Сараптама

Зеленский Украинада Patriot зымырандарын қашан жасайды?

Ресей мен Украина арасында қиян-кескі ұрыс жүріп жатқанына 4 жарым жыл болды. Екі жақтан да соғыс шығыны орасан. Әсіресе өткен 4 жылда Украинада бейбіт тұрғындар оққа ұшып, тұрғын үйлер қирап, халық қатты жапа шекті. Ал Ресейдің армиясы ауыр шығынға ұшырап, жауынгерлер майдан даласында мыңдап қырылып жатыр.

Зеленский мен Трамп

Бұрындары ұрыс тек украин даласында жүрсе, биыл көктемнен бастап Ресей аумағы да соққыға ұшырады. Әсіресе Украина дрондары Мәскеудің мазасын алып, тынышын бұзып жүр. Ресейдегі мұнай зауыттары, әскери нысандар, қоймалар нысанаға ілінді. Биыл маусым айында Украина президенті Володимир Зеленский Ресейді соғысты аяқтауға мәжбүрлейтін «40 күндік ықпал ету операциясын» жариялап, Мәскеуді 40 күн қыспаққа алуға бел буған.

Содан бері Киев қарсыласына жойқын дрон шабуылдарын жасап, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын бірінен кейін бірін қиратты. Салдарынан Ресейде жанармай тапшылығы туындап, жұрт дүрліккенін білеміз. Тіпті оның салқыны Қазақстанға да тиген. Кейбір сарапшы «Мәскеу мұнайдан таршылық көрсе, Астанаға да оңай болмайды» деп болжаған.

Патриот
Фото: ЖИ

Қысқасы, соғыс уақыты ұзарған сайын Киев пен Мәскеудің күйі тайып барады, екі елдің де жағдайы мәз емес. Бұл аймақтағы өзге елдерге де әсер етеді. Мысалы, Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдардан кейін қазақ мұнайының жолы жабылып, тынысы тарылып қалды. Содан болар кейінгі кезде біздің тараптан «соғысты тоқтату», «бейбіт келіссөз» туралы жиірек айтылып жүр. Әрине, дәл қазір бейбіт келісімнің орнай қоярына сенім аз, өйткені Ресей мен Украинаның соғысты тоқтатуға қатысты шарты – қарама-қайшы, ұстанымдары – жер мен көктей.

Соған қарамастан, соғысты тоқтатудан әлі де үміт бар. Мысалы, 25 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуде қақтығысты «мұздатып», дипломатия үстеліне отыруды ұсынды. Сондай-ақ 28 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Зеленский Вашингтонда жолығып, соғыс жағдайын талқылады.

Ең қызығы, Трамп бір күнде соғысқа қатысып жатқан екі елдің басшысымен кездесті. Ақ үй басшысының алдына алдымен Зеленский кірген, оның ізін ала сопақша кабинетте Трамп пен Израиль премьер-министрі Нетаньяхудің кездесуі өтті. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт екі кездесудің де «өте нәтижелі өткенін» хабарлады.

Зеленский мен Трамп және ЕО басшылары
Фото: Anna Moneymaker / Getty Images

Трамп пен Зеленский кездесуінде не айтылды?

Екі президент кейінгі екі айда үш мәрте жолықты. Осы жолғы кездесу бір сағатқа созылды. Кездесу жабық форматта, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз өтті. Қос тарап келіссөз алдында да, одан кейін де ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Зеленский Трамппен кездесуі «жақсы өткенін» айтып, әлеуметтік желіде шағын жазба жариялады. Оның айтуынша, талқыланған негізгі тақырып – америкалық Patriot әуе қорғанысы жүйесіне арналған зымырандарды Украинада лицензиямен өндіру және Ресеймен бейбіт келіссөзді жандандыру жайлы болған.

«Сопақ кабинетте президент Трамппен жақсы кездесу өтті. Украиналықтардың өмірін қорғау және бейбітшілікке қол жеткізу жолында бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ дипломатияны талқыладық, дипломатиялық процесті жандандырудың маңызы зор», – деп жазды Зеленский.

Көпшілік көз тіккен кездесуде нақты не сөз болғаны жайлы бұдан өзге ақпарат жоқ. Кездесу жабық өткендіктен, әлемдік баспасөз де тұщымды ақпарат бере алмай отыр. Соған қарағанда, үлкен өзгеріске жол ашатындай маңызды сөз айтылмаған сияқты. Егер қандай да бір жаңалық болса, «түймедейді түйедей» етіп көрсетуге әуес Трамптың өзі елден бұрын «сүйінші» сұрар еді.

Сарапшылар кездесуде соғысты тоқтату жөніндегі келісөзден гөрі Patriot кешеніне арналған зымыран өндіруге лицензия алу мәселесі көбірек талқыланған болуы мүмкін деп болжайды. Ресей кейінгі айларда баллистикалық зымыранмен шабуылды күшейтті, Украинада баллистикалық зымыранға қарсы қолданылатын Patriot қорғаныс кешендері бар, бірақ осы кешенге арналған зымырандар тапшы. Сондықтан Киев оны өзі өндіргісі келеді. Ал Вашингтон зымыран өндірісіне лицензия беруге қарсы емес. Биыл шілдеде Анкарада өткен кездесуде Трамп Зеленскийге Patriot зымырандарын шығаруға лицензия беруге дайын екенін айтқан. «АҚШ жеткілікті мөлшерде көмек бермейді деп шағымданбайсыз. Оны өзіңіз өндіріңіз», – деген еді сонда Трамп.

