08.10.2020, 06:18
1323
Кеше Қарағанды қаласындағы көп қабатты үйде өрт шығып, салдарынан екі әйел мен бір сәби жан тапсырды. Төтенше жағдай түс ауа, Ермеков көшесіндегі 52 үйде орын алды. Жалын шыққан 9 қабаттағы 2 бөлемелі пәтер жартылай жанып кетті. Пәтердегі екі әйел мен бір жасқа толмаған бала өрт құшағында қалып қойған. Құтқарушылар барғанда, марқұмдар жан тапсырып үлгерген. Оқиға орынына дер кезінде жеткен өрт сөндірушілер жалынға оранған үйден 6 адамды құтқарып, 18 кісіні қауіпсіз жерге шығарды. Тілсіз жау тұтанған тоғыз қабатты мекен-жайда ТЖД-нің 32 қызметкері және аппаттық медицина орталығының бригадасының құрамы жұмылдырылды. Департамент мамандарының мәлімдеуінше, өрттің шығуына қаза тапқан жандар тұрған 311 пәтердегі жылу беретін электр пеші салдар болған.
Қайғылы оқиға орын алған күні облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Аймақ басшысы жазбасының соңында: «Қазіргідей балаларымыз үнемі үй жағдайында болған кезде, электр қондырғылары мен пештерді мүмкіндігінше абайлап пайдалануымыз ләзім. Осыған орай, барлық жауапты органдарға желілер мен қоғамдық орындардың қауіпсіздік шегіне қайталап тексеріс жүргізуін сұраймын» деп, өңір халқы мен жауапты органдарға үндеу жолдады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР