Сараптама

Шаған халқының жерін заңсыз иемденіп кеткен алтаудың ісі

Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы іргелі ел – Шаған ауылының халқы өздеріне тиесілі жер телімдерін былтырдан бері қайтаруды талап етуде.

Шаған халқының жерін заңсыз иемденіп кеткен алтаудың ісі

Бұқараға тиесілі серіктестіктің дүние-мүлкі мен 16 мың гектар жер телімін 13 жылдан бері алты құрылтайшы сырттай заңсыз иемденіп, жеке бастарын байытып келген.

Жуырда ғана өткен кезекті жер дауында шағандықтар қайта шу шығарды. «Бұндай бассыздыққа енді төзбейміз» деген оларға құрылтайшылар жерді де, мүлікті де қайтаруға құлықсыз. Наразы халықтың мұң-мұқтажы түсінікті де. Өйткені алты адам жайылымдық пен егістіктің 90 пайызын заңсыз меншіктеп алған.

– Ол мүлік халықтыкі. Алты адамның қосқан еш үлесі жоқ. Құрылтайшы капитал жұмсауы, ақшалай болмаса мүліктей үлес қосуы керек. Ал ол кісілердің қандай да бір үлес қосқаны жайында ешқандай құжат жоқ. Сөйтіп отырып мүлікті біздікі деп айтуы ақылға сыймайтын іс, – дейді наразы тұрғын Жүсіпбек Райымбеков.

Осы уақытқа дейін 90 пайыз жерге еккен күріштің нәпақасын алты адам пайдаланып келген. Осылайша құрылтайшылар 13 жыл бойы көпке ортақ жердің пайын да бермей, қарашаны сорлатқан. 

– Біз 13 жылдан бері дивиденд көргеніміз жоқ. Біздің шаруашылық 3,5 мың гектар жерге ие, күріш, бидайымыз, жоңышқамыз бар. Біз бай елміз, бірақ жыл сайын шаруашылық қарыз, зиянмен шығады, – деп күйінеді ауыл ақсақалы Қабылбек Бөжеков.

Құрылтайшылар болса меншіктеріндегі халықтың пайға алған жерін қайтаруға құлықсыз. Айтуларынша, олар фирманың бұрынғы басшысынан бәрін сатып алған екен. Тіпті серіктестікті құлдыраудан құтқарып, аяғынан тік тұрғыздық және қазір шаруашылықтың жағдайы мәз емес дейді. Сондықтан дәл қазір бар дүниені қайтара салу қожалыққа қиянат жасаумен тең деп түсіндіреді.

– Қазірдің өзінде совхоз 700-800 млн қарыз. Келесі жылы қарыз 1,5 млрд-қа барады. Банкроттыққа кетуі мүмкін. Оған жібермеуіміз керек. Ақшам бар, директор боламын деген адамға біз бергіміз келіп тұр. Соны сайлағымыз келіп тұр. Болмаса бөліну керек, әйтпесе болмайды, – деп кесіп айтты құрылтайшылардың бірі Бақытбек Жаңабергенов.

Тұрғындар құрылтайшыларды сотқа берген. Ауыл халқы алғашқы сот отырысында жеңіп те шыққан. Алайда қарсы тарап апелляциялық шағым түсіріпті. Енді бұқара судья істі солардың пайдасына шеше ме деп қорқады.

– Біздің ешкімде алты аласымыз, бес бересіміз жоқ, – дейді «Шаған Жер» ЖШС директорының орынбасары Әбдіразақ Сәдуов. – Тек халыққа тиесілі дүниенің қайтарылуын талап етіп отырмыз. Осыған дейін жылда табыспен шықтық деп көңіл тоғайтқанмен, қарапайым жұмысшының еңбегі ескерілмей қалатын. Биыл ең алдымен жалақыны көтердік. Еңбеккерлер науқан соңында көрсеткішіне қарай қомақты қосымша қаржы алды.

Адвокат Жақып Шаймұханбетұлының айтуынша, «Шаған Жер» ЖШС 2004 жылы 24 желтоқсанда құрылғанда жарғылық капиталы 16 736 380 теңгені құраған. Оның ішінде: қатысушы Б.Байжановтың үлесі ақшалай салым – 15 062 742 теңгемен 90 пайыз, ал қалған қатысушылардың жер үлесінің құны 1 673 638 теңгемен 10 пайызды ғана құраған екен.

– 2005 жылы Б.Байжанов «Шаған Жер» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 90 пайыз үлесін халықпен ақылдаспай, «Шапағат» мекемесіне сатып жіберген. Ал 2007 жылы «Шапағат Лимитед» мекемесі сол 90 пайыз үлесті халықпен ақылдаспай, алты адамға әрқайсысына 15 пайыздан бөліп берген. Б.Байжанов 90 пайыз үлеске заңсыз ие болған. Себебі әділет органдарынан құжаттарды сұрату барысында Б.Байжановтың жарғылық қорға ешқандай қаражат салмағаны анықталды. Сондықтан да Б.Байжановтың «Шаған Жер» ЖШС-нің жарғылық қордағы үлесін «Шапағат» мекемесіне сатуға құқығы болмаған. Сонымен қатар жарғылық капиталдағы 90 пайыз үлес Б.Байжановтан «Шапағат» мекемесіне өткенде де, «Шапағат» мекемесінен алты адамға өткенде де, барлық құрылтайшыларды жинап жиналыс өтпегендіктен, бұл әрекеттердің барлығы заңсыз болып табылады. Осыған байланысты құрылтайшылардың 90 пайыз үлеске ие болуын жарамсыз деп тану үшін сотқа талап арыз бердік. Сотта барлық заңбұзушылықтар анықталды. Онда олардың 90 пайыз үлеске ие болуы заңсыз деп танылды. Сондай-ақ Б.Байжановтың жарғылық капиталға ақша салмағаны да сотта анықталды, шешімде нақты көрсетілген. Алайда заң талаптарына сәйкес, Б.Байжановты құрылтайшылардың қатарынан шығарып тастау мәселесі сотта емес, тек жалпы жиналыста шешілуі керек, сот шешімінде бұл нақты көрсетіліп түр. Яғни шешім күшіне енгеннен кейін жалпы жиналыс шақырылады да, сол жерде Б.Байжановты құрылтайшылар қатарынан алып тастаймыз, – дейді адвокат.

Серіктестік құрылған уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін негізгі иесі болып табылатын Шаған ауылының 3112 тұрғынының құқықтары мен мүдделері бұзылып келген. Халық өз жерінің тағдырына қатысты мәселені өзі шеше алмаған, халықтың жері өздерінің рұқсатынсыз банкке кепілге қойылған, серіктестік қызметіне қатысты негізгі мәселелерді шешуге халық араластырылмаған, тіпті серіктестік директорын тағайындау мәселесі де халықтың қатысуынсыз шешіліп отырған. Мұның барлығы өрескел заңбұзушылық болып табылатыны айдан анық. Осы жағдайлардың ұзақ жылдар бойы қайталануы халықтың ызасын тудырғандықтан, халық өз құқықтарының қорғалуын талап етіп, өз бастамасымен кезектен тыс жалпы жиналыс шақырған. 2020 жылғы 25 қаңтарда серіктестік құрылтайшыларының жалпы жиналысы ұйымдастырылады. Жиналған халық серіктестіктің сол кездегі директоры Б.Қадыровтың қызметіне көңілдері толмайтынын білдіргендіктен, ол директорлық қызметінен өз еркімен кетуге мәжбүр болады. Аталған жалпы жиналыста көпшілік дауыспен серіктестіктің директоры қызметіне Сыздықов Жеңісбек тағайындалады.

Заңның 42-бабының 2-тармағы бойынша серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар. Серіктестікке қатысушылардың көрсетілген құқықтарын шектейтін серіктестік жарғысының және кез келген басқа да құжаттардың, шешімдердің ережелері маңызсыз болып табылуы қажет. Осы жағдайдан кейін серіктестіктің құрылтайшысы болып табылатын Шаған ауылының 600-ге жуық тұрғыны сотқа талап арыз беріп, өткізілген барлық жалпы жиналыс хаттамаларына сәйкес, шешімдерді, әділет органдарында жүргізілген тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тануды сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы М.Сәрсеновтің төрағалық етуімен өткен сот отырыстарында аталған заңбұзушылықтардың барлығы анықталып, серіктестіктің жарғылық қорындағы 90 пайыз үлестің Б.Байжановтан «Шапағат Лимитед» ЖШС-не өтуі кезіндегі тіркеу әрекеттері және серіктестіктің жарғылық қорындағы 90 пайыз үлестің «Шапағат Лимитед» ЖШС-нен Б.Жаңабергеновке, Ж.Омаровқа, А.Адаеваға, М.Кұттымұратовқа, К.Назымбаевқа, К.Дұрысоваға өтуі кезіндегі тіркеу әрекеттері заңсыз деп танылды.

Алайда жауапкерлер Б.Байжанов пен «Алуан АС» ЖШС-нің сенімхат бойынша өкілі С.Азгушкарова және жауапкерлер Б.Қадыров пен Б.Жаңабергеновтің сенімхат бойынша өкілі М.Мадияров аталған шешімнің күшін жоюды сұрап, апелляциялық шағым берген. Аталған апелляциялық шағымдарға сәйкес, даулы мәселе Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасында қаралып, толығымен зерттелді. Нәтижесінде апелляциялық алқа сот отырысына талапкерлердің барлығы қатысу қажет болғандықтан және істі қосымша құжаттармен толықтыру қажет болғандықтан, азаматтық істі бірінші саты сотына қайта жолдады.

Осыған орай, Шаған ауылының 3000-нан асатын халқы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға арнайы хат жолдады. Онда 90 пайыз үлесті заңсыз иемденген алты құрылтайшының хабарландыру жариялап, жалпы жиналыс өткізбекші екенін, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жатқанын, халықтың несібесін жегені аздай, оны оңайлықпен бермеуге бекінген деп жазады. «Заңсыз пайдаланған қызметтеріне қатысты сот болып жатса да, бұлар құрылтайшы қызметтерін асыра пайдаланып отыр. Неге 3000-нан аса ауыл тұрғыны куәгер болса да, заңды белшесінен басқандарға аудандық билік көз жұма қарайды? Т.Дүйсебаевтың әлі келмейтін қандай адамдар? Әлде көкесіне сенетін құрылтайшылар аудан басшысының сыбайластары ма? Бес мыңға жуық халқы бар Шағанның азаматтары ауыл, аудан басшыларынан көңілі қалды. Құқығы қорғалмайтын қарапайым халықтың ызасына әбден тиіп жатырсыздар. Шылқыған байлар білгенін істейтін қоғам ба, әлде? Ел іші ала тайдай бүлініп болды. Кім тоқтатар екен?!» делінген хатта.

Аман болса, ауыл халқы бұл тығырықты да жеңіп шығып, жерлеріне ие болары сөзсіз. Сонда халқы тоқ, мамыражай қалыпқа келері де анық. Ендігі сот шешімді қайта халық жағына алып берері анық. Өйткені президет Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та жергілікті билік өкілдеріне халықпен жақын болуды ғана тапсырғаны анық. «Бұл барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет», – деген еді мемлекет басшысы.

Тегтер: Без Тега
Нұр-Қасым Жомарт
Нұр-Қасым Жомарт Нұр-Қасым Жомарт

Оқыңыз