Live

Павлодар облысындағы қайғылы оқиға: қаза тапқан жұмысшылардың несиесін жұмыс беруші өтейді

Павлодар облысында өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен зардап шеккен қызметкерге жан-жақты қолдау көрсетіледі.

1

20 шілде күні Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында жабдықтарға техникалық қызмет көрсету кезінде жазатайым оқиға болды.

Оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, тағы бір жұмысшы түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауына алынды.

Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Комиссия құрамына:

  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

  • Төтенше жағдайлар министрлігі;

  • Ішкі істер министрлігі;

  • Денсаулық сақтау министрлігі;

  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі;

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі;

  • Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссияға оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеп, оның себептерін анықтау және алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен қызметкерге мемлекеттік органдар және жұмыс беруші тарапынан көмек көрсетіледі.

Жұмыс беруші:

  • материалдық көмек береді;

  • биылғы жылдың соңына дейін қаза тапқан қызметкерлердің жалақысы көлеміндегі төлемдерді сақтайды;

  • олардың несие міндеттемелерін толық өтейді.

Сонымен қатар компания қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларының күтімі мен оқуына байланысты барлық шығынды олар кәмелет жасына жеткенге дейін өз мойнына алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнында жағдаймен танысты. Ол өңір басшылығы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен үйлестіру кеңесін өткізіп, кейін қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

Министр қаза болғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тергеу барысы Үкіметтің бақылауында.

Тегтер: Павлодар
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз