Шымқалада жылудың "жыры" тәм-тәмам

Б. ЕРНАЗАР

17.09.2020, 04:20

878

Шымкент жылыту маусымына 90 пайыз дайын. Мұндай мәлімет осы аптада мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтің  қаланың қысқа дайындығы барысын тексеруі кезінде айтылды.

Қала әкімі алдымен әкімшілік-іскерлік орталықтағы жылу қазандығына барды. 2015 жылы іске қосылған қазандық 1124 шаршы метр аумақты алып жатыр. Нысан толығымен жаңа технологиямен жұмыс істейді, пештер көгілдір отынмен жағылады. Қазандықтан бүгінде қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы  көпқабатты 78 тұрғын үй мен сегіз әкімшілік ғимаратқа жылу алып отыр.  Қала әкімі шаһардың оңтүстік бөлігіне жылу беретін «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамына қарасты қазандыққа да ат басын тіреді. Қазір онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мегаполисте  жылыту маусымына дайындық 1 қазанға дейін толықтай аяқталады.

Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, қалаға жылу 11 қазандық пен бір жылу-электрстанциясынан беріледі. Барлық 11 қазандық жөндеуден өтіп, алдағы қысқа тас-түйін дайын тұр.  17 сорғы станциясының 15-інде әзірлік жұмыстары аяқталған. Қалған екі станциядағы дайындық осы қыркүйекте бітеді. Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты азаматтарға белгіленген мерзімде тұрғындарды сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етуді тапсырды.  Айта кетері, Шымкентте бүгінде  479 бюджеттік мекеме бар.   Оның 271-і жеке қазандықтармен жылытылса, 208-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.  

Жалпы, мегаполистің жылу жүйесінде қордаланған проблемалар аз емес. Дегенмен мамандар «проблемалар жыл санап шешіліп келеді» дейді. Әсіресе биыл үшінші мегаполистің жылу жүйесін жаңартуға 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.

-  Нақтырақ айтқанда, 3,5 миллиард теңге ағымдағы жөндеуге, 6,5 миллиард теңге жылыту жүйесін жаңғыртуға қаралып отыр. Соның нәтижесінде қалада 43 шақырым құбыр жаңартылды. Жыл сайын бұл салаға ары барса, 1 миллиард теңге бөлінетін еді. Биыл 10 жылда бөлінетін қаржы қаралып,  көп мәселе шешіліп жатыр, – дейді қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Пердебай Сәбитов.  

Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде кәсіпорын шығындары азайған. Мәселен, өткен жылыту маусымында бір ғана Мәделі қожа көшесінде төрт мәрте апат болған. Апат кезінде қаншама су шығын болып, көпқабатты үйлер жылусыз қалады. Құбырларды жаңартудың нәтижесінде мұндай жағдайлар азайып, жылудың сапасы артады. Мегаполисте жылу жүйелерінің 60 пайызы ескірген. Бұл проблеманы шешу үшін жаңғырту жұмыстарын жыл сайын жүргізу қажет.

«Қуатжылуорталық-3» – Шымкентте халыққа коммуналдық қызмет көрсететін бірден-бір мемлекеттік мекеме. Қайбір жылдары мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, монополистер тарифтер бағасын 5 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетті. Мемлекеттік мекеме болғаннан кейін «Қуатжылуорталық-3»  кәсіпорны тарифті 18 пайызға арзандатқан. Осы себепті мекеме қазір өзінің шығындарын толық жаба алмайды.

– Алайда осыған қарамастан, халықты, қаланы жылумен қамтамасыз етуде оң өзгерістер қалыптасып келеді. Бұрын ең көп арыз-шағым жылуға қатысты болатын. Қазір азайды. Осының бәріне біздің кәсіпорын жұмысшыларының табанды еңбегінің арқасында қол жеткізілді, – дейді Пердебай Сәбитов.

         «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қалаға ыстық су беруді де жалғастырып келеді. Биыл жаңадан  көпқабатты 90 үйге ыстық су берілген. Кәсіпорын бас инженерінің орынбасары Шадияр Каримовтың айтуынша, ыстық су беру де көп шығынды қажет етеді. Мекеме ыстық суға кеткен шығынның 60 пайызын ғана жаба алады.

— Алайда бұл мәселенің әлеуметтік маңызы бар. Сол себепті қала басшыларының тапсырмасына сәйкес,  пандемия кезінде ыстық су берілетін көпқабатты үйлердің санын көбейтіп отырмыз, – дейді Ш.Каримов.

«Қуатжылуорталық-3» жылу таратумен айналысады. Ал жылудың өзін  жекеменшік компания иелік ететін «3 Энергоорталық» кәсіпорнынан алады. Жылу орталығы  бір кездері Шымкенттің өндіріс орындарына арнап салынған, қаладан алысырақ орналасқан. Тіпті кейбір мөлтекаудандар мен жылу орталығының қашықтығы 40-50 шақырымды құрайды. Мұндай жағдайда жылуды тасымалдау кезінде көп шығын жұмсалады. Осы мәселені шешу үшін соңғы жылдары Шымкентте жылу қазандықтарын салу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір қалада шетелдік технологиямен жұмыс істейтін бес қазандық салу жобасы жүзеге асуда. Соның бірі «Шымкентсити» қалашығында салынып жатыр. Алдағы жылдары қалаға жылудың 33 пайызын жаңадан салынған және жаңартылған қазандықтар арқылы беру көзделіп отыр. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 17:13
Шымкентте коронавирус жұқтырған оқушы жоқ
Нұрболат ӘЛДИБЕК 30.11.2020, 16:33
Таразда кезекте тұрған 80 мұқтаж отбасы үйлі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 13:04
COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 12:03
Алматы облысына қарасты жолдар жабылды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:18
Үш адам қайтыс болды - көлік апатының мән-жайы
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:13
Алты облыста жел соғып, бұрқасын болады

Аңдатпа


  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26
  • Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
    28.11.2020, 17:05