Сараптама

Ұлттық банктің «бас ауруын» базалық мөлшерлеме жаза ала ма?

Ұлттық банкке тағы да таңдау жасайтын уақыт келді. Жұма күні бас банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Қазір қаржы нарығы бұл шешімді ерекше назармен күтіп отыр.

1

Өйткені соңғы айларда тиісті ведомстволар айтып жүргендей, инфляция баяулап, теңге нығайып, экономикадағы бірқатар көрсеткіштер жақсарғанымен, базалық мөлшерлеме әлі де 18 пайыз деңгейінде қалып отыр. Сарапшылардың негізгі болжамы бойынша, Ұлттық банк бұл жолы да реттеуші мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы мүмкін.

Инфляция шынымен баяулады ма?

Дегенмен бірқатар экономистер ақша-несие саясатын аздап жұмсартуға мүмкіндік туғанын айтады. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеді. Айлық инфляция да сәуірдегі 0,8 пайыздан 0,7 пайызға түсті. Бір қарағанда, бұл көрсеткіштер жағымды жаңалық болып көрінеді. Алайда инфляция құрылымына тереңірек үңілсек, бағаның баяулауына негізінен маусымдық факторлар әсер еткен. Атап айтқанда, отандық жеміс-жидек пен көкөніс пісіп, оның саудаға шығуы азық-түлік инфляциясын тежеген. Ал қызмет көрсету секторындағы баға өсімі әлі де жоғары деңгейде. Бұған қоса электр энергиясы, су, жылу және басқа да коммуналдық қызметтердің тарифтері қымбаттап барады. Сондықтан инфляцияның негізгі қысымы нарықтық сұраныстан емес, мемлекеттік реттеуден туындаған.

Қаржыгер Тоғжан Шаяхметованың сөзіне жүгінсек, қазіринфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Мәселен, бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Айталық, тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың, ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады.

«Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің сауатты тетігін қалыптастыру керек», – дейді маман.

Жалпы, қаржыгердің ойынша, үкіметтің қымбатшылыққа қатысты қазіргі ұстанып отырған бағыты – самарқау және сауатсыз. Мұндай бағытпен инфляция тек маусымдық кезеңдерде ғана төмендейді. Тек өзіміздің бау-бақша өнімдері пісіп тұрған кезде ғана үкіметтің де мақтанып қалар сәті туындайды.

«Мәселен, бұған дейін бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асуы керек еді. Басқасын айтпағанда, осы бағдарламаны үкімет сауатты жүргізе алғанда Қытайдан тым құрығанда ине-жіп, шеге, кесе, қасық тәрізді ұсақ-түйектерді сатып алмайтын едік. Амал нешік, отандық өндірісі артта қалған ел ретінде біз бүгінде шиеттей нәрсенің өзін өзге елден алуға мәжбүрміз. Сонда, қарапайым ғана шеге шығарудың тетігін таба алмай отырып, инфляцияны қалайша ауыздықтамақпыз? Қымбатшылықтың импортпен ілесіп келетінін үкіметтің ұғынатын кезі әлдеқашан жетті емес пе? Сондықтан осы мәселені реттеп алмай, бізге алдағы уақытта инфляцияны 6-7 пайыздық деңгейге түсіреміз деу – бос мақтан», – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Жоғары мөлшерлеме тарифтерді тоқтата алмайды

Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, қазіргі инфляцияның елеулі бөлігі монетарлық емес факторлармен байланысты. Бұған қатысты мамандар төмендегідей мысалдар келтіреді.

Мәселен, жарық пен судың қымбаттауы. Егер наубайхана ішетін су мен жарықтың ақысын бұрынғыдан екі есе көп төлей бастаса, ол шығынды жабу үшін, әрине, кәсіп иесі нанның бағасын өсіруге мәжбүр болады. Сонда нан бағасы айналымда ақша көп болғандықтан емес, оны пісіру құны қымбаттағандықтан өседі. Сондай-ақ бензин мен жол шығынынан да инфляция өседі. Мәселен, қызанақты басқа өңірден таситын жүк көлігінің жанармайы қымбаттаса немесе қосалқы бөлшектерінің бағасы өссе, жол шығыны артады. Нәтижесінде, базардағы қызанақ бағасы көтеріледі. Сырттан келетін импорт та қымбатшылықты арттырады. Біз шетелден сатып алатын киім-кешек, техника немесе шикізат сол елдің өзінде қымбаттаса, бізге де жоғары бағамен келеді. Жоғары салық та инфляцияны қозғайды. Міне, сарапшылар «қазіргі инфляция монетарлық емес фактордан болып жатыр» деп осы себептерді айтады.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің пікірінше, мұндай жағдайда Ұлттық банк белгілеп отырған жоғары мөлшерлеме мәселені шешпейді. Себебі жоғары мөлшерлеме тарифтердің бағасының өсуін еш тоқтата алмайды.

«Сондықтан қазіргі ұстанып отырған ақша-несие саясаты арқылы инфляцияны бақылау қиын. Жоғары базалық мөлшерлеменің қазір аса пайдасы жоқ. Керісінше, Ұлттық банк тәуекелге барып, мөлшерлемені 17,75 пайызға түсіруі керек. Бұған себеп – ұлттық валюта қазір айтарлықтай нығайды. Сондай-ақ мұнай бағасының салыстырмалы түрде жоғары болуы, экспорттық түсімдердің артуы және Ұлттық қордан валюта сатылымдарының әсері оң байқалды. Әдетте базалық мөлшерлемені төмендету ұлттық валютаның әлсіреу қаупін күшейтеді. Алайда қазіргі жағдайда теңгенің белгілі бір беріктік қоры қалыптасқан. Мөлшерлемені 17,75 пайызға дейін төмендету валюта нарығында күрделі күйзеліс тудырмайды. Керісінше, теңгенің шамадан тыс нығаюының алдын алып, оның нарықтық тепе-теңдігін сақтауға көмектесуі мүмкін», – дейді экономист Жаңабай Алдабергенов.

Кері әсері қандай?

Мамандар айтқандай, базалық мөлшерлеме қаншалықты жоғары болса, банктердің қаржы тарту құны да соншалықты қымбаттайды. Нәтижесінде, бизнес пен халық үшін несие мөлшерлемелері жоғары деңгейде қалады.

Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнеске ауыр тиіп отыр. Мұндайда кәсіпкерлер жаңа жобаларды іске қосуды кейінге қалдырады немесе инвестиция көлемін қысқартады.

Сондай-ақ тұрғындар үшін ипотекалық және тұтынушылық несиелердің құны жоғары болып қала береді. Бұл өз кезегінде ішкі сұраныс пен экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуіне әсер етеді. Экономистердің сөзінше, ұзақ уақыт бойы жоғары мөлшерлемені сақтау инфляцияны тежегенімен, экономикалық өсім қарқынын да баяулатуы мүмкін.

Жалпы, қазір бізде экономикалық өсімнің бар екені үнемі айтылады. Алайда халық сол экономиканың өскенін сезінбей жүр. Біз осыған байланысты экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновке де сауалдарымызды қойып көрдік. Оның ойынша, халықтың экономикалық өсімді сезінбеуінің бірнеше себебі бар.

Экономикалық көрсеткіштер бірінші ретте елдегі ірі кәсіпорындардың жалпы табысы артқанынан есептеледі. Алайда бұл сол кәсіпорындағы қызметкерлердің жалақысы, табысы артты деген сөз емес. Шынайы табыстың өспеуі халыққа экономиканың өскенін сездірмей отыр. Былтырғы қарқынды инфляция, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тұрмыстық химия бағасының өсуі халықтың ЖІӨ өсімін сезінуіне мүмкіндік бермейді.

«Бір деректерге сәйкес, қазақстандықтар орташа жалақысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Егер медианды жалақыны алсақ, қазір 325 мың теңге алатын қазақстандық айына 162,5 мың теңгенің айналасында ақшасын азық-түлікке жұмсайды. Жалақысының тең жартысы тек азық-түлікке кеткен жағдайда, халықтың ЖІӨ өсімін сезуі өте қиын», – дейді Қуанышбек Дүйсенов.

Маманның ойынша, қазіргі уақытта елді қымбатшылық қамытынан құтқару үшін мынадай нақты әрекеттер жасау керек:

Біріншісі – үкімет бағаның өсуін болдырмау үшін өзінің шығыстары мен бюджет тапшылығын бақылауын, қадағалауын қатаңдатуы қажет. Қажетсіз шығындарды азайту және салық түсімдерін арттыру мүмкіндігін қарастыру керек. Шығындарды азайту бойынша бюджетке салмақ болатын түрлі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға жүк болатын шығындарды тоқтату қажет.

Екіншісі – бағаны бақылауды қаталдандыру мен жүйелі іске асуын қамтамасыз ету. Үкімет негізгі тауарлар мен қызметтердің, әсіресе маңызды тауарлардың бағасын бақылау үшін шаралар қолданғаны абзал. Әрі бұл жақта соңғы тұтынушымен байланысатын бөлшек сауда орындары ғана емес, ортадағы делдалдар, кейбір өнім өңдеуші делдал монополиялар мен олигополияларды қадағалауды қатаңдату қажет. Бұл шараның маңызы, ол ел ішінде тапшылық туғызбау және нарықтық экономиканы бұрмаламау үшін мұқият жасалғаны жөн.

Үшіншісі – отандық өндірісті қолдау. Бұл әсіресе импорттық инфляция жағдайында аса өзекті. Себебі жергілікті өндірісті ынталандыру импортқа тәуелділікті азайтуға және бағаның өсуіне сыртқы факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Жергілікті бизнестің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру инфляциялық қысымды азайтуға көмектеседі. Жергілікті бизнестің импортқа негіз болып отырған алып сатудан гөрі, жергілікті нарықта өнім өндіру, оны шетелге экспорттауға бағыттау секілді дүниелерге зейін қоюға итермелеу, маңызды пункт саналады.

Маманның пайымынша, үкімет белгілі бір деңгейде әрекеттерге көше бастады. Ұлттық банктің монетарлы саясатты күшейтуі инфляцияны тежеді. Дегенмен инфляцияның тежелуі оның төмендеуі емес. Елдің әл-ауқатының артуы үшін кемінде ең маңызды тауарлар мен қызметтер құны төмендеп, қолжетімді бағада болуы шарт. Бұдан соң нарықтық экономика заңдылықтарына сәйкес, жұмыс орындарын бірінші ретте мемлекет емес, кәсіпорындар қалыптастырады. Ендеше, үкімет тарапы бірден ірі «жасанды» кәсіпорындар аша салғанның орнына, ел азаматтарының кәсібін жүргізуге шектеулерді азайтып, шағын өнеркәсіп орындарын орташа, орташаны ірі кәсіпорынға айналуына септігін тигізу керек. Әрі сол жұмыс орындарында шынымен де жалақы орташадан жоғары болуын қамтамасыз еткені абзал. Әйтпесе, жүздеген, мыңдаған жұмыс орнын ашып, оның айлық табысының жартысы азық-түлікке жұмсалса, онда оның тиімділігі қаншалықты деген заңды сауал туындайды.

Қаржы нарығы қатысушыларының басым бөлігі қазір базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде сақталады деп болжайды. Алайда инфляция төмендеуін жалғастырып, теңге тұрақты болса, жылдың екінші жартысында ақша-несие саясаты біртіндеп жұмсаруы да мүмкін. Кейбір сарапшылар жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме 16,5-17,0 пайыз аралығына дейін төмендеуі мүмкін деп есептейді. Қалай болғанда да, алдағы жұмадағы шешім тек қаржы нарығы үшін емес, бүкіл экономика үшін маңызды белгі болмақ. Өйткені базалық мөлшерлеме – инфляцияға қарсы күрестің ғана емес, экономикалық өсімнің де негізгі құралдарының бірі. Қазір Ұлттық банктің алдында екі міндет тұр: баға тұрақтылығын сақтау және экономиканың дамуын тежеп алмау. Сондықтан реттеушінің әрбір шешімі алдағы айлардың экономикалық бағытын айқындайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: Ұлттық банк
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз