Сараптама

«Шал ректорлар» туралы шындық

Өткен аптаның ең шулы оқиғасы ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың басшылықтан кетіп, оның орнына Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың келуі дер едік.

«Шал ректорлар» туралы шындық

«Қай оқу орнының басшысы ауыспай жатыр?» деп, бұған мән бермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ...

 Ректор-ақынның жауһар жырлары

 Ғалымқайыр Мұтанов президент Назарбаевтың жарлығымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметіне 2010 жылдың 7 қазанында тағайындалған-ды.  Университетті бақандай он жыл басқарған Мұтановтың орнынан кетуінің астарында не жатыр? Ең алдымен университет территориясынан сатылған жер дауы дер едік. Бұл мәселеде Мұтанов қана кінәлі болып шетте қала ма, жоқ па? Енді оның ақ-қарасын білім және ғылым министрлігі тарапынан арнайы  құрылған комиссия анықтай жатар. Алайда пайғамбар жасынан асқанда Мұтанов университет ректорлығынан абыроймен аттанып барады деп айту қиын. Қиналып жүрген оқытушыларын аяды ма, кетерінде басшы «олардың әрқайсысына бір айлық көлемінде сыйақы тағайындап кетті» деген әңгіме шықты. Экс-ректор осылай абыройға ие болғысы келген шығар. Алайда біздің айтпағымыз басқа.

Қазақ политехникалық институтын автоматика және телемеханика мамандығы бойынша бітірген академик Ғалымқайыр Мұтанұлы ақын екен. Бірақ қандай деңгейдегі ақын? Мәселе сонда. Мысалы, ректор-ақынның «Ит үреді» деген өлеңін алып қарайық.

ИТ ҮРЕДІ

Керуен көшеді,

Ит үреді.

Көш жылжиды әрі,

Тым ұзақ барар жері.

Үрді деп ит,

Кетпейді кері.

Иттің бар тілегі,

Естісін деп иесі.

Болып оған дәмесі,

Өршелене түседі.

Керуен әрі жүреді,

Өз бағытын біледі.

Ит қанша үргенмен,

Барады өз жолымен.

Көш өткенше,

Көзден кеткенше,

Біткенше демі,

Ит үреді... 

***

Жұрт итке күледі.

   Ректорлық лауазымда жүріп жазған жырының сиқы осы. Қалай бағаласаңыз да, өзіңіз біліңіз. Бұл – бұл ма, Ғ.Мұтановтың әртүрлі тақырыптардағы өлеңдері орыс, украин, парсы, түрік, әзірбайжан, ағылшын тілдеріне де аударылған. Қазақ тіліндегі бірнеше өлеңіне белгілі сазгерлер ән жазған.  Дерек ретінде айтайық, Ұлыбританияның Glagoslav Publications баспасы Shining Light («Шуақты сәуле») деген атпен академик Ғалым Мұтановтың жыр жинағын шығарған. Тіпті отандық бір басылым «Әлемді шарлаған шуақты жинақ» деп тақырып қойып жіберген. Енді ректор-ақын Мұтановтың жаныңның шуағын бөлейтін тағы бір «Қыз жолы» атты жырын оқып қараңыз.

ҚЫЗ ЖОЛЫ

Жасыра алмайтын сезім барын,

Білдіреді әлсін-әлсін қарағаның.

Сезімінен сенің, айналдым мен,

Сезімге сондай лайықсың сен.

Түсінемін, білем бәрін.

Көзіңнен не айтпағын.

Оңай емес, аттап өту,

Айтқандай елің,

Жіңішке де ауыр,

Қыздың жолын.

 Қазақтың қара өлеңінің көшіне де ілесе алмайтын бұл жолдардан не түсіндіңіз? Бұл не, ақ өлең бе? Кезінде кейбіреулер  «Ғ.Мұтановтың шығармашылығы модерндік және постмодерндік поэзияға сай келеді» деп те айтып жіберген. ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы:«Мұтанов өлеңдері – өзіндегі тұнып жатқан ойдың түйінді шындығы. Екіншіден, бойындағы тылсым сырдың сыртқа шыққан тұнығы. Содан кейін, адам бойындағы сезімнің ұлылығын паш ету. Міне, ол кісі сол ойында бар нәрсені жазады. Әңгіме оның классика болуында емес, адам өзі үшін жазуы керек. Ал кәсіби ақынның жөні бөлек. Ол өлең үшін жазады. Өлеңді өнер үшін тудырады. Ал бұл кісі әуелі өзі үшін жазады. Ол – ойдың ақыны», –деп бағалады.