Сондай-ақ сейсенбі күні Украина президенті Patriot зымырандарын және басқа да қару-жарақ өндіретін Lockheed Martin концернінің өкілдерімен кездескен. Демек, «Патриот» кешендеріне арналған зымыран өндіру лицензиясының мәселесі шешілген сияқты.

Соғыс өртінде қалған Киев кейінгі жылдары әскери қару-жарақ өндірісіне қатты көңіл бөле бастады. Арнайы дрон өндірісін жолға қойып, әлемде алғашқылардың бірі болып дрон армиясын жасақтады. Patriot кешеніне арналған зымыраннан бөлек, HIMARS жүйесіне арналған ATACMS баллистикалық зымыранын, F-16 жойғыш ұшағын шығаруды қолға алған. Соның арқасында Украина әскері қазір Еуропадағы ең мықты, ең тәжірибелі армияның біріне айналып шыға келді.

Санкция
Фото: overclockers.com

Ресейге жаңа санкция қаупі төніп тұр

Трамппен кездесуге Зеленский жалғыз барған жоқ. Ол өзімен бірге Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов пен оның орынбасары Павел Палиса, Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Сибига мен оның орынбасары Сергей Кыслыца және Украинаның АҚШ-пен басты келіссөз жүргізушілерінің бірі Рустем Умеровті ерте барған.

Ақ үйдегі кездесуден кейін Украина өкілдері жақында қайтыс болған АҚШ сенаторы Линдси Грэмді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты. Зеленский Грэмнің қазасына орай Трампқа көңіл айтып, оны «Украинаның шынайы досы еді» деп атады. Өйткені Грэм өзі бастамашы болып, Ресейге ауыр санкция пакетін дайындап, оны «тозақ санкциясы» деп атаған. Сол үшін де Зеленский оны Ресейге қарсы қатаң ұстанымы үшін «шынайы дос» деп бағалаған.

Жерлеу рәсімінен кейін Украина президенті америкалық сенаторлармен кездесіп, Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын талқылауға куә болды. Линдси Грэм бастамашы болған заң жобасы бойынша процедуралық дауыс беру рәсімінде құжатты 86 сенатор қолдап дауыс берді. Демек, бұл жобаның қолдау тауып, күшіне ену мүмкіндігі жоғары. Бірақ Өкілдер палатасы бұл заң жобасын жазғы демалыстан келген соң, қыркүйек айында ғана дауысқа салады.

Линдси Грэм бастамашы болған «тозақ санкцияларын» жобасы күшіне енетін болса, Ресей қаржы институттарының шоттары бұғатталады, сондай-ақ Ресейдің мұнай мен газын сатып алатын, Мәскеумен алыс-берісі бар елдерге 100 пайыздық баж тарифі енгізіледі. Бұл Ресеймен ортақ нарығы бар Қазақстанға өте тиімсіз болуы мүмкін.

Мәскеу қазір сансыз санкцияның шырмауында отыр. Оның салқыны Орталық Азияға да тиіп жатқаны жасырын емес. 23 шілде күні Еуроодақ Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдады. Жаңа шектеулер аясында 48 жеке тұлға, 170 ұйым қара тізімге енген. Оның ішінде Қазақстанның екі компаниясы бар. Қазақстандық ұйымдарға Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсетті, санкцияны айналып өтуге көмектесті деген айып тағылған.

Ал АҚШ-тың жаңа санкция жобасы бұдан да қатаң болуы мүмкін. Вашингтон кезінде Иранға осындай шектеу енгізіп, Тегеранмен сауда-саттық жасаған мемлекеттердің бәрін қырына алған. Демек, сол әдісін Мәскеуге қарсы қолдануы ғажап емес.

Мұндай қысым Кремльді келіссөзге мәжбүрлей ала ма? Бұған сенім аз. Ресейдің бұл соғыста жеңіске жететіні күмәнді. Ал Путин «жеңілген адам» ретінде келіссөз үстеліне отырғысы келмейді. Бұған дейін өткен бейбіт келіссөздер барысында Мәскеу тарапы үнемі «Украина Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының қолдан кеткенін мойындасын», «Донбастан шегінсін», «армиясын азайтсын», «орыс тіліне мәртебе берсін» деген сияқты Киев қабылдауы мүмкін емес шарттар қойып келген. Ал Украина тарапы «әңгіме жер беру туралы болса, келіспейміз, соңына дейін соғысамыз» дегенді алға тартады.

Жақында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мүмкін болмаса, Мәскеу толық жеңіске жеткенге дейін күреседі», – деп мәлімдеген. Демек, дәл қазір бейбіт келіссөз жайлы сөз қозғауға ерте сияқты. Ақ үйдегі Трамп пен Зеленский кездесуі де осыны аңғартып тұрғандай.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз