Жемқорлық туралы заң әлсіздерге ғана арналған
Басқа мемлекеттерде қалай екенін қайдам, ал біз ақша десе, араны тоймайтын шенеуніктердің ұзын санынан жаңылысатындай күйге жеттік.
Атынан ат үркетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың таяудағы келтірген мәліметтеріне сүйенсек, бұл саладағы қылмыстардан жаның шошиды. Өзге жылдарды айтпағанда, былтырдың өзінде ғана елімізде түрлі лауазымдағы 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, соның жартысынан астамы сотталыпты. Қылмыс жасады деп құрыққа ілініп, маңдайына қара таңба басылған дөкейлердің арасында кімдер жоқ дейсіз, бәрі бар. Бес вице-министр, бір облыс әкімі, төрт облыс әкімінің орынбасарлары, бес судья, он аудан әкімі мен олардың орынбасарларына мемлекет қаржысын ішіп қойды, жеп қойды деген айыптар тағылған. Қарапайым адамдар болса бір сәрі, төмендегілерге төбеден қарайтындарды абыройдан айыратындай дерек. Сол Құдайдан үміті жоқ шенеуніктердің арасында жұрт індеттен жаппай қырылып жатқанда қу құлқыны үшін коронавирусқа деп бөлінген қаржыдан қымқырған қаныпезерлер де аз болмай шықты.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үстінен қылмыстық іс қозғалуының өзі бұл саладағы сыбайластықтың жай ғана ұсақ-түйек іс емес, тамырының тым тереңге кеткенін көрсетсе керек. Алайда бұрынғы министрдің айып тағылысымен жақын-жуықтары арасынан топ құрып, өзін судан таза, сүттен ақ етіп көрсеткісі келетін жасанды дүрбелеңдер ұйымдастыруына қарағанда, Елжан Біртановтың көзі жылтырап темір торда отыратынына күмән көп.
Бір ғана Біртанов емес, соңғы жылдары істі болып жатқан шенеуніктердің сот үкімі шықпай жатып, елге сыйлы ақсақал-көксақалдарды жағалап, солардың көмегімен заң орындарынан, қажет десеңіз, экс-президенттің өзіне шығып, сауға сұрайтын үрдіс пайда болды. Алаңдарға шығып, жер тепкілеп тұрып алатын ондай топтарға Ата заңымыздың 14 -бабындағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деген қасиетті қағиданы түсіндіре алмайсың. «Біртанов па, ол жақсы адам», «Әуезов атындағы академиялық театрдың директоры ма, ол білмей қалыпты...» Ағайын үшін атқа қонғандардың ақтау сарынында айтатын қилы әңгімелерінің мазмұны осындай болып келеді. Одан қала берді, халықтың несібесіне қол салатын кейбір шенеуніктерімізді сырт жұртқа қатал көрінетін заңдарымыздың жеме-жемге келгенде шапанының шалғайына орап, аман алып қалатынын ойлағанда бұл құжаттардың әу бастан-ақ бай-манаптардың мүддесін қорғауға ыңғайланып жазылғанына күмәнің қалмайды.
Расында да, кем-кетігі шұбырып жататын сондай дүмбілез заңдарымыздың парламенттің қос сатысынан қамшы салдырмай өтіп, мемлекет басшысының қолымен бекітіліп кететінінде оны талқылап, талдамауға өресі жетпесе де, қол көтеріп, құптай салатын кәсіби емес депутаттардың кінәсі бар. Әу бастан заң шығарушы орган немесе мекеме ұлттық ерекшеліктерімізді ескермей, өзге мемлекеттердің дайын дүниелерінен көшіріп алатын ондай құжаттардағы қитұрқылықтарды заңнан хабары жоқ бөгде мамандық иелерінің аңғармай қалатыны да ақиқат. Өмір тәжірибесінен бір көңілге түйгеніміз, ат төбеліндей адамдардың қолдап, қолпаштауымен өтіп кететін ондай заңдар халық талқысына салынбайтындықтан, қалайда суға кетіп бара жатқан жемқорды қолынан тартып құтқарып қалатындай сипатта жазылады.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын миллион доллар пара алғаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған В.Ний сондай заңдарымыздың шарапатының арқасында судан таза шығып кетті. Былайғы жұрт «апырмай, атқа мінген ауқатты адамдарға заң күшінің жүрмейтіні рас екен-ау» деп түңіліп еді, Алматы қалалық соты басшыларының бірі «бізді кінәламаңдар, бәріне жазықты – мынау» деп, Қылмыстық процестік кодекстің «Процестік келісім жасалған істер бойынша іс жүргізу» деп аталатын 13-тарауындағы 10-бапты парақтап көрсетіп, ақталды. Екпіндеп барғандардың еңсесі түскен. Сөйтсек, миллион долларды оп-оңай өңешінен өткізіп жіберген В.Ний басқа емес, тергеу органымен тағайындалған жазаның заңдылығын тексеріп, істі сотқа жіберетін прокурордың өзімен процестік келісімге келген екен. Ал прокурор мәселені дұрыс деп тапқаннан кейін, басына мантиясын киіп, маңайына сұс шақырып отыратындай әсер қалдыратын судьяның қолында тұрған не бар? Ол пақырың заң талабы бойынша тағылған айыптың шеңберінен шыға алмай, прокурор мақұлдаған кінә төңірегінде ғана үкім шығарады немесе ақтайды. Көрдіңіз бе, заңның судьяның қолын қалай байлап тастағанын?!
