Жәнібек «жұлдыздарды» күте бере ме?
14 қазан күні орта салмақта қос тұжырым бойынша белбеу иеленген Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10КО) енді шаршы алаңға 2024 жылдың ақпан айында шығуға дайындалатынын айтты. Уақыт аз. Арадағы төрт ай көзді ашып-жұмғанша өте шығады.
Жәнібек IBF нұсқасының әлем чемпионы Винченцо Гуалтьериді еркін жеңген соң, алдағы уақытта атағын қорғауға аса қызықпайтынын мәлімдеді. Біздің чемпион орта салмақ дәрежесіндегі басқа екі нұсқаның чемпиондарын жекпе-жекке шақырды. Бірақ олар Qazaq Style-дің ұсынысын қабыл ала ма? Мәселе осында.
Мойындауымыз керек, кәсіпқой бокс – қазір таза бизнес. Жанкүйерлер де Жәнібектің германиялық Гуалтьериді алтыншы раундта қалай есеңгіреткенін емес, қанша ақша тапқанын көбірек талқылады. Бір деректер бойынша, Әлімханұлы осы жекпе-жек үшін 750 мың АҚШ долларын иеленеді, ал ақылы трансляция 150 мыңнан асса, тағы 1,5 миллион доллар алуы ықтимал. Осы «қаламақысына» қарап-ақ, Әлімханұлы қанша жарқын, ерекше боксшы болса да, әлі де элиталық ортаға енбегенін байқауға болады.
WBC титулына ие Джермалл Чалло да, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ерисланди Лара да Жәнібекұлының «қоқан-лоқысына» әзірше мойын бұра қоюы екіталай. Басты себеп – Qazaq Style-мен жекпе-жек олардың қаржы қоржынын аса томпайта қоймайды.
Естеріңізде болса, кезінде Геннадий Головкин де орта салмақтағы мәртебелі төрт тұжырымды бір қолға жинауға әрекеттенді. Әлемдік бокс көшінің маңдайалды өкілі Сауль «Канело» Альвареспен бір емес, үш кездесу өткізсе де, отандасымыз сол мақсатына жете алған жоқ. Керісінше, Головкиннің әу бастағы мақсаты «Канеломен» кездесулердің тасасында қала берді, қала берді.
Әлімханұлы да осы кепке түсіп қалмаса екен деген алаңымыз бар. Күні кеше Qazaq Style Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырды. «Мен оны оп-оңай нокаутқа түсіремін» деп жазды әлеуметтік парақшасына. Отандасымыздың ниеті айқын болғанмен, көп нәрсе оны жетелейтін Top Rank компаниясына да байланысты. Осы компания мықты боксшылардың промоутерлерімен келісімге келе алса, ең бастысы, ақша таба алса ғана қарсы тарап көз қиығын салуы мүмкін.
Әзірше түрлі тарап Жәнібекке кімнің қарсылас болуға лайық екенін таразылап жатыр. WBC нұсқасы бойынша «уақытша» әлем чемпионы доминикандық Карлос Адаместің (23-1, 18КО) орайлы келетінін айтушылар аз емес. Чарло сияқты сайыпқыранға жол ашу үшін де Адамеспен кездесудің мәні болар. Не болса да, жаңалық күтеміз
Есей Жеңісұлы