Тегін жасырғанның саясаты қайталанбай ма?
Никита Сергеевич Хрущев шаруа отбасынан шыққанын, жас кезінен шахтада және зауытта аянбай жұмыс істегенін мақтанышпен айтып отыратын.
Бірақ ССРО-ның жоғарғы басшылықтың арасында Хрущев негізі қанаушылар табынан шыққандығын және тегі поляк екендігін айтатындар көп еді. 1938-1939 жылдары НКВД бастығы болған Берия сәл ертерек репрессияға ұшыраған Ежовты қолдаушы адамдарды партиялық және күштік құрылым аппаратынан аластату, тазалау мақсатында қызу науқан жүргізеді.Билікте түкірігі жерге түспей жүрген наркомның үштігіне Украина республикасының басшылығы да ілігеді. Ал ондағы бірінші хатшы Никита Сергеевич Хрущев болатын. НКВД-ның назары партия серкелерінің өмірбаянына және тегі кімдігіне ауады. Анықталғандай, Хрущевтің жан досы Днепропетровск обкомының хатшысы Задионченко тақыр кедей украин отбасында туылмаған екен. Оның әкесі Зайончик текті еврей екен, ол адам бай қолөнерші және еврей социалистік партиясының белсендісі болыпты. Никита Сергеевичтің екінші досы Украина НКВД-сының бастығы Успенский өзін орманшының баласымын деп жүретін, ал шындығында чекистің шын әкесі есімі елге таныс көпес Александр Успенский боп шықты.
Хрущевтің тегін тексеру үшін чекистер оның кіші отаны – туған жері Курск облысындағы Калиновка селосына барады. Село тұрғындары даңқы дүркіреген жерлесін кедей жарлының баласы деп атамайды екен, поляк помещигі Александр Гасвицтің заңсыз туған баласы деп есептейді. Никита Сергеевичтің шешесі помещиктің қолында үй күтуші боп істепті. Ал поляк ойнастан туған баласынан еш жерімепті.1914 жылы Гасвицкий баласын ақысын төлеп әскерден алып қалады да, Юзовкадағы (Донецк) ескі неміс досы өнеркәсіпші Киршаға өтініш хатпен жібереді. Хрущев шахтада жұмыс істедім дейді, бірақ Молотовтың әйгілі түртпесінде Хрущев істеген шахта қанша іздегенімен ешбір табылмағаны айтылады. Негізінде ССРО-ның болашақ басшысы Киршаның қолында шаруашылық басқарушысы боп жұмыс істеген, жұмысшы табына ешқандай қатысы болмаған.КГБ-ның байырғы қызметкері Зинькович өзін «деревня ақымағы» ретінде танытып келген Хрущевтің шыққан шынайы тегін Сталин білетін еді дейді. Никита Сергеевичтің тегінің поляк екендігін Ежов пен ССРО министрлер кеңесінің төрағасы Маленков та білген екен.
Тегін жасырып, өтірікпен өрілген ертегі жырлап ССРО-ның жоғарғы басшылығына жеткен Хрущевтің Қазақстанға, оның ішінде қазақ халқына жасаған қиянаты мен қиямпұрыстығын мынадан-ақ көреміз:
« Соғыстан кейінгі аштық мәселесін шешу үшін Никита Хрущев тың игеру бастамасын көтереді, алайда Хрущев ұсынған масштабты Қазақстан ОК басшылығы үрейлене қабылдайды. Сталин өлгеннен кейін КОКП ОК бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев бұрынғы бастамасын қайта бастап, Қазақстан аумағын егістік жерге айналдыруға тырысады. Бұл жолы да Жұмабай Шаяхметов Мәскеудің шешімімен келіспейді. Нәтижесінде ҚКП ОК 1954 жылғы Ақпан пленумында «өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, идеологиялық және ұйымдастыру-партиялық жұмыстарында жіберген кемшіліктері үшін» Ж. Шаяхметов лауазымынан алынады.
Бұған Шаяхметов былай жауап береді: «Тың жерлерді біртіндеп, ол үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасай отыра игеру керек, әйтпегенде біз өз жерімізден айырылып қаламыз».
Кейін Н.Хрущев өз естеліктерінде былай деп жазады: «Егер егіндік жердің аумағын ұлғайтсақ, онда ол жерлерді қазақтардың өздері игере алмайтындығын… тың игеруге барғысы келетін еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін Шаяхметов түсінді. Ал ол мұны мүлде қаламады, өйткені олай істейтін болса, онда Қазақстандағы байырғы тұрғындардың меншікті салмағы одан да азая түсетін еді».
(Эльнора Жалимбетованың фб-тағы парақшасынан).
Тың игеру, мол астық алу деп Қазақстанда науқан бастаған Хрущевтің өтірігін мұнан да көреміз. Оның саясаты қазақ жеріне өзге ұлттарды толтырып, қазақтың проценттік салмағын азайту болды. Астарында билеу, төстеу, қазақты ұлт ретіндегі сипатынан айыру жатты. Бұл мақсатына Хрущев тірі кезінде де, өлгеннен соң да тез жетті. Нәтижесінде өз ана тілін ұмытқан, ол тілде сөйлегісі, жазғысы, тіпті үйренгісі де келмейтін қазақтар саны артты. Өз топырағында қазақ тілі өгей тілдей күй кешті.
Ал бүгіндері Ресейден Қазақстанға ағылып жатқан орыс келімсектері көшінен соң қазақтың саны азайып, уақыт өте келе олардың іс-әрекеті қазаққа қарсы нақты арандатушылық сипаттағы күресіне ұласпай ма? Тарих қателігін қайталатамыз ба? Өйткені орыстың барлық патшасы, зымияндығы басым саясаткерлері бірнеше ғасырдан бері қазақ ішіндегі тұқымдастары және жылтырақ бұйым мен шенге сатылған қазақтар арқылы қазақтың басын көтертпеуге, жерін жұлмалауға бар күшін салып келді емес пе? Сондықтан өмірбаяндары өтірікке толы, басқыншылық пиғылдары басым басшыларының жылмысуына алданып, ардақты да құрметті халқымыздың басына нәубет жамылдырып алмайық.