Түркия Сириядағы әскери және экономикалық ықпалын күшейтіп жатыр: Израильмен шиеленіс өршіді
2026 жылдың мамыр-маусым айларында Түркия Сириядағы әскери қатысуын айтарлықтай кеңейтті.
Сириялық әскери бөлімшелер алғаш рет Түркия Әуе күштерінің EFES-2026 оқу-жаттығуларына қатысты. Сондай-ақ түрік әскери кемесі алғаш рет Латакия портына кіріп, Анкара мен Дамаск Түркияның Сириядағы әскери әуе базаларын пайдалану мүмкіндігін талқылап жатыр.
Израильдің Alma институтының есебіне сәйкес, Түркия Сирия армиясын қалпына келтірудегі негізгі серіктеске айналған. Анкара Дамаскке ұшқышсыз ұшу аппараттарын, әуе қорғаныс жүйелерін және жоғары дәлдіктегі зымырандарды жеткізуге дайындалып жатыр. Ал Израиль Дамаскінің оңтүстігінде тұрақты түрік әскери базасының құрылуын «қызыл сызық» деп бағалайды.
Сонымен қатар Түркия Сириядағы экономикалық ықпалын да арттырды. Анкара екі жыл ішінде Дамаскпен тауар айналымын 5 млрд долларға, ал бес жылда 10 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұдан бөлек, Түркия мен Сауд Арабиясы Сирия арқылы өтетін Хижаз теміржолын қайта жаңғырту жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Ал Turkish Airlines 13 жылдық үзілістен кейін Дамаскке тұрақты рейстерін қайта бастады.
Осы жағдай аясында Анкара мен Тель-Авив арасындағы риторика күрт шиеленісті. Режеп Тайып Ердоған Израильдің Сирия мен Ливанға жасаған соққылары Түркияның қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін айтып, түрік мүдделеріне нұқсан келтірілсе, жауап берілетінін мәлімдеді. Ал Биньямин Нетаньяху Ердоғанды «диктатор әрі антисемит» деп атады.