Әкімге сенбейміз. Апатты үй тұрғындары жалдамалы пәтерлерге көшкісі келмейді

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

20.11.2020, 09:19

3288

Қызылорда қаласындағы апатты үйде тұрып жатқан 18 отбасы әкімдік ұсынған жаңа пәтерлерге барудан бас тартып отыр. Отыз жылдан бері тұрып жатқан баспаналары қаншалықты қауіпті болса да, тұрғындар үйлерінде қалуға құлық танытуда.

Жуырда Титов ауданындағы 9-шы тұрғын үйдегі үш пәтердің қабатаралық темірбетон плиталары опырылып құлаған болатын. Бастысы, адамдар аман. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен бірінші кіреберістегі пәтерлерде уақытша тұрақтаудың өзі мүмкін емес болып отыр. Ал қалғандары бүтін. Үйге эксперттік қорытынды жасалып, нәтижесінде 1988 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй апаттық деп танылды.

Он сегіз пәтерлік үйде бүгінде 13 отбасы отыр. Бұл баспанада тұра беру қаншалықты қауіпті екенін олар жақсы біледі. Жергілікті әкімдік тұрғындарға жаңа баспанадан пәтер ұсыныпты. Бірақ оған баруға тұрғындардың ниеті жоқ. Өйткені күдіктері басым.

 Сонымен, әкімдіктегілер оларға бір емес, бірнеше рет ұсыныс жасапты. Мәселен, «Бәйтерек» мөлтекауданындағы жер үйлерге уақытша қоныстануға мүмкіндік берген. «Бәйтеректің» қала орталығынан алыстығын және қоғамдық көліктің жиі қатынамайтынын себеп қылып тұрғындар келіспеген. Артынша қала орталығынан тұрғындардың өздері қалаған мекенжай бойынша уақытша жалдайтын пәтердің жарты жылға дейін жалға төленетін ақысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы төлеуге де ұсыныс жасалған. «Бәйтерек» мөлтекауданындағы үйлерге уақытша қоныстанған үш отбасыдан басқалары бұл ұсыныстардан бас тартқан.

– Біз сол жақтан үй бергенге дейін тұрайық десек, олар жазбаша түрге көнбейді. Жазбаша түрде бермесе, ертең мынаны бұзып тастайды. Сосын біз қайда барамыз? – дейді осы үйдің тұрғыны Күләш Баймырзаева.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев «жалдау шарты рәсімделеді, шарт әр жылға рәсімделіп отырады» дейді.

– Оны уақытша баспана ретінде жалдағаннан кейін әрі қарай өзінің кезегі келіп, ретімен баспанасын алған кезде жалдау шарты күшін жояды. Бұл жөнінде тұрғындарға нақты түсіндірме берілді, – дейді бөлім басшысы.

Яғни 18 отбасы үй кезегіне қойылмақ. Бірақ кезегі жеткенше қалай боларына тағы сенбейді. Одан кейін әкімдік берген үйлерінің алты айдан кейін жалдау ақысын төлемей қоя ма деген күдіктері тағы басым. Тұрғындарды  алаңдатып отырған үй кезегінің қашан келері тағы белгісіз. Өйткені қалада баспана алуға 25 мыңға жуық адам кезекте тұр. Ал аймақта аталған кезектің жылжуы баяу. Карантин кесірінен құрылыс қарқыны  бәсеңдеген.

Тұрғындар «кезек күттірмей, тиесілі үйді тез арада табыстаса» дейді. Алайда «мұнда тұрғындар түсіністікпен қарауы тиіс бір мәселе бар» дейді әкімдіктегілер. Бірнеше жыл қатарынан осы мәселемен кезекте тұрып, үйге кіреміз деген үмітпен күн санап отырғандардың да көңіліне кірбің түсіруге болмайды. Тұрғын үй кезегін бұзып, заңдылыққа қайшы әрекетке бара алмайтынын жеткізген бөлім басшысы бұл тараптан да түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті.

Заңгерлер болса «бұл тығырықтан шығар жалғыз жол – шенеуніктердің ұсынысымен келісу, тек құжат рәсімдеуде мұқият болсын» дейді.   

– Арада тек жалдамалы шарт жасасу мүмкіндігі ғана бар. Өйткені ҚР заңнамасында уақытша баспана ұғымы жоқ. Заң бойынша тұрып жатқан адамдарға кезек бойынша үй берілмегеннен кейін, мемлекеттік органдар ол үйден шығарып жібере алмайды, – дейді заңгер Ләззат Бақтыбаева.

Айта кету керек, ондағы тұрғындардың өздері екі түрлі пікірде. Бірі уақытша баспанада тұруды мақұлдаса, енді бірі қайткен күнде де кезексіз үй берілуі керек деген бағыттарынан қайтпай отыр. Олардың түсінігінде уақытша деп берілген баспана түпкілікті қалып қояды. Сөйтіп, өздері қалаған жерден сәйкесінше, шаршы метрі сай келетін баспана ала алмайды. Дегенмен уақытша баспана екенін растайтын келісімшарт рәсімделетіні туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Соның өзінде ұсыныстан бас тартқан.

Үйі құлап, «Бәйтеректегі» жалға берген үйдің бірінде тұрып жатқан Гүлнар Қожантаева уақытша болса да, баспанамен қамтамасыз еткендерге алғыс білдіруде. Өйткені бұдан басқа барар жерім жоқ дейді.

– Тұратын үйім апаттық жағдайда деп танылған соң, уақытша үймен қамтамасыз етілдім. Үйдің құлаған бөлігі мен тұратын кіреберіс (подъезд) еді. Паналайтын баспанам болмаған соң, әкімдік берген үйде тұрып жатырмын. Апатқа ұшыраған пәтерді сатып алғаныма екі ай ғана болған еді. Қанша жыл ақша жинап алған үйім апаттық жағдайда екенін білген жоқпын. Сондықтан әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға мәжбүрмін және дәл қазір кезекке қарамастан, үй беріңдер деп талап қоя алмаймын. Жағдайға түсіністікпен қараймын. Өйткені ол да кезегімен реттелетін мәселе екені айтылды, – деді Гүлнар Қожантаева.

Жалпы, қазір қалада 12 үй апаттық жағдайда деп танылған. Ондағы 177 отбасы пәтер кезегін күтіп отыр.

Тегтер: баспана мәселе проблема әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56