         Мұтановтың өлеңдері ұзақ жыл басшысы болған  Өмірхан Әбдиманұлына жауһар жырдай көрінген шығар. Енді ұят болмасын, ректордың өлеңдері туралы ақын Мырзан Кенжебайдың сөзін келтірелік:

«Апыр-ау, жақсы өлең, ортақол өлең (кейбіреулер ортақол мен ортаңқолды шатыстырып жүр), нашар өлең» деген болатын еді. Мынаны соның ешқайсысына жуықтату мүмкін емес, тіпті өлең деуге келмейтін бір нәрсе ғой, мына «Қазақ әдебиеті» газетіне не болған деп, сол кездегі бас редактор Жұмабай Шаштайұлына телефон шалсам, алмайды. Осы жерде үйреншікті шыдамсыздығымның пайдасы тиіп, бірге оқыған досыма қоңырау шалып,  «мына өлеңші Ғалым Мұтанов деген кім?» десем, «КазГУ-дің ректоры ғой» дейді. Әрі қарай қандай аянышты күйге түскенімді баяндамай-ақ қояйын». 

       Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Сөйткен ректор-ақын Мұтанов пайғамбар жасынан асқанда өзі он жыл отырған орынтағынан кетті. Енді қызметтен қайыр күтпеген Ғалымқайыр Мұтанов ақындықпен шындап айналысатын шығар.

  Бұл Түймебаев үшін қызметтік төмендеу ме?

  Экс-президенттің ассамблеядағы орынбасары болған Жансейіт Түймебаевтың ҚазҰУ-ға ректор болып келуін сан-саққа балап жатқандар бар. Бірақ бұл қызметтік төмендеу емес. 62 жасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болу Жансейіт Түймебаев үшін зор мәртебе десек, қателеспегеніміз. Ғалымқайыр Мұтанов 63 жасында ректорлықтан кетсе, Түймебаев 62 жасында бұл қызметке келді. Түймебаев бір жылдан кейін зейнеткерлік жасқа жетеді. Шамалы уақыттан кейін аяқастынан басқа қызметке ауысып кетпесе, бұл орынтақта енді Түймебаев 5-6 жыл отырады. 

1980 жылы аталған университеттің филология факультетін бітірген Жансейіт Түймебаев осы оқу орнында 13 жыл оқытушылық қызметте болған. 1994 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысты. Оның қай қызмет, салада болсын жұмыс істей беруінің сыры неде? Мықты маман, министр ме, шаруақор әкім бе? Түймебаев сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, министр, әкім, үш рет Қазақстанның Түркиядағы елшісі болып тағайындалды. Ең ұзақ уақыт лауазымда болған орны – Қазақстан Республикасы Президенті протоколының жетекшісі қызметі. Түймебаев бұл орынға қызметтік тарихында үш рет қайта келді. Барлығын қосқанда, бұл лауазымда он жылдай қызмет істеді. Соған қарағанда ол экс-президенттің сүйікті кадрларының бірі болғанға ұқсайды.

 Назарбаев отставкаға кетсе де, ол төртінші рет тағы да оның жанынан табылып, ассамблея төрағасының орынбасары – Қазақстан президенті әкімшілігінің ҚХА хатшылығының басшысы қызметіне келді. Ол президент әкімшілігіне араға уақыт салып, төртінші рет келген адам. Бұдан шығатын қорытынды: Түймебаевтың қызметтік карьерасы жеңіл әрі жылдам  өсті және үкіметтегі ең көп қызмет ауыстырған шенеуніктердің бірі болып саналады.

 Ол Түркияға үш рет елші болып тағайындалған  дипломат. Бірақ ең ойлантатыны – Түймебаев басқарған тұста  ассамблея мүшелері толықтай қазақша сөйлеп кете алған жоқ. Түймебаевтың тұсында қазақ пен дұнған арасында Қордай қақтығысы орын алды. Сол қантөгіс болған жердегі Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов ассамблея атынан мәжіліске депутат болып сайланды. Халықтың көкейінде «бұл қаншалықты қисынды» деген күмәнді әрі түсініксіз сауал қалды.

 Ал ректорлық лауазым Түймебаев үшін, сөз жоқ, қарттыққа жасалған комфортты қадам. Ректорлықтан бірі кетіп, екіншісі келген, қартайғанша орта буынға орын бере қоймайтын  «шал ректорлар» туралы бар шындық осы.

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз