«Сыбағаның» субсидиясын сыпырып алыпты

Мариям МАҚСАТ

15.09.2020, 04:31

462

Бір-екі жыл бұрын «Ресейден герофорд тұқымды ірі қара әкелдік» деп, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы субсидия алған павлодарлық бірқатар шаруашылықтың шын мәнінде ешқандай мал сатып алмағаны белгілі болды. Енді қитұрқы әрекеттері әшкереленген алаяқтар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ет бағытындағы ірі қаралардың қатарын толықтыруға арналған «Сыбаға» бағдарламасының ақшасы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр. Жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауы былай тұрсын, қазынаға кім болса сол қол салып, бағдарламаға бөлінген қыруар қаражатты талан-таражға салатын болды. Павлодар облысындағы бірнеше шаруа қожалығы осындай айлаға барып, бюджеттің миллиондаған теңгесін қалтасына басты. Дәлірегін айтсақ, 2018-19 жылдар аралығында олар Ресейден герофорд тұқымды 1447 бас мал әкелді-мыс. Сол үшін үкімет оларға 233 миллион теңге субсидияны санап берді. Ал шын мәнінде шаруашылықтар көрші елден мал әкелмепті. Тек ресейлік құзырлы мекемелердің мөрін қолдан жасап, жалған құжаттар дайындап, біздегі мемлекеттік мекемелерге тапсыра салған екен.

Ал жергілікті шенеуніктер әр құжатты қайбір жақсылап тексереді дейсіз. Арада екі жыл өткен соң ғана Павлодар облысының прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті тексеріс жүргізіп, бюджеттік қаржының жымқырылғанын анықтаған. Сол кезде ғана іргедегі елге сұрау хаттар жіберіліп, Ресейдің жауапты органдары қазақстандық шаруашылықтарға мал сатылмағанын растапты. Қазіргі күні тергеу, тексеру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қай шаруашылықтың қанша қаражатты негізсіз алғаны құпия қалып отыр.

«Тергеу жұмыстары кезінде мөр мен техникалардың түр-түрі, ақша, бухгалтерлік және басқа да құжаттар тәркіленді. Қылмыс дәлелденген жағдайда күдіктілердің бар мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгінгі күні олар 96 миллион теңгені республикалық бюджетке қайтарды», – дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өкілдері.

 «Сыбаға» бағдарламасының биыл да жарылқап тұрғаны шамалы. Осы уақытқа дейін шетелден әкелінуі тиіс ет бағытындағы ірі қараның тек 10 пайызы облысқа жеткізілді. Атап айтқанда, жоспар бойынша 9051 сиыр сатып алу керек болса, бүгінде 1000-ға жуығы ғана алынды. Тіпті кейбір аудандардағы шаруашылықтар бірде-бір ірі қара әкелген жоқ. «Пандемия кесірінен жоспар орындалмай жатыр» дегенді алға тартқан атқамінерлер жыл соңына дейін қалған 8000 бас ірі қараны сырттан сатып аламыз деп, уәдені үйіп-төгіп жатыр. Жыл соңына дейін қалған екі-үш айдың ішінде оны қалай және қайдан әкелетіні белгісіз. Әлде осыдан бір-екі жыл бұрын амалын тауып, «Сыбағаның» субсидиясын сыпырып алған айлакер «әріптестері» сияқты жалған құжат жасап, есеп бермек пе? Бюджеттік қаржының мақсатты түрде пайдаланылуын қатаң қадағаламайынша, мұндай әрекеттер жалғаса беретін сыңайлы.

Тегтер: сыбаға бағдарлама субсидия дотация жоба бақылау қадағалау қаржы қаражат экономика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    13:30
  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    27.11.2020, 09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16