«Nurly Ertis» нұрын көпке шашпады

Мариям МАҚСАТ

04.09.2020, 13:35

440

Павлодар облысы бос жұмыс орны көп, бірақ жұмыс күші аз өңір. Сондықтан былтыр еңбек ресурстарын тарту мақсатында «Nurly Ertis» жобасы басталған-ды. Алайда мемлекет басшысының өзі қолдаған бұл жобаның ғұмыры ұзақ болмады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Павлодар облысында 25 мың бос жұмыс орны бар, оның 10 мыңы тұрақты. Сондықтан өткен жылы бас қалада баспанаға бас қатырып жүрген көпбалалы отбасыларды Екібастұз қаласына көшіріп, балаларды балабақша мен мектепке, еңбекке қабілетті ересектерді тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды іс қолға алынған болатын. Оларға берілетін басымдықтар бұл ғана емес. Қоныс аудару шығындарын өтеу үшін адам басына 90 мың теңгеге жуық ақша беріп, көпқабатты үйлерден тегін пәтерлер үлестірді. Бір жыл бойы елордадан қоныс аударғандар тек коммуналдық төлемдерді өтеуге міндеттелді. Одан қалса, тағы бес жылдан соң бұл пәтерлерді сатып алу құқығы берілді. Сөйтіп, былтыр «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған, бірақ екібастұздықтардың өз ақшасы болмай, сатып ала алмаған төрт бірдей жаңа  тұрғын үйге «Nurly Ertis» жобасы арқылы келушілер еш ақысыз жайғасты. Сол арқылы Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап жүрген 241 көпбалалы отбасы, яғни 1325 адам екібастұздық атанды.

Жергілікті биліктің бұл жобаға қатысты жоспары орасан еді. Екібастұздан бөлек, Ақсу мен Павлодар қалаларына көшіріп, баспанамен қамтып, жұмыссыздықты жоюды ойластырды. Бір-екі жылда осы жоба бойынша 200 көпқабатты және жер үй салып, 100 мың адамды қоныстандыру жоспарланған-ды. Тіпті бұл бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, былтырғы жолдауында: «Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар. Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», – деген болатын.

«Nurly Ertis» жобасы аясында алғашқылардың бірі болып қоныс аударған Нұрман және Мария Қазанбаевтар отбасы бүгінде бизнес бастап, табысты кәсіпкерге айналды. Олардың Екібастұздан кеткісі жоқ. «Нұр-Сұлтан қаласында пәтерден пәтерге көшіп, үй жалдап тұрдық. Екібастұзға көшіп келген соң ғана баспанаға бас қатырмайтын болдық. Бір жыл бойы тек интернет пен домофон қызметінің ақысын төлеп, үш бөлмелі пәтерде тегін тұрдық. Тек осы айдан бастап айына небары 10 мың теңге жалдау ақысын төлейміз. Жолдасым қызанақ өсіретін жылыжайда жұмыс істейді. Мұнда көпбалалы отбасылардың балаларына балабақша тегін болғандықтан, Айым мен Лейла мектепке дейінгі мекемеге тегін барады. Руслан мен Аян көпбалалы отбасының балалары ретінде мектепте ыстық тамақты ешқандай ақы төлемей-ақ ішті. Маған шағын индустриялық аймақтан тегін цехы мен 5 млн теңге мемлекеттік грант беріліп, аяқкиім тігу ісіне мықтап кірістім. Қысқасы, осы жоба арқылы Павлодар облысына келгенімізге қуаныштымыз. Болашағымызды дәл осы аймақпен байланыстырамыз», – дейді Мария Қазанбаева.

Бірақ жергілікті жұртшылықтың барлығы бірдей қоныс аударушыларды жылы шыраймен қарсы алды деуге келмес. «Бізге тиесілі пәтерлерді осылар алып алды» деп, әкімдікке шағым айта барғандар да, көшіп келгендерді пәтерлерінен қумақ болғандар да бар. Бас қаладан тегін пәтерлерге топ етіп түсе қалғандардың арасында да қулығын асырғандар табылды. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше отбасы Екібастұздан тегін пәтер алып, оларды пәленбай мыңға жалға беріп, өздері қайтадан Нұр-Сұлтанға тайып тұрған. Осылайша мемлекет тегін бере салған пәтерді табыс көзіне айналдырып, қитұрқы әрекеттерін іске асырды. Алайда бұл туралы ресми мәлімет жоқ. Атқамінерлер тек төрт отбасының кері кеткенін алға тартады. Олардың басқа облыстарға қоныс аударуларына өзге өңірдегі жоғары жалақылы жұмыс пен денсаулық жағдайы себеп болған екен-мыс.

Ал биыл бұл жоба атымен жоқ. Әу баста жоспарланған жүздеген үй мен мыңдаған жұмыс орны да далада қалды. Тіпті «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп өңірлерден Павлодар облысына қоныстанушыларды Екібастұзға емес, басқа аудан-қалаларға жіберіп жатыр. Өйткені былтыр кеншілер шаһары жоспарды артығымен орындап тастағанға ұқсайды.

Жалпы, биыл Павлодар облысына 2000-нан астам адамды көшіріп әкелу жоспарланып отыр. Бүгінде олардың 1000-ға жуығы келіп, қоныстанып үлгерді. Оларды баспанамен қамту үшін 3,6 млрд теңге қарастырылып қойды. «Nurly Ertis-тің» басым тұстарын иеленуден дәмеленіп, бірақ келуге үлгере алмай қалғандар енді «Еңбектің» игілігін көруге асығулары керек сияқты. Әйтпегенде бұл бағдарлама беріп отырған мүмкіндіктердің де ғұмыры «Nurly Ertis» жобасының ғұмырындай қысқа бола ма, кім білсін?!

Тегтер: Павлодар Петропавл Ертіс қала ірі қала облыс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43