Сонымен, қылмыс жасаған лауазымды адамдарды қабатына алып, қорғап отыратын процестік келісім дегеніміз не? Заңдағы процестік келісімнің талабы бойынша жауапқа тартылған лауазымды адам өзіне қатысты тергеп-тексеру жұмыстары барысында онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша күдікті айыпталушы келтірген күдікпен, айыптаумен келісіп, қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға көмектесіп, өзгелердің заңға қайшы әрекеттерін жайып салса, жазасының жеңілдеуіне кепілдік алады. Мұндайда айыпталушының әрекетін пара немесе ауызбастырық алып, қалайда жеңілдетуге тырысатын прокурордың қылмысын екеуара жасалынатын келісім ғана көлегейлеп көрсетпейді. Қолданыстағы заңның талабына сәйкес, күдікті мен айыпталушы келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдіріп, өзі жасаған қылмыстарды бекітетін дәлелдемелер мен келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаса ғана уағдаластық жасалды деп есептеледі. Қазіргі жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов еліміздің бас прокуроры қызметін атқарып тұрған кезінде прокурорлардың заңның осы талабын жеке мүдделеріне орайластырып пайдаланып, жемқор шенеуніктерді негізгі жазадан құтқарып жіберетініне көптеген деректер келтіріп еді, өкінішке қарай, ары таза емес ұлықтарды басынан сипап, батпақтан шығарып алатын процестік келісім талаптары күні бүгінге дейін маңдайына жел тимей, билік басындағыларға құлдық ұрып, қызмет етумен келеді.
Рас, әлемдік тәжірибеге жүгінсек, сыбайлас жемқорлықты біржолата ауыздықтайтын күш пен құдірет әзірге табылған емес. Есесіне заң тетіктерін жетілдіру арқылы араны кең шенеуніктердің санын азайтқан елдер аз емес. Ал Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде қаншама заң қабылданса да, қоғамның буын-буынын жайлап алған дерт ем қолданылса, керісінше, одан әрі өршіп кететін қауіпті ісік кеселі сияқты әл бермей отыр. Алайда биліктегілер түк пайдасы жоқ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жаттанды ұрандарды күн тәртібінен түсірмей, қайталаумен келеді. Мемлекет басындағы көсемдер екі сөзінің бірінде «халықтың әл-ауқатын жақсартып, жемқорлықты жоюымыз керек» дейді, тек оны қалай және қандай жолмен тоқтататынымыз жөнінде тіс жармайды. Біздіңше, айта алмайды емес, айтатын еш нәрсе жоқ болғандықтан да, таптаурын тақырыпты қайталауға құмар. Жемқорлыққа қарсы күреске қатысты ой-тұжырымдарда қоғамға қауіпті кеселді емдеп, жоятындай заңдық тетіктер көрсетілмегеннен кейін оны жай ғана боза үстінде айтыла салынған бос сөз деп қабылдай салған дұрыс шығар. Сонда да билік басындағылар бөстекі ұсыныстар айтудан жалықпайды.
Кезінде Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталса, оның басшысы міндетті түрде жұмысынан кетуі тиіс деген талапты қолданыстағы заңдарымызға енгізді. Соңы не болды? Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған лауазымды тұлғалар Әлихан Бәйменовтің әлгі сөзіне пысқырып та қараған жоқ. Тіпті кейбір басшылар «ол қызметкерді мен тағайындаған жоқпын», «ол маған дейін жұмыс істеп жүрген адам» деген сияқты уәж де айтатын болып жүр. Қарап отырсаңыз, Бәйменовтің осы ұсынысының өзінде шикі тұстар көп. Әдетте мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалатын қазы пара алып ұсталса, неге ол үшін сот төрағасы жауап беруі тиіс? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарымыз мемлекеттік қызметтегі адамның өзгелерден шапан киіп, шапқыт алуына да шектеу қойған. Тек соны күнделікті тіршілікте қадағалап жатқан кім бар? Лауазымды қызмет иесіне жекжат-жұрағаттары жұрт алдында ат мінгізіп, сый-сияпат көрсетсе, оның несі айып?
Қайбір жылы Атырау облысында ауылдастары сыйлаған арғымақпен ел алдында ойқастаған полицияның шенді шенеунігі сол үшін қызметінен шеттетілді. Дәл осы істе қылмыстың сипаты бар ма? Бар болса, қандай? Бұл сауалға заңдылықты қадағалайтын прокурорларды айтпағанда, самай шашын ілім-ғылыммен ағартқан заңгер ғалымдарымыздың өзі дәйекті жауап бере алмас еді. Есесіне оқымыстыларымыз жазаны тағайындау барысында заң талаптарының лауазым иесінің мансабы мен қаражатына қарай бұрмаланып қолданылатынын жақсы біледі, тек ащы шындықты айта алмайды. Олар миллион доллар пара алған В.Нийді жазадан құтқарып жіберген ізгілікті заңның қырына алса, күнкөріс пен тұрмыс мұқтаждығы үшін 100 мың теңге алған пақырға ойланбастан екі-үш жылды арқалатып жіберетінін де жақсы түсінеді, тек тіс жарып пікір білдіре алмайды. Себебі бізде қылмыстың жасалу себептеріне талдау жасалынбайды.
Үстемдігін жүргізетін жалғыз ғана талап бар: ол – қылмыс жасадың ба, сотталуға тиіссің. Әйтпесе оқалы киім киген прокурор мен мантиялы судья да бүгінгі қоғамда пара бермей, тамыр-танысты жағаламай өмір сүрудің мүмкін емес екенін жақсы білгенімен, өзін құлтемірге айналдырған заңның ырқынан шыға алмайды. Ақтағанымыз емес, мұқтаждық пен кедейлік тақсіреті титықтатқан көптеген адамдар барар жер, басар тауы қалмағаннан кейін қылмысқа барып, Федор Достоевскийдің Раскольниковінің тағдырын қайталайды. Не істеу керек? Жемқорлықты қалай тоқтатамыз? Әлем жұртшылығы сананы кезген осы сауалдың жауабын әлі күнге іздеумен келеді. Әлде Қытай тәрізді парақор шенеуніктерді қорғасын оққа байлағанымыз дұрыс па? Кезінде ел парламентіне осындай да ұсыныс түскен. Сол кездері әншейінде ауыздыға сөз, аттыға жол бермейтін көптеген депутаттарымыздың көздерінен үрей білінген.
Жақында бұрынғы депутат Омархан Өксікбаев жемқорларға өлім жазасын қолдану туралы мәселені тағы көтерді. Алайда жемқорлық қылмысын жасап жүрген немесе оны жасау ойында бар шенеуніктеріміздің батыл қадам жасап, өздері отырған бұтақты кесе қоятынына сенім аз. Қанша ғасыр озса да, сананы тұрмыс билейтіні жөніндегі қағида өз мәнін жоғалтқан емес. Сонда да біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі мәселені қайта-қайта қопсытып, көтеруге әуеспіз.
Таяуда мемлекет басшысы жемқорлығы үшін сотталған шенеуніктерге мерзімінен бұрын шартты жазаны қолдануға болмайтыны туралы өзгеріске қол қойды. Бұл талаптың да жүзеге аса қоятынына күдік көп. Заңдық тұрғыдан қарасақ, президенттің өзгерісі түзеу мекемесіндегі сотталушының мерзімінен бұрын шартты түрдегі жазамен еркіндікке шығуына шектеу қойғанымен, қолданыстағы Қылмыстық атқару кодексінің қоғамнан оқшауланған сотталушының жазасының белгілі бір мерзімін өтегеннен кейін тәртібі анағұрлым жеңілдетілген қоныс колониясына ауысуына пәлендей кедергі келтіре алмайды. Сонда бұдан не өзгереді?
Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қанша жерден қатайтамыз деп атқа қамшыны басқанымен, ол қатса, қалпына келетін көндей өңін өзгертер емес. Кейбір басшыларымыз жемқор шенеуніктің ішкен-жегенін желкесінен шығару үшін оның туған-туысқандарының кірістерін тексеру қажет деп санайды. Құзырлы мекемелердің тікелей дәлелі болмаса, «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жекеменшігінде ұстай алады» деп, Ата заңымыздың 26-бабы кепілдік беріп отырған ел азаматының меншігіндегі дүниесін қалай соттың шешімінсіз тәркілеп тартып аламыз? Ол жемқор шенеунікпен туыстас болғаны үшін ғана ма? Тұйыққа тірейтін сауал көп, тек қайтарылатын жауап аз.