Әупірімдеп жүріп соңғы сатыдан көтерілді

Мариям МАҚСАТ

23.04.2021, 08:50

1339

Павлодар облысы соңғы бірнеше жыл бойы тұрғындарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша елімізде көш соңында келген еді. Сол үшін облыс басшылығы президенттен де, экс-президенттен де талай рет сөз естіді. Жоғары жақтан айтылған сын әсер етті ме, әлде «Сапалы суды қашан тұтынамыз?» деген жұртшылықтың базынасынан шаршады ма, әйтеуір, былтырдан бастап біраз істің басын қайырды. Сөйтті де, сумен қамту рейтингісінде бір сатыға көтеріліп, соңғы орынға Қостанай облысын ығыстырды.

Ертіс–Баян өңірінде сумен қамту мәселесі – басты проблемалардың бірі. Бұл туралы «Жас Алаш» бірнеше рет жазып, биліктегілердің назарын ауылдықтарды алаңдатқан жайттарға аударған-ды. Нәтижесінде Баянауыл ауданындағы орталықтандырылған су жүйесі, Май ауданындағы топтық су құбырына қатысты машақаты көп істер шешімін тапты.

Енді облыс билігі орталық құбырларды тарту жұмыстарын мықтап қолға алмақ. Соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында бірқатар іс тындырды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, елді мекендерде 1571 шақырым су құбыры тартылды. Бұл 72 мыңнан астам адамның таза ауызсудың дәмін татуға мүмкіндік берді. Осы 71 жобаның жүзеге асуына 38 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы сумен қамту көрсеткіші 19,8 пайыздан 48,9 пайызға дейін бір-ақ өсті.

– Бұған дейін орталық су құбыры бар ауылдар саны бойынша Павлодар облысы соңғы орында болатын. Былтыр көрсеткіш артып, бір сатыға жоғары көтерілдік. Қазір Қостанай облысының алдында тұрмыз. Ал жан басына есептер болсақ, Жамбыл, Қызылорда және Қостанай облыстары бізден артта қалды, –  дейді Қадылжан Сәтиев.

Көрсеткіштің жақсарғаны жақсы-ақ, бірақ сапа жағын да ұмыт қалдырмаған дұрыс-ау. Себебі өңірдегі бір емес, бірнеше ауылдың тұрғындары жаңа су құбырының суы ішуге жарамсыз екенін айтып дабыл қағып отыр. Мәселен, Ақсу қаласындағы Мәмәйіт Омаров ауылына былтыр орталық жүйе тартылып, бұған дейін тұрғындар пайдаланып келген кешенді блок-модуль алынып тасталды. Содан әлгі ауылдың тұрғындары көршілес елді мекенге шелек, ыдыстарын тиеп, 10 шақырым жерден су тасуға мәжбүр. Өйткені «жаңа құбырдың суы тамаққа пайдалану түгіл, малға беруге келмейді» дейді жергілікті тұрғындар.

Енді әкімдік су тазалау станциясына қосымша сүзгілер қоймақ. Одан судың сапасы жақсара кетсе, қане? Судың сапасын, тазалау құралдарын бұған дейін ескермеске болмас па еді?! Бұл сұрақтарға әдеттегідей жауап дайын. Атқамінерлер «су ұңғымасын қазу кезінде сараптамалар сапасы жақсы екенін көрсеткен еді» дегенді айтып, осы жолы да оңай құтылып кетті.

Енді алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларда мұндай олқылықтар қайталанбауға тиіс. Алдағы 4-5 жыл аралығында сумен қамту бойынша 70-ке жуық жоба жүзеге аспақ. Биылдың өзінде жалпы сомасы 8,5 млрд теңге болатын 42 жоба бойынша жұмыстар басталады.  Оның жартысынан астамы осы жылы аяқталады. Қалғаны келесі жылы жалғасады. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам ауылдық тұрғын таза ауызсуды пайдалана алады. Осы уақытта бүгінгі кемшіліктерді қайталамай, санға ғана емес, сапаға мән берілсе игі.

Бұл ретте «Nur Otan» партиясы да сайлауалды бағдарламасында ауылдарды таза ауызсумен қамтуға ден қойыпты. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасына көз жүгіртсек, биыл сумен қамтуға қатысты 27 жоба, келесі жылы 14 жоба, 2023 жылы 22 жоба және 2024 жылы төрт жобаның жоспарға енгізілгенін байқаймыз.

Айтпақшы, орталықтандырылған суы бар ауылдардағы кешенді блок-модульдер құдықтан су ішіп отырған тұрғындары бар елді мекендерге ауыстырылады. Кейбір ауылдарға жаңасын алу жоспарда бар. Әкімдіктердің жоспарына сәйкес, 200 адамнан аз тұрғыны бар 32 ауылда осы жылы КБМ қойылады. Бұл да тұрғындарды таза ауызсумен қамту көрсеткішінің артуына оң әсер етеді. Бүгінде бұл көрсеткіш 48,9 пайыз болса, алдағы 4-5 жылда 100 пайызға жетеріне облыс басшылығы сенімді.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58