Шерзат Полат ісі кассацияға жетті: сотталғандар жазаны жеңілдетуді сұрайды
Астанада Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша кассациялық шағымдарды қарау басталды. Сотқа екі сотталған – Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет жүгінген. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары сот процесіне бейнебайланыс арқылы қатысуда.
Дидар Қалиахметтің қорғаушысы іс материалдарында алдын ала сөз байласу болғанын дәлелдейтін айғақтар жоқ екенін мәлімдеді. Адвокат бұзақылық бабы бойынша істі қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатуды сұрады. Бұған дейін Қалиахмет 15 жылға сотталған.
Ал Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты айыпты жеңілірек бапқа ауыстыруды талап етуде. Қазіргі таңда ол 7 жылға сотталған, қорғау тарапы жаза мерзімін 2 жылға дейін қысқартуды және моральдық шығынды өндіруді алып тастауды сұрап отыр.
Прокурор шағымдарды негізсіз деп есептеп, үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
«Сотталғандардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген, үкімді қайта қарауға негіз жоқ», – деді прокурор Индира Янгалышова.
Қазіргі уақытта сот кеңесу бөлмесіне кетті, шешім кейінірек жарияланады.
Еске салайық, бұл іс бойынша үкім 2025 жылдың маусымында шыққан. Негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды, қалғандары 7 жылдан 20 жылға дейін жаза алған. Кейін апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Шерзат Полат 2024 жылдың күзінде Талғар қаласында қаза тапқан. Одан кейін бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, марқұмның отбасы үйінің өртенуі мен туысының қаза табуы сияқты қосымша оқиғалар тіркелген.