтай Құлыбаевтың есімін атайды. Ол айыппұлдан жиналған миллиардтаған қаржы жолдар мен инфрақұрылымды жөндеуге емес, олигархтардың қалтасына кетіп жатыр деп санайды. Сол үшін жауапты органдардан жобаны тексеруді сұраған.

«Көркем Телеком» ЖШС 2011 жылы құрылған. 2015 жылдан бері жыл сайынғы табысы миллиард теңгеден түсіп көрген жоқ. Былтыр 22 млрд 313 млн теңге, 2022 жылы 27 млрд 082 млн теңге пайда тапқан. Ал 2021 жылы тіпті 64 млрд 273 млн теңге табыс тауып, қарық болған. Осы күнге дейін мемлекетке 3 млрд 251 млн теңге салық төлепті. Осы сан-цифрлардың өзі «Қазақстан – айыппұлстанға айналды» деген көптің назын растап тұрған сияқты.

«Сергек» халықты қорғай ма, әлде аңди ма?

Шынын айтқанда, халық бұл технологияға үрке қарайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жұртқа шұрық-тесік жолды жөндеуге қаржы таппайтын қазақ билігінің камера орнатуға келгенде ақша аямайтыны ұнамайды. Көпшілік төбемізде тұрған технология ХХІ ғасырды, ал аяғымыздың астындағы жол ХІХ ғасырды еске салады деп күйінеді.

Екінші бір себеп, жүргізуші үкімет сызып берген сызықтан сәл ауытқыса, сол сәтте-ақ айыппұл келеді. Ал жұрттың үйіне ұры түссе, көшеде тонап кетсе, жол апаты болса жаңағы қырағы камераның «көзі соқыр» бола қалады. Осыған қарап көпшілік «Сергектің» көздегені қауіпсіздік емес, айыппұл салу деп наразы болады.

Үшіншіден, адамдарды ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Өйткені біздің үкімет камераның көбін құдасындай сыйлайтын құдайы көршісі Қытайдан алады. Ал ол ел демократия құндылықтарын қаперге алмайды, азаматтарының жеке дерегін жинап, бәрін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр.

Осыны ескерген Батыс елдері адам құқығын аяққа таптаған 28 қытайлық компанияға санкция салған. Біздің елдегі «Сергек» жүйесі осы тізімге енген Dahua technology компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істеп отыр. Батыс елдерінің мәліметіне сенсек, Қытай камералары көшедегі адамды танып, құзырлы органға жеке дерегін береді. Қазақстан Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, біздің елге шетелден келетін бейнебақылау камераларының 60 пайыздан астамы Қытай өнімі.

Осыны ескерген жұрт жеке дерегіміз Қытай коммунистерінің қолына түсе ме деп қорқады. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы тұрғындары «Сергек» видеокамераларына қарсылық танытып, пикетке шыққан. Билік сол кезде оларды қудалап, қамауға алып, тыныштандырғандай болған. Бірақ наразы көңіл күй жұрт арасында сол күйі қалып кетті. Ара-тұра қазанда қайнаған судай бұрқ-сарқ етіп, бой көрсетіп тұрады.

Бірақ «Сергек» жобасының жетекшісі Әсет Ахметов «Қытайға ақпарат береді» деген айыптауларды жоққа шығарып, Қытайдан камераның қаңқасы ғана келетінін, ал алгоритм мен бағдарлама өз өніміміз екенін айтты. Оның айтуынша, дерекке Қазақстанның құқық қорғау органдары ғана қол жеткізе алады.

Ал ақпараттық және есептеу технологиялары институты басшысының орынбасары Өркен Мамырбаев «Сергектен» секем алудың қажеті жоқ дейді.

Өркен Мамырбаев
Фото: Ашық дереккөз

«Жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бәріміз шетелдік әлеуметтік желілерде отырмыз, онда да деректеріміз сақталған. Ал «Сергектің» камералары Қытайдан келетіні анық, өйткені бізде ол өндірілмейді. Бізде бары AT мамандары ғана, олар бағдарламаны жасай алады. Мамандар осы бағытта жұмыс істеп жатыр, «Сергектің» функциясы жақсарып келеді. Бұл жүйе жол қауіпсіздігін сақтауға және қылмыстың алдын алуға оң әсер етіп отырғаны анық. Бұл елдегі тәртіпті жақсартып жатыр деп ойлаймын.

Қанша қарсы болсаңыз да, жасанды интеллекттен қол үзе алмайсыз. Сол үшін «Сергек» сияқты жобаларды өз мамандарымыз жасағаны жақсы. Мысалы, Әзербайжан мұның бәрін Түркиядан алады. Оның бәрі Түркияға пайдалы. Ал біз бағдарламаны өзіміз жасап отырмыз. Бірақ жалғыз «Сергек» монополия орнатып алмай, бірнеше компания қатар жұмыс істесе, мемлекетке қазіргіден де тиімді болар еді», – деді маман.

«Сергектің» басты мақсаты – бюджетті толтыру

Қағаз жүзінде «Сергек» камераларының негізгі мақсаты – қоғамдық және жол бойындағы қауіпсіздікті сақтау деп жазылған. Бірақ бұл уәжбен келіспейтіндер көп. Олар елдегі жол сапасы мен камералардың саны сәйкес келмейді деп санайды. «Билік камераны көбейте бергенше, тозығы жеткен инфрақұрылымды түзесін» деген талапты күнде естіп жүрміз.

Автомектеп оқытушысы Аян Сауранбаев камералардың қауіпсіздік үшін орнатылғанына сенбейді.

Аян Сауранбаев

«Ақшасы бар жүргізуші жол ережесін қайта-қайта бұзып, айыппұлын төлеп жүре береді. Мұны жүргізушіні тәртіпке шақырып, қауіпсіздікті сақтау деп қалай айтамыз? Егер қауіпсіздікті күшейткісі келсе, бір ережені бірнеше рет бұзған жүргізушіні қайта емтихан тапсыруға жіберсін. Сонда ғана ол қателігінен сабақ алып, қауіпсіздікті сақтайды. Қазір камераның көздегені – айыппұл салып, қазынаны толтыру ғана болып тұр. Полиция қызметкерлеріне басшылары айыппұл азайып кетті, камералардың орнын ауыстырып тұрыңдар деп ескертеді дегенді естіп қалғаным бар. Осының өзі біраз дүниеден дерек береді.

Екіншіден, камера қате орнатылып, қате айыппұл келетін жағдайлар да бар. Кейде камера мен жол таңбасы сәйкес келмей жатады. Бірақ адамдар әуресінен қашып, айыппұлды төлей салады. Әрине, мұндай жағдай көп емес, бірақ жүйеде қателік бар екенін ешкім жоққа шығармайды.

Үшіншіден, шетелдерде камера жүргізушілерді ғана емес, жалпы қоғамдық тәртіпті бақылайды. Мысалы, қылмыс болса, камера арқылы оңай табылады. Ал біздің елде қарапайым жол апаты болған күннің өзінде камера істемей тұрады.

Төртіншіден, бізде жол сапасы жайлы арнайы стандарт бар. Онда қауіпсіз жолдың қандай болатыны анық жазылған. Бірақ сол стандарт сақталмай отыр. Мысалы, жолда шұңқыр пайда болса, әкімдік қаржы жоқ деп қарап отырады. Оны жөндеу үшін арнайы мемлекеттік сатып алу өткізіп, қаржы бөліп, уақыт созады. Жолда пайда болған ақауды дер кезінде жөндеу алгоритмі жоқ

Заң бойынша жолдағы шұңқырдың көлемі белгіленген стандарттан асып кетіп, жол апаты болса, шығынды жауапты мекеме төлеуі керек. Бірақ мұндай жағдай бола қалса, жүргізушіні әр мекеме әр жаққа жүгіртіп, шаршатып жібереді. Қысқасы, бұл талап сақталмайды. Заң бойынша үкімет жолда қауіпсіз жүруге кепілдік беруі керек. Бұл ереже де ақсап тұр», – дейді Аян.

Қуаныш Қаппас