Сәтсіз сценарий. Хандар мен Алаш арыстарына қойылмаған ескерткіш еді

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

02.06.2021, 08:55

3186

 Түркістанда елбасыға ескерткіш қою бастамасы біраздан бері жүзеге асып жатқан сценарий болып шықты. 

Бір қарағанда бәрі де кездейсоқ емес,  алдын ала жоспарланған сияқты. Жуырда Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи деген азамат бастама көтерді.

«Қазақстанның тұңғыш президенті түркі елдері тұтастығының нығаюы мен дамуына үлкен үлес қосты. Осыдан үш жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи жарлығымен Түркістан облысы құрылды, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Ұлт көшбасшысының ерекше жарлығы тек қана Қазақстан үшін емес, сонымен қатар барлық түркі әлемі үшін тарихи оқиға болды. Осы кезден бастап қала ерекше қарқынмен дамып келеді. Үш жылдың ішінде Түркістан тек түркі әлеміне емес, оның шекарасында да танылып үлгерді. Ежелгі қала өзінің тарихи сипатын сақтай отырып, заманына сай дами бастады. Жоғарыда аталғандармен байланысты түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның орталығында қаланың қайта жандануына себеп болған, сонымен қатар түркі ықпалдастығы идеясын жүзеге асыруға баға жетпес үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуға шақырамын. Бұл үшін көптеген негіз бар. Бұл ой мемлекет басшысы бола отырып, түркі елдерінің бірігуіне ықпал еткен, қазақ халқының гүлденуі мен тыныштығына, оның тәуелсіздігіне ұмтылған түркі әлемінің данышпан ақсақалына деген ерекше құрметтен туып отыр. Мен барлық саналы азаматтардың бұл бастаманы қолдайтынына сенімдімін», –  деді Билал Чакыджи аталған ұйымның конференциясында.

Н.Назарбаевтың ескерткіші, монументі бұған дейін өзі туып-өскен Алматы облысында, Алматы қаласында, Нұр-Сұлтанда, Қырғызстанда, Украинада, Түркияда орнатылған. Түркістанда ескерткіш орнату бастамасы көпшілікті екіұдай пікірде қалдырды.  Осыдан кейін іле-шала әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің, осы партияның белсендісі,  мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Елбасы ескерткішінің фонында түскен суреті жарқ ете қалды.

Жасыратыны жоқ, елбасының ескерткішін сәтті орындалған туындылардың қатарына жатқызуға болады. Партия белсенділерінің үстеріне тон, бастарына құлақшын кигендеріне қарағанда, фото кемінде наурыз айына дейін түсірілген. Жұрт осы мәселені әлеуметтік желіде қызу талқылап жатқан кезде ескерткішке тапсырыс берушілердің бірі, кәсіпкер Болатбек Әлиев фейсбуктегі парақшасында арнайы жазба қалдырды. Орыс тіліндегі жазбада Б.Әлиев бүгінде бау-бақша бизнесімен айналысатынын,   бірнеше жыл бұрын бау-бақшасына Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, үлкен жобасына старт бергенін алға тартыпты. Тұңғыш президенттің моральдық қолдауының арқасында  бүгінде өз өнімдерін экспортқа шығаруға көшкен. Қазір компания Түркістанда 400 гектар жерге өрік бауын егіпті. Әлиев бұдан кейін  Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға қатысты тарихи шешімін ауызға алады.

«Бүгін әлеуметтік желіде  біздің жұмысымыз туралы фото пайда болды.  Осыдан бірнеше жыл бұрын ойға алған бастамамызды жүзеге асыруға былтыр ғана кірістік.  Идеямызды іске асыратын талантты адамды табу оңайға соққан жоқ. Таңдауымыз Тілеуберді Бинаш есімді өнер майталманына түсті. Ескерткіш былтыр желтоқсанда бітуі тиіс еді, алайда мұндай күрделі жұмыс ұзаққа созылды. Қазір  Нұрсұлтан Әбішұлының ескерткіші дайын тұр. Түркістан қоғамына, Түркістанның әкімі Рашид Аюповқа  ескерткішті түркі әлемінің рухани астанасында орнатуды ұсынамын. Бұл туралы талқылаулар болуы мүмкін,  бірақ осындай ұсыныс айтуға кәсіпкер, ауыл шаруашылығының маманы ретінде менің хақым бар деп есептеймін. Оның осындай құрметке лайық адам екенінде дау жоқ, бұл менің шешімім, бізде осындай тұлғаның бар екенін мен мақтан тұтамын, мырзалар, батылырақ қимылдаңыздар», – деген жазбасының соңында Болатбек Әлиев.

  Алайда кейінірек елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай осыған қатысты елбасының пікірін жария етті. «Елбасы бұл идеяны және осыған дейін көтерілген өзге де бастамаларды қолдаған жоқ. Оған ескерткіш орнату, сәулет нысанының атауын өзгертумен байланысты мұндай «сыйлықтар», әсіресе бұл «сыйлықтар» жергілікті шенеуніктер ұйымдастырса мүлдем ұнамайды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай көңіл аударулардың қажет еместігін сан мәрте мәлімдеген болатын. Кейде кейбір адамдар әдейі ақпараттық шу тудырғысы келетіндей әсер қалдырады. Тарихта ол өз атын жаңа жобаға беруге келіскен бір ғана жағдай болды. Бұл – университет пен зияткерлік мектептер», – дейді баспасөз хатшысы.

Болатбек Әлиев уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 2013 жылы облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты шу шықты. Әлиев бақылау жасайтын екі басқарманың басшысы пара алды деген күдікке ілікті. Осы кездері ол отставкаға кетіп қалды. Содан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Былтыр Әлиев жетекшілік ететін компания Шымкенттегі екі колледжді сенімгерлік басқаруға алып, оның соңы ұстаздардың у-шуына ұласқан еді.

Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанда еңселі ескерткіштер көп емес. 250 жылдай Қазақ хандығының астанасы болды деген қалада  Абылай ханнан басқа, бірде-бір ханға ескерткіш қойылмаған. Керей ханнан бастап, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Жәңгір, Ақназар, Кенесары хандарға қойылмаған ескерткіш еді. Түркістан дегенде,  түркі идеясы үшін күрескен асылдарымыз ойға алдымен оралады: Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, кешегі Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов...  Ер Түріктің бесігі туралы екі ауыз өлеңі үшін Мағжанға да Түркістаннан еңселі ескерткіш қойса жарасар еді. Өздерін кешегі Алаш арыстарының жоқтаушысымыз деп санайтын «ақжолдықтарда» бұл туралы идея жоқ па? Батылырақ болыңыздар, мырзалар!  

Елбасының пікірінен кейін ескерткіш қою бастамасы іске аса ма? Бұл енді 6 шілдеге қарай белгілі болатын сияқты.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02