Ақтоғайдың айтары бар...

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

01.04.2022, 12:35

1945

Алаштың үш арысы дүниеге келген Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғындары президент жолдауынан кейін Жезқазғанға қосылып кетеміз бе,деп сары уайымға салынып отыр.

Президент жолдауында елде жаңадан үш облыс құрылатынын атап өтіп, жұртты бір ду еткізген еді. Қарағанды облысынан Жезқазған аймағы бөлініп, өз алдына жеке Ұлытау облысы атанатын болды. Қарағандыдан шалғайда жатқан Жезқазған жұрты үшін бұл үлкен қуаныш. Жезқазғандықтар еншілерін бөліп алатындарын естігенде, бөріктерін аспанға атып, қуанды. Жезқазған әкімдігінде отырып, жолдауды тыңдаған шенеуніктер бұл жаңалықты естігенде, бірін-бірі құшақтап жатты. Бұл жаңалық қазақ тарихынан сыр шертетін жәдігері жетерлік Ұлытау өңірін туристік тұрғыда дамытып, Жезқазғанды құлдыраудан аман алып қалуға үлкен серпіліс болары сөзсіз. Дегенмен, кеңестік кездегі шала саясаттың кесірінен, Қарағандының бер жағында тұрған Шет, Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының Жезқазған құрамына қосылып кетуі үлкен қателік болған-ды. Сол кездегі биліктегілердің жұрт қамын ойламай, қалғып отырып, шалағай шешім қабылдауының салдарынан, қаншама халық жапа шегіп, зар қақты. Өйткені Жезқазған Ақтоғай ауданынан, шамамен, 700 шақырым, ал кейбір ауылдардан мың шақырымға дейінгі қашықтықта жатыр. Балқаш пен Шет ауданы үшін де Жезқазған «ит өлген жерде». Ақтоғай мен Шет аудандарынан қатынайтын теміржол жоқ. Автокөлік жолының өзі сапасы нашар, облыс орталығына барып, қайту ауыл халқы үшін үлкен бейнет. Ақтоғай ауданында жұрттың басы ауырып, балтыры сыздай қалса, ем алуға Қарағанды қаласына барады. Енді Ақтоғай ауданы Ұлытау облысына қарап кетсе, жұрт дәрігерге бару үшін 700-1000 шақырым жол жүруге мәжбүр болмақ. Ақтоғай ауданында аурухана бар болғанымен жұрттың айтуынша, мұнда емделетіндер жоқтың қасы. Өйткені аудан ауруханасында медициналық құрылғылардың көбісі жоқ, білікті мамандар да тапшы. Емделуден бөлек, облыс деңгейінде шешілетін құжаттарды рәсімдету үшін де алыстағы Жезқазғанға сабылу – онсыз да әзер жан бағып отырған ауыл халқы үшін оңай тимесі сөзсіз. Ауылдағылардың мұндай жанайқайын сол өңірдің талай тұрғыны әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Ендігі үміт – президентте. Ақтоғайдың тумасы, белгілі ақын Бағдат Мүбәрак кеңестік кезден бері небір құқайды көрген Ақтоғайдың зарына бүгінгі биліктің назар аударатын уақыты жетті деп есептейді. «Көштен қалып бара жатқан дәнеңесі жоқ, дегенмен шешілмей келе жатқан күрмеуі қатты мәселелер де бір басына жетіп артылады. Берікқарадағы шахтадан шыққан радиацияның зардабын тұрғындар күні бүгінге дейін шегіп келеді. Семей полигонының да тауқыметі айналып өткен жоқ бұл елді. Содан бері аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығатындар саны әлі күнге дейін өзекті тақырып. Кезінде бұл проблема республикалық баспасөз беттерінде талай көтерілді, бірақ мәу деген ешкім жоқ. Сондықтан дертке шалдыққан жергілікті тұрғындар көбінесе, Қарағандыға ағылады. Сорлатқанда, сол Қарағандының өзі аудан басынан 250 шақырым. Одан әрі отырған ауылдарға, тіптен қиын. Облыс орталығы болған соң, іс-сапарға жиі баратын қызметкерлердің жол шығынының өзі аудан қазынасына әжептәуір салмақ түсіреді. Жеке бастың жұмыстарымен барған жолаушылар үшін де барып-қайтып кетуге Қарағанды ыңғайлы», – дейді Бағдат Мүбарак.

Облыстық билік болса, аймақтың бөлінісін нақты президент шешеді дегенді алға тартып отыр. Әзірге, Ақтоғай, Шет, Балқаш халқы жақсылықтан үмітті. 

Тегтер: Жолдау Президент Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01