Сараптама

145 орынға 546 кандидат: Құрылтайға кімдер барады?

Елдегі су жаңа заң шығаушы орган – Құрылтайдың алғашқы сайлауы жақындап келеді. Саяси науқан 23 тамызға белгіленген.

Сайлау

Сайлауға қатысатын партиялар кандидаттар тізімін ұсынып үлгерді. Партиялық тізімді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-де аяқталады. Содан кейін сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Яғни былайғы кезде бар-жоғы білінбейтін партиялар ұрандап, атқа қонып, орындалмайтын уәделерін беріп, бір ай әбігерге түседі.

Бірақ партиялардың ұсынған бағдарламасы мен берген уәдесіне халық сене қоймайтыны жасырын емес. Олар сайлауға дейін сайрағанымен, сайлаудан кейін тілі байланатынын елдің бәрі біледі. Саяси партиялардың ең белсенетін, ел көзіне түсетін тұсы – сайлау кезі ғана. Сайлау аяқталған соң бәрі «ұзақ ұйқыға» кетеді. Сондықтан көпшілік партияларды саяси күш деп қабылдай алмайды. Тіпті біздің елде саяси партия заңда белгіленген тәртіппен сайлауға қатысу үшін ғана керек сияқты көрінеді.

Өйткені шілденің басында күшіне енген жаңа Конституцияға сай, Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен ғана сайланады. Ешкім өзін-өзі ұсына алмайды. Депутат атанғысы келген азамат партияға мүше болуы шарт. Кей сарапшы «бұл шешім азаматтардың сайлану құқығын шектейді» деп санайды. Жаңа Парламент бұрынғыдай екі палаталы емес, бір палаталы болатынын да айта кеткен жөн. Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді, олар 5 жыл мерзімге сайланады.

Қазір елде ресми тіркелген 7 партия бар – «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, «Қазақстан халық партиясы», ЖСДП, «Байтақ» және су жаңа «Әділет». Бірақ «Әділетті» су жаңа деуге де келіңкіремейді, бұл ұйым ұзақ жыл билік партиясы болған «Аманатты» қосып алып, оның барлық ресурсына қол жеткізген. Тіпті «Әділеттің» кандидаттар тізімінде «экс-аманаттықтар» көп екенін байқадық.

2023 жылғы Мәжіліс сайлауына да 7 партия қатысқан. Оның алтауы Парламенттің төменгі палатасына өтті. «Aманат» – 40, «Ауыл» – 8, «Ақ жол» – 6, Respublica – 6, «Қазақстан халық партиясы» – 5, ЖСДП – 4 мандат алды. «Байтақ» қана 5 пайыздық межені бағындыра алмай, Мәжілістен тыс қалған. Мұндағы «Аманаттың» орнын «Әділет» басқанын жоғарыда айттық, демек, биылғы сайлау бұрынғы сайлаудан басқаша болмайтын сияқты.

Ескі де жаңа кандидаттар

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткізу туралы Жарлыққа 1 шілде күні қол қойған. Ал Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну 2 шілдеде басталатынын хабарлаған. Осыдан кейін партиялар іркес-тіркес съезд өткізіп, партиялық тізімдерін жариялады.

Ең қызығы, Парламентте отырғанда бір үйдің баласындай тату-тәтті жүретін, өзара сын айтпайтын партиялар аяқ астынан бір-бірінің жағасына жармаса кетті. Бірі – ашықтан-ашық, енді бірі – жасырын түрде «бәсекелестерін» сынға алып жатты. Өзін – пілге, өзгені – кәнденге теңегендер мен «айғырмын» деп ақырғандарды көрдік. Бірақ мұндай «айғай-шудың» «Әділетке» еш қатысы жоқ. Жаңа билік партиясы ешкімге соқтыққан жоқ, оған да ешкім тиісе алмады. Яғни «Әділеттен» басқа 6 партия өзара «алысып-жұлысып», жұрттың көңілін көтергендей болды.

Шонбай, Сырымбек Тау, Шукуржанова Динара
Фото: из открытых источников

Respublica

Іске алдымен Respublica кірісті. 4 шілдеде съезд өткізіп, 75 кандидаттан тұратын партиялық тізімін ұсынды. Сондай-ақ Айдарбек Қожаназаров қайтадан партия төрағасы болып сайланды. Съезде партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков өздерін «кәсіпкерлердің үні» санайтын әлдебір партияны «өзіңді абыройлы арғымақ қылып көрсете алмайсың, іс жүзінде кішкентай сәндік пони ғанасың» деп қағытты. Ал съезден кейін партия төрағасы Қожаназаров «өзімізді бәйгеге қатысатын айғырға теңеп отырмыз» деп, айды аспанға шығарғаны тағы бар. «Айғыр адамның» әлегі жайлы газетіміздің 9 шілдедегі №55-56 санында арнайы «Қыжыртпа» жарияланған.

Сонымен Respublica-ның 75 адамдық тізіміне кімдер енді? Тізімде 44 – ер, 31 – әйел бар, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 12 пайыз. Ең жас кандидат – 27 жаста, ең үлкені – 55 жаста. Тізімге кәсіпкерлер, журналистер, спортшылар, IT-мамандар мен мәдениет саласының өкілдері енген. Мысалы, блогер Бейбіт Әлібеков пен «Ирина Кайратовна» тобының әншісі Азамат Маркленов бар. Бұрынғы депутаттар Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова және Нұргүл Тау тізімге қайта енген. Яғни бұрынғы 6 депутаттың бесеуі қайта үміткер атанып отыр. Ал 2023 жылы Мәжілістен мандат алып, орта жолда «менің орным бизнесте» деп кетіп қалған Динара Шүкіжанова мен сол кезде оның орнын басқан Айтуар Қошмамбетов биылғы тізімге енген жоқ.

Ақ Жол
Фото: Ақ Жол

«Ақ жол»

5 шілдеде өздерін «парламенттік оппозиция» санайтын «Ақ жол» съезд өткізді. Бір күн бұрын «інілерінен» сөз естіп қалған «Ақ жол» өкілдері өз съезінде Respublica партиясын «пілге үрген кәнден» деп кемсітті. Бұлар бір-бірінің атын атап, түсін түстемесе де, сөздерінің астары белгілі болатын. Өйткені екі партия да өздерін кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйым санайды. Бұл партия жақында төраға ауыстырған. Партияны 2011 жылы шілдеден бері басқарып келе жатқан Азат Перуашев биыл маусымда орнын Дания Еспаеваға босатып берген. Айтпақшы, Перуашев «штрафстан» деген сөзі үшін президенттен сын естіген.

«Ақ жол» Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынды, оның 22-сі – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар. Партия тізімінде кәсіпкерлер, педагогтер, заңгерлер бар. 2023 жылы бұл партияға да Мәжілістен 6 мандат бұйырған. Сол 6 депутаттың бәрі осы жолғы тізімде де бар. Оның үстіне 2012 жылдан бері «Ақ жолдың» 33 мүшесі Мәжіліске өткен. Биылғы тізімде Берік Дүйсенбинов, Мақсат Раманқұлов, Ержан Бейсенбаев, Юрий Ли, Андрей Линник, Ерлік Өмірғали сияқты экс-депутаттар бар.

ауыл партиясы
Фото: ашық дереккөз

«Ауыл»

Араға бір күн салып «Ауыл» партиясы кандидаттар тізімін жариялады. Тізім 69 адамнан тұрады. Оның 71 пайызы – ер адам, 29 пайызы – әйел. Үміткерлердің басым бөлігі – партия басшылығы мен өңірлік филиал жетекшілері. Сондай-ақ аграрлық сала, бизнес, білім және ғылым өкілдері бар. Бұған дейін депутат болған Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов пен Николай Арсютин тізімге қайта енді. Сондай-ақ партияның жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов та кандидат ретінде тіркелді. Бұл партия да жақында төраға ауыстырған. 23 маусымда Серік Егізбаев өз еркімен қызметінен кетті. Ең қызығы, өздерін ауыл жанашыры санайтын партияның су жаңа төрағасы Айтуғанов съезде орыс тілінде баяндама жасады. Ауыл халқының басым көбі қазақтілді екенін ескерсек, партияның аты затына сай еместей көрінеді.

1
Фото: ашық дереккөз

ҚХП

Нағыз «шоуды» 8 шілдеде съезд өткізген «Қазақстан халық партиясы» көрсетті. Бұрынғы коммунистер халық арасындағы танымалдығы төмендей бастағанын мойындағаны ма, әйтеуір қатарына шоу-бизнес өкілдері мен TikTok «жұлдыздарын» қосып алыпты. Әсіресе бұған дейін саясат сахнасына мүлде жоламаған әншілер Аша Матай мен Тамара Асардың тізімге енгені жұртты қатты таңғалдырып отыр. Бұған дейін ел президенті «жаңа Парламентке популистер керек емес екенін» айтқан. Шамасы Respublica мен ҚХП мемлекет басшысының тапсырмасын түсінбеген сияқты. Қазақстан Халық партиясы сайлауға 72 кандидат ұсынды.

ЖСДП
Фото: azattyq-ruhy.kz

ЖСДП

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға 33 кандидат ұсынып отыр. Бұл 7 партияның ішіндегі ең аз көрсеткіш. Соған қарағанда, партия өз шама-шарқын жақсы білетін сияқты. Бұларға 2023 жылы Мәжілістен 4 мандат бұйырған. Сол кезде депутат болған Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай тізімге қайта еніп отыр. Айтпақшы, партия төрағасы Рахымжанов журналистер алдына шыққан сайын мемлекеттік тілді үйренуге уәде береді, бірақ сол уәдесін әлі орындай алған жоқ.

байтақ
Фото: ашық дереккөз

«Байтақ»

10 шілдеде съезд өткізген жасылдар партиясы қарсыластарымен емес, өзара бәсекеге түсіп жүргенін айта кеткен жөн. Кей делегат съезге кіре алмай шу шығарса, кейбірі партия төрағасын ауыстыруды ұсынды. Біршама дау-дамайдан кейін «Байтақ» сайлауға 47 кандидат ұсынды. Әу баста партия 51 кандидат ұсынған, бірақ соңғы съезден кейін төрт адам сайлауға қатысудан бас тартқан. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, тізімге заңгерлер, кәсіпкерлер, экологтар, инженерлер, педагогтер мен дәрігерлер енген.

Әділет

«Әділет»

Құрылтай сайлауының басты фавориті елдің ең соңынан, 10 шілде күні съезд өткізіп, кандидаттар тізімін ұсынды. Көпшілік бұл тізімді асыға күткені рас. Өйткені билікшіл ағайын «Әділетті» «Аманатқа» еш қатысы жоқ су жаңа партия ретінде сипаттап жүр. Бірақ бұған сенбейтін сарапшылар көп. Өйткені «Аманаттың» кеңселеріне жайғасып, мүшелерімен толыққан «Әділеттің» тыңнан түрен саларына сенім аз деп санайды.

«Әділет» партиясы сайлауға ең көп кандидат ұсынған ұйым атанды, тізімге 186 адам енген (114 – ер, 72 – әйел, 31 – жастар, 3 – мүгедектігі бар адам). Осының өзі олардың фаворит статусын анық көрсетіп тұр. Яғни «Әділет» өзін жаңа құрылған, сайлауда тәжірибесі аз жас партия санамайды, керісінше, Құрылтайдан ең көп мандат алуға ниетті болып отыр.

«Әділет» тізімінде бірқатар ірі шенділер бар. Атап айтқанда, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Қарин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрағасы Наталья Годунова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева және оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үміткерлер қатарында жүр. Сондай-ақ партия төрағасы Айбек Дәдебай, Рауан Кенжеханұлы, Дәулет Кәрібек, Дихан Қамзабекұлы, Шахмұрат Мүтәліп, Ирина Тен, Айжан Аймағанова, Карлығаш Жаманқұлова, Андрей Лаврентьев сияқты танымал адамдар тізімге енген.

Сондай-ақ тізімде 2023 жылғы сайлауда «Аманаттың» атынан Мәжіліске өткен депутаттар Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Мұрат Әбенов, Марат Башимов, Үнзила Шапақ, Снежанна Имашева, Константин Авершин, Татьяна Савельева, Юлия Кучинская, Екатерина Смышляева, Никита Шаталов, Сергей Пономарев, Евгений Больгерт, Ольга Перепечина, Максим Рожин, Асхат Аймағамбетов, Тілектес Адамбеков және Жарқынбек Амантай бар.

«Әділет» ұсынған 186 кандидаттың ішінде «экс-аманаттық» депутаттар саны – 20 адам. Бірақ бұған қарап, жаңа партия қатарында «Аманат» мүшелері аз деуге келмейді. БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, партиялық тізімдегі 186 адамның 104-і бұрын «Аманат» немесе «Нұр Отанға» мүше болған екен. Сонда «Әділеттің» қатарында «Назарбаевтың құлағы көрініп тұратын» (экс-депутат Ерлан Сайыровтың сөзі) ескі партияға еш қатысы жоқ, жаңа есімдер аса көп емес болып тұр. Мұндайда бағыты мен ұстанымы бөлек су жаңа партия жайлы сөз қозғау қиындау шығар.

Айтпақшы, 2023 жылы бір мандатты округтен сайланған Ермұрат Бапи, Абзал Құспан, Ардақ Назаров, Бақытжан Базарбек, Дәулет Мұқаев сияқты депутаттар бұл жолы еш партияның тізіміне енбей қалды. Сондай-ақ Ринат Зайытов, Еділ Жаңбыршин, Мақсат Толықбай, Дәулет Тұрлыханов, Нартай Аралбайұлы, Аманжол Әлтаев сияқты танымал «аманаттықтар» да тізімнен тыс қалған. Тіпті Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та «Әділет» ұсынған кандидаттар қатарында жоқ.

Осылайша, Құрылтай сайлауына 7 партия 546 кандидат ұсынды. Олар жалпы 145 орынға таласады. Сайлау 23 тамыз күні өтеді. Сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінеді. Біздің елде сайлаудың болғанынан боладысы қызық...

